Назад
Ұлықбек Есдәулет

Ұлықбек Есдәулет (1954 ж.т.) – ақын. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылында туған.

«Көздеріңе ғашықпын» (1974), «Жұлдыз жарығы» (1977), «Алтайдың алтын тамыры» (1979), «Ұлыстың ұлы күні» (1982), «Ақ керуен» (1985), «Жаратылыс» (1989), «Жүректегі жарылыстар» (1995), «Перевалы Алтая» (1988), «Заманай» (1999), «Киіз кітап» (2001), «Ахиллесова пята» (2003), «Қара пима» (2006), «Ынтық зар» (2009), «Әбiлхаят» (естелiктерэсселер, 2009) кiтаптары, Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы (2006), Шығармалар жинағының 6 томдығы (2006-2009) жарық көрген. Бірқатар өлеңдеріне сазгерлер ән жазды.

Өлеңдері көптеген халықтар тілдеріне аударылған. Ұ.Есдәулет аударма саласында да өнiмдi еңбек етіп жүр. Ол үндi, түрiк, фин, африка, араб, украин, әзiрбайжан, қырғыз, моңғол, абхаз ақындарының жырларын, М.Лермонтов, А.Блок, Н.Рубцов шығармаларын қазақ тiлiне тәржiмалаған.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Құрмет» орденімен (2001), Ресейдiң Есенин алтын медалiмен (2007), Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығымен (2007) марапатталған.

«Ақ керуен» атты өлеңдер жинағы үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты (1986), «Киіз кітап» жинағы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2002) атанды.