ҚОШАҚАННЫҢ БІРІНШІ САПАРЫ

Орман іші:

Түс. Күн сәулесі ағаштардың бұтақтарынан сығалап тұр. Алакөлеңке. Құстардың әр тұстан сайраған үні. Ағаштарды аралай жүрген соқпақ жолмен мүйізіне сабан қалпақ киген кішкентай қошақан келе жатыр. Жан-жағына алақтай қарайды. Арқасына арқалап алған себет толы сабан қалпақтары бар. Әбден шаршаған. Әлсін-әлсін арқасындағы себеті сырғи береді де түзеп алады. Сонан соң жан-жағына қарап, алға жүреді. Кенет сол жақ тұстағы ағаштың бұтағының басынан қарға «қарқ» етеді. Қошақан селк етіп жан-жағына қарайды. Қарғаны көріп көңілі орнына түседі. Ағашқа жақындап келді.

Қошақан (сыпайы үнмен): Сәлем бердік, Қарға мырза!

Қарға төменге көз тастайды.

Қошақан (жалынышты үнмен): Ағасы, жол сілтеп жібер. Ауылға кетіп барамын.

Қарға (таңдана карайды): Жөні түзу бала екенсің. Әттең асығып барамын. Әйтпесе орманнан шығарып салар едім.

Қошақан (дауысын көтере): Жолыңыз болсын! Қадамыңыз ырзыққа толсын, – дейді.

Қарға (ұша беріп, қарк-қарқ етіп ескертеді): Рахмет айналайын. Әу, балақай, көкжалға кездесіп қалма. Сақ бол! (Қарға ойлана ұшып, біраз ұзап барып қайта оралып келеді). Қошақан, қорықпа, күні кеше қасқырлар үйірімен тау асып, жайлауға кетіп бара жатқан, көзіммен көрдім.

Қошақан (қуанып дауыстайды): Қамқорлығыңызға мың алғыс. Хош болыңыз.

(Қарға ұшып алыстап кетісімен, құйрығын ары-бері қозғаған сауысқан келіп, қарға ұшып жеткен бұтаққа қонады да қошақанның себетіне көз тастайды да, шықылықтап қоя береді.)

Қошақан (жалт қарайды да): Ала құйрық Сауысқан аға! Сәлем салдық. Қошақан басын иіп сәлем береді. (Сауысқан қозыға қулана қарайды). Сауысқан (құйрығын бұлғап): Сәлем алдық. Қайдан келесің, қошақан? Ойлана көз тастайды. Арқа дорбаң толы екен? Оның ненің жөні екен?

Қошақан (күледі): Ақын болып кеткенсің бе, Сауысқан аға?

Сауысқан (мақтана қарап, қоқиланып): Болсақ болармыз.

Қошақан (кеудесін көтеріп): Онда мен де сізге ұқсайын. Төбелеу жерге шығып дауысын түзеп, ақынға ұқсап: Күннің ашуы қиын, жүрміз  міне бырысып-тырысып. Басымнан күн өтті, мүйізім жүр қаңсып, Жан сауғалап, көлеңке қып, қалпақ алдым жұртпен таласып...

Сауысқан (Себеттегіні тамақ екен деп қалған, ренжіп селқос қана): Жөн екен, мына тірлігің. Шықылықтап сөзін жалғайды. Күз келіп қалды ғой, иә, иә. Қыстың қамын ойлағаны жөн екен. (Кекетеді).

Қошақан (маңырап қойып): Қысқа әлі біраз уақыт бар ғой, Сауысқан мырза! Анам тоныңның жүні қалың болады дейді. Келесі жылы күн тағы ысып берсе, қалпақ қажет қой.

(Сауысқан Қошақанды жақтырмай, ұшып кетеді.)

Қошақан (арқалаған себетін жерге қойып, көгалды көлеңкеге жата кетіп сәл демалады да, кенет ойына себеті түсіп, орнынан атып тұрып, себетке жетіп, қалпақтарды санайды. Ішіндегі үлкендеу біреуін алады. Сөйлеп жүр): Мынаны атам қошқарға беремін. Қуанып қалсын, алып керегін. Ал мынаны анам саулыққа беремін. Исініп берсін емшегін. Көршім ақ теке де қуансын, бастап жүр ғой мал басын. Шекесінен күн өтіп, ыстықтаған шығар. Шұнақ құлақ досым лақ ше? Сені неге ұмытайын. Ау, шібіш жеңгем қалып қоймасын, өкпелеп жүрер маңырап. (Күн түсіп тұрған себетті көлеңкеге қарай сүйретеді де күннің ыстығына ренжиді). Пау, мына дүние не болып кетті, өзі. Лапылдап жанған от қой, тегі. Әкем де, анам да мені ойлап маңырап жүр-ау, көлеңкесіз далада... Тез жетіп бастарына қалпағын тезірек кигізсем екен. (Аспанға қарап) Мына ыстық әлі басылар емес қой. Сәл демалайын, сонан соң, алға! (Жата кетеді, сөйткенше қоңыраудай сыңғырлаған бозторғайға көзі түсіп, дауыстайды. Көкте қалықтап ұшып жүр. Шырылдауын қояр емес).

Қошақан: Әй, кішкентай құс. Дауысың неткен мұңды еді?

Бозторғай (төменге көз тастап, ұшып Қошақанның тұсына жақындап келеді. Мүйізіне сабан қалпақ киген қошақанға таңдана қарап, күледі. Сонан соң сәл тоқтап): Жүрегің қандай жұмсақ еді, қымбаттым, көңілімді жұбаттың. Алғыстан басқа айтарым жоқ.

Қошақан (маңырап басып изеді): Бозторғай сұлу, мынау күн күйіп тұр ғой, күшін жерге көрсетіп...

Бозторғай (Қошананның үстін шыр көбелек айнала ұшып): Әлемдегі бар тіршілік ренжулі күнге. Анау жанға шипа мына қара орман болмаса қайтер ең?

Қошақан (мүйізін шайқап-шайқап жіберіп): Иә, қолдан келер дәрмен жоқ. Жанға сая, көпке пана орманға айтар алғысым шексіз.

Бозторғай (Шырылдап ап, Қошақанға бұрылды): Тіршіліктің ең шыдамдысы қой жануары – өзіңнің әкең мен шешең – Қошқар мен Саулық қой. Сен солардың төлісің. Шыдамдылық – бір керемет қасиет.

(Қошақан мақтанып басын сілкіп-сілкіп қояды).

Қошақан: Иә, иә! Бозторғай, сұлу әнші қыз, менің өзіңде бір бұйымтайым

бар.

Бозторғай (Қошақанның шын ниетімен мақтанғанына риза болады): Айта ғой, қошақаным!

Қошақан: Аспанға биік ұшып «дауыстап», желге айтшы мұңымды. Бұлттан көмек сұрашы, қара бұлтты жеткізіп, төбемізден нөсерін құйылтсын. Ел қуансын. Дауысымды естімейді ғой, күн сұлу. Сен жақынсың аспанға...

Бозторғай (басын изеп): Ақылыңа ризамын. Ұштым, аспанға...

Қошақан (ойланып, жан-жағына көз салып, ішінен): Әй, Қошақан батыр (өзіне) «жетпек болсаң, жет, кетпек болсаң кет» деп күңкілдейді. Себетін жауып, үлкен бәйтеректің түбіне келіп тағы жантаяды. Қошақан ойланып жатыр. «Қарғаның айтқаны жалған боп, бір көкжалы шыға келсе, тасадан. Аяқ қалды жүруден, не істеймін амал жоқ, өзіме де обал жоқ» деп күбірлейді.

Кенет әлдене тоқ-тоқ етеді де, Қошақан себеттің ығына жасырынды. Қасқыр көріне қоймайды. Оның үстіне бағамдаса дыбыс жерден емес, биіктен шығып жатыр. Әлдеқандай бір құс дыбыстың иесі сол екенін біледі.

Қошақан таңданып: Сәлем бердім, ағайын. Бұрын-соңды өзіңді көрмеппін. Қатты қорқыттың ғой.

Тоқылдақ («болғасын» ұрып қойып): Сені қорқытқан менің қызыметім ғой, Қошақан! Айып етпе!

Қошақан (орнынан тұрып тоқылдаққа  жақындап барып, биікке қарап таңданады да, ішінен күбірлейді): Ойпыр-ай, анам айтпақшы, бұл дүниеде көрмейтінің болса ше? Тұмсығымен-ақ, бүкіл орманды басына көтеріп тұр, –басын шайқап таңданды). Мына қызметіңіз қызық екен.

Тоқылдақ (төменге қарап): Несі қызық! Мен ағашты құрттан тазалап, емдеп жатырмын. Мені орман дәрігері дейді. Өзің құлағыңды тікші, мына орманға. Торғайлар шыр-шыр етіп балапанына дән іздеп жүр...

Қошақан (түсінбейді): Ал солай делік.

Тоқылдақ: Бөденелер бытпылдықтап бірін-бірі іздеп жатыр. Бірлік бар жерде тірлік бар.

Қошақан (құлағын тігіп): Ал мына сайрап жатқан Бұлбұл ма?

Тоқылдақ: Дәл таптың, Қошақан. Өзің зерек бала екенсің. Бұлбұл екеш, бұлбұл, мына орманды әнімен тербетіп, тіршілікті қуантып жатыр.      

Қошақан (әлде бір дауысқа құлағын тігіп, шошып: Ал мына бір дауысы қорқынышты не? Қасқырдың ұлығанына ұқсайды екен. Құлағыңды салшы, Тоқылдақ мырза! Мына жақтан әлде бір тіршілік әуп-әуп деп зәремді ұшырды ғой.

Тоқылдақ күледі: Қорықпа, Қошақан! Ол көл жакта, ұяласын іздеген Әупілдек деген құс қой. Өзі кіп-кішкентай болса да дауысы зор.

Қошақан (ішінен күбірлеп): О, ғажап! Бұл орманға кірсең, не бір ғажап дүниеге кездеседі екенсің. Дәрігері бар, әншісі, қарқылдайтыны, шықылықтайтыны бар. Анау көкте ұшқан бүркіт пе? Ол біз сияқты қошақаңдарды бүріп алып,;құздағы  ұясына апарып, жеп қояды екен ғой.

Тоқылдақ: Оның рас. Сақ болғаның жөн. Бірақ сенің көріп тұрғаның бүркіт емес, ұзын сирақ тырналар ғой. Тыраулап, жайлы жайылым іздеуде. Өзің бір қорқақ екенсің. («Менікі де қызық  болды-ау, жөн сұрамаймын ба?» деп ішінен күбірлеп) Ал Қошақан бұл орманда сен неғып жүрсің? Анаңнан адасып қалған жоқсың ба?

Қошақан (күледі): Мен бе? Мен қаладан базардан келемін. Қалпақ сатып алып, себетке салып ауылға бара жатырмын.

Тоқылдақ (таңданады): Оның саған қажеті қанша?

Қошақан: Еріккеннің ермегі емес. Тоқылдақ мырза! (мүйізін шайқайды). Бәрі мына ыстықтың кесірі. Күннің аптабы әкем Қошқарды, анам Саулықты, туған-туыс қандарымыздың терісін күйдіріп, мүйіздерін қаңсытып барады. Орман сияқты көлеңкесі жоқ, сары далада жайыламыз, соларды аяп, жолға шығып ем.

Тоқылдақ (риза болады): Бұл дүниеде сендей ақ жүрек, қамқоршылар көп болса ғой.

Қошақанның (ойына күдік кіреді. Жел соғып ағаштар шуылдап кетеді. Жан-жағына алақтай қарады): Мына орманда қасқырлар көп шығар, ә!

Тоқылдақ (түсіндіре сөйлейді): Бұл орман Қасекеңнің мекені емес пе? Қошақан (дірілдеп сала береді): Зәремді ұшырдың ғой, Тоқылдақ мырза! Тоқылдақ (Қошақанға мүсіркей қарап, аяп кетіп): Қорықпа, Қошақан. Бұл жерде мен бар емеспін бе? Иә, солай.

Қошақан (таңданып): Келіп қалса, қарсы тұрар қауқарыңыз бар ма? Сіз тіптен менен де кішкентайсыз ғой. Сенбей тұрмын.

Тоқылдақ (күледі): Менің «балғамның» дауысының қаһарлы шығатынын білмеуші ме едің. Міне, өзің құлағыңды салшы. Орман жаңғырып кеткен жоқ па? Мен тұрғанда қорықпа! Қасекең зәресі ұшып, маңына да жоламайды. Қошақан (қуанып): Иә, солай-ау. Әуелі мен де дірілдеп кеттім. Орман қалай

жаңғырығады, ә? Батырсың ғой, өзің Тоқа мырза!                                      

Тоқылдақ (сабырға көшіп): Жә, адамдарда «әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді» деген мақал бар. Байқауымша өзің шаршағансың, батыр. Үнің әрең шығады. Ана бәйтеректің көлеңкесіне қисайып көзіңді іліп ал. Мен оятып жіберемін.

Қошақан: Мың алғыс сізге, дәрігер мырза. Қасқыр жоламайды ғой, Бүркіт те мазаламайтын шығар... Шын        солай         ғой, ә?

Тоқылдақ (ренжіп): Әй, бала маған сенбейсің бе? Бұл маңға тірі тіршілік жақындамайды дедім ғой саған.

Қошақан аяңдай басып өзі тоқтаған бәйтеректің көлеңкесіне жетеді. Жан-жағына, себетіне көз тастап қойып, жата кетеді. Әбден шаршаған.

Нат. Орман іші. Әр тұстан сайрап, құстар шуылдаған бір сәт. Ағаш ішін аралаған самал жел. Белі бұраңдаған қайыңның да, томырық мінез еменнің де, бойы биік теректің де жапырақтары сыбдыр қағады. Құдды бір орман симфониясы орындалып жатқандай. Ту биікте шыр айналып тыраулаған тырналар. Қошақан қалғи бастайды. Анда-санда көзін ашып, жан-жағына алақтай қарап, сонан соң қайта қалғиды. Сөйтіп жатып ұйықтап кетеді. Басындағы сабан қалпағын да шешпейді. Осы бір сәтте балаларын ерткен ана Тиін Қошақанға қарайды. Мұны байқаған Тоқылдақ ағашты тоқылдатып белгі береді. Бірақ Қошақан ояна қоймайды.

Тоқылдақ (тиіндерге бұрылып): Тиін екеш тиін, жерлес. Халың қалай? Сәлем бердік.

Ана Тиін (биікке қарап мейірлене): Ә, бүкіл орман ағашы бас иетін орман дәрігері, сәлемет бол. (Тиін көлеңкеде ұйықтап жатқан Қозыға жақындап, кеп, таңданады. Тиін балалары да сескене көз тігіп, Қошақанды айналып шығады). Мына қонағың кім өзі? Терісі бұп-бұйра, мүйізі бар сүп-сүйкімді екен. Адасып жүрмесе не қылсын.

Тоқылдақ:   Сенің балаларың, менің балапаным сияқты қой екеш койдың

төлі ғой. Өзі бір инабатты екен. Қаладан базардан келеді. Арқалаған себеті бар. Баламысың деген. Әке-шешесін, туыс-бауырларына күннен қорғайтын шиқалпақ сатып алыпты. Бәріміздің баламыз Қошақан сияқты ата-анасына қамқор, инабатты болса, жер дүниенің бәрі жақсылық мекеніне айланып кетер еді. Иә, солай-ау.

Инт. Бұл екі ортада Тиіннің балалары, Қошақанның маңына топтасып, ұйықтап жатқан Қошақанға қарап, таң-тамаша боп қарап түрады.

1-  Тиін баласы (сыбырлай сөйлейді): Өзі сүп-сүйкімді екен. Терісі қандай бұйра. Өзіне жарасып тұр. Шіркін менің де терім осындай болса ғой.

2-  Тиін баласы: Мүйізі ирек-ирек. Басына киген қалпағын да тастамапты.

Өзіне жарасып тұр.

3-  Тиін баласы: Мен де киіп көрейінші (себетті ақтарып қалпақтарды алып шыққан тиін баласы, қалпақтың бірін алып шығып, басына киеді). Анам көріп маған ұрсып жүрмей ме?

1-  Тиін баласы: Саған керемет жарасып кетті. Нағыз сұлу жігітсің.

2-   Тиін баласы: Шын айтасың ба?

3-Тиін баласы: Маған да біреуін берші. (Ол да қалпақ киіп айналасына қарайды).

1-Тиін баласы: Түу, нағыз сұлу бикешсің. Қане, бәріміз киіп алайық. (Тиін балалары әп-сәтте қалпақтардың бәрін киіп алады да бір-біріне қарасады).

1-  Тиін баласы: Мына қалпақтың ішіне басым кіріп кетті. Айырбастайықшы.

2-  Тиін баласы: Неге айырбастаймын. Өзіме тұп-тура.

2-  Тиін баласы: Олай болса, тартып аламын (тұра қуады. Тиін баласы ағашқа қарғып шығып, бұтақтан бұтаққа секіріп, ту биікке шығып алады. Оны көрген тиін балалары да ағашқа шығады. Себет бос қалады. Енді бір сәтте бұтақтарды атракционға айналдырып, түрлі қимылдар жасап, ойнай бастайды).

1-  Тиін баласы өлең бастайды:

Қалпақ кидім дөңгелек,

Секіремін дөңгелеп.

2-  Тиін баласы:

Қалпағымыз қамыстан,

Жаралғанбыз намыстан.

3-  Тиін баласы:

Қошақаным мол қол ғой,

Жүргені ауыр жол ғой.

1-Тиін баласы:

Секірейік, ойналық,

Тәртіпті де ойлайық.

  1. Тиін баласы: Қошақаным ұйқышыл.

Шығып ұйқы-тұйқысы.

  1. 3.     Тиін баласы:

Қалпағымның кеңін-ай,

Олжамыздың тегіні-ай.

3-  Тиін баласы:

Қалпақ киген сұлумын

Әй, қошақан соны ұғын.

4-  Тиін баласы:

Өлеңді біз бастадық –

 Секіруді басталық

3-Тиін баласы:

Ал, қанеки ырғалдық,

Ойын ойлап жырғалдым.

Инт. Тиін балалары ағаш басында бұтақтан-бұтаққа секіріп ән айтып маңайды шуға бөлейді. Қошақан сәлден соң, көзін аша беріп селк ете қалады да орнынан тұрады. Сонан соң себетін іздейді. Жанына жетіп барып, себеттің бос екенін көреді. Жалма-жан басындағы өз қалпағын ұстаса орнында екен. Тиін балалары бұл кезде ың-шыңсыз, Қошақанды бақылайды. Ары-бері жүреді. Жылап жібере жаздайды. Осы кезде 1- Тиін баласы тілге келеді.

1-Тиін баласы: Ау Қошеке, сәлем бердік, биіктен.

Қошақан (ағаштың басына қарайды. Себеттегі қалпақты бастарына киіп алған тиін балалары ішек-сілесі қата мазақтап күледі): Шаршап келіп ұйықтап ем. Тонаушы емес, Тиінсің, түсінбей тұрмын сендерді. Бұл жасаған қай ісің?        

2-Тиін баласы:

Тапқан тапқандікі,

Ешкі баққандікі демеуші ме еді, адамдар.

Қошақан (ашуланады):

Бұл істерің құдай атқандікі,

Ар-ұятын сатқандікі.

Әйтпесе сен де төрт аяқтысың, мен де төртаяқтымын. Жаның ашыса, еңбекпен сатып алғанды алу, нағыз  шектен асқандыкі.

3-Тиін баласы:

Бәріміздің басымыздан күн өтуші еді,

Себет ұйықтап жатқандікі, бірақ олжа тапқандікі.

Қошақан (түсіндіре): Түсінсеңші айтқанымды, мен сияқты жол жүріп шаршасаң, білер ең, неге жатқанымды.

1-Тиін баласы: Мені қуып ұстап алсаң, қалпақ ұйықтап кұдай атқандікі.

Қошақан (ашуалана): Түсінбедік сөзіңді. Қой баласы момын. Даланың жуас жандары. Бірақ ағашта секірген емеспін, орманның ақымақ хайуаны.

2-Тиін баласы: Әй, ирекмүйіз тарт тіліңді,

Өзің ойла мініңді.

Біз көппіз,    

Қағып жібереміз жыныңды.

Қошақан (ойланып қалады). Тиін балалары көп екені белгілі. Анам «ақылмен  жүріп, жол тап» деп еді ғой... Сәл ойланып тұрады да, 1-Тиіннің баласына дауыстайды): Әй, бөспебай. Мықты болсаң жекпе-жек. Мүйізімді иіскеп көр. Жалғызға жабылу қорқақтың ісі.

1-Тиін баласы: Батыр екенсің, ертеңгі күні ұятқа қалмайсың ба?

Қошақан:

Қошқардың екі айтқаны өлгені,

Қорыққаны жанын бергені.

2-Тиін баласы:

Араша батыр араша,

 көнбесең, көріп жүрерсің тамаша.

Қошақан (ызаланып): Оны шайқас көрсетеді. Шырылдаған хайуан, кіп- кішкентай хайуан.

3-Тиін баласы: Мынау қайтеді-ей!

Айтқанына көндік,

шайқас болатынына сендік. (1-Тиінге бұрылып)

Білегің жуан еді, айқас қане!

Қошақан (қайрайды): Сенбесең несіне секіресің, астамсып.

1-Тиін баласы (мықтысып): Әбден ашуланды-ау, мына мүйізді батыр. Мен де қатардан қалмаспын, мынау не деп сөйлеп жатыр.

Қошақан (онан сайын қыздыра түседі): Олай-бұлай мертіксең, сораңды ағызып, анаңа айтып жүрме, келіссең.

Тиін баласы (шала бұлініп): Пах, Пах! Мынау кетті асқақтап. Бұл сөзіңді басқаға айт.

Қошақан (мүйізін көрсетіп қояды): Дәл қазір сөз емес іс керек. Түсіндің бе жекпе-жек.

Тиін баласы: Қорлығын-ай, мынаның. Қағып алшы мүйізін.

Қошақан (тиіндерге қарап алады да, секіріп-секіріп қойып, басындағы сабан қалпағын жерге лақтырып тастайды): О, Шопан ата пірім, қиратайық бәрін!

Намыстанған 1-Тиіннің баласы да басындағы қалпағын жерге лақтырады. Оны көріп қалғандары да жерге лақтырады. Қошқар қалпақтарды жинап алып себетіне салып, Тиін балаларына қарайды.

Қошақан: Әй, мырзалар! «Ашудан ақыл бұрын жүреді» деген бар. Осы естеріңде болсын! (деп себетін арқалап жолға шығады да, әндетіп кете барады. Әндетіп қойып):

Қошақан-ау, қошақан,

Жейтінің көп ошаған.

Ақыл деген қазына,

Осыны ұқшы басқалар.

(Тиін балалары бәйтеректің бұтағына мінген күйі ақтарылып қарап қалады.)

Ана Тиін: (бағанадан бері оқиғаны бақылап тұрған күйі): Әй, балаларым-ай! Көрдіңдер ме, Қошақанның тірлігін, ақылы көп, ірілігін. Ол дұрыс айтты. Ақылды жеңеді, ақылсыз көнеді.

(Соңы)