Т Ө Б Е Л Е С (Бүгінгі ертегі)

Қатысушылар:

Қозы

Лақ

Түлкішек

Бөлтірік

Режиссер

Бірінші бала

Екінші бала  

 

1.

 

Ашық сахна ойын көрсетуге әзір. Сахнада көк шалғыны жайқалған шұрайлы тоғай әдемі көрініс тапқан. Құстардың тамылжыта сайраған дауыстары естіледі. Нәзік музыка... Спектакль алдындағы соңғы дайындықты тексеріп жүрген Режиссер сахнаға жүгіре шығады. Жан-жағына жіті көз тастап, бәрін және бір-бір барлап шығады.

 

Режиссер (сахнаның сыртындағы әртістерге мойнын созып). Қалай, дайынсыңдар ма?! (Арғы жақтан: «Дайынбыз! Дайынбыз!» – деген дауыстар естіледі).

Режиссер (жарық берушіге бұрылып). Сен ше, дайынсың ба?! (Жарық беруші шамды өшіріп-жағып, өзінің дайын екенін білдіреді).

Режиссер (қолын сілтеп қалып). Ендеше бастайық!

 

Жарық сөнеді. Ойнақы музыка... Кенет сыртқы есікті жұлқи ашып, ішке Бірінші бала кіреді.

 

Бірінші бала (айқай салып). Ағай, сәл тұра тұрыңызшы!

Режиссер. Стоп!

 

Музыка кілт тоқтайды. Жарық жанады. Бала жүгірген бойда алдыңғы қатарға өтеді.

Режиссер (балаға). Ау, не боп қалды, сонша айқайлап?!

Бірінші бала. Ағай, мен орныма отырып алайыншы!

Режиссер (ашуланып). Ну, кәззап-п! Сонда-а... сен орныңа отырып алғанша, мен спектакльді тоқтатып қоюым керек екен ғой?!

Бірінші бала. Енді-і... мен ақша төлеп, билет сатып алдым емес пе?!

Режиссер. Билет алсаң, кешікпей келуің керек еді!

Екінші бала (сөзге араласып). Ағай, ол ұйықтап қалған ғой! Біздің «келібас» ұйқыны жақсы көреді!

Бірінші бала (Екінші баланың қасына жетіп барып). Ей, саған кім сөз берді?!

Екінші бала (қитығып). Ал мен неге біреудің сөз бергенін күтуім керек?! Ауыз өзімдікі, сөйлегім келді, сөйледім!

Бірінші бала (ерегесіп). Ендеше мен де сөйлеймін!

Екінші бала (доқ көрсете). Тек байқа, артынан өкініп жүрме!

Бірінші бала (ернін шүйіріп). Туһ, қорқытқан түрін-ай! (Сахнаға атып шығады). Балалар, біздің «шүйкебас» бар ғой!..

Екінші бала (сахнаға жарыса шығып). Әй-әй, кәне, қысқарт тіліңді!

Бірінші бала (шаптығып). Қысқартпаймын-н!

Екінші бала (тұра ұмтылып). Ендеше мен қысқартып беремін!

Бірінші бала (тістеніп). Сен де қысқарта алмайсың!

Екінші бала (тап береді). Қысқартамын-н!

 

Екі бала төбелесе кетеді. Музыка. Екінші баланың боксқа бейімділігі байқалып тұрады. Ұрған соққылары да діттеген жеріне дөп-дөп тиеді... Сасқалақтаған Режиссер жүгіріп жүріп, екеуін ажырата бастайды. Залдың іші у-шу...

 

Режиссер (қатты абыржып). Балалар, мынау ұят болды ғой! Мыналарды тезірек ажыратсаңдаршы!

Режиссер қолын бұлғап, залдағы көрермендерді көмекке шақырады. Бес-алты бала сахнаға жүгіре шығып, төбелесіп жатқан екі баланы ажыратады. Олар екеуін қапсыра құшақтап, сахнадан түсіп кетеді.

Режиссер (маңдай терін сүріп). Балалар, кешіріңдер, күтпеген жерден әлгі сахна сыртындағы «сахна» киіп кетіп, біраз уақытымызды алды ғой! Қазір енді негізгі спектакльді көресіңдер! (Кері бұрылып, қолын сілтеп қалады). Ал, бастаңдар-р!

Музыка. Сахнаға секектей жүгіріп, Лақ шығады. Қолында үлкен себет. Әлсін-әлсін қалт тоқтай қалып, мойнын соза жан-жағына қарайды.

 

Лақ. Маған табыл! Маған табыл! Маған табыл, қозықұйрық! (Еңкейіп, шөптің арасынан саңырауқұлақ іздейді).

Сахнаға Лаққа ілесе Қозы шығады. Қолында кішкентай себет.

Қозы. Маған табыл! Маған табыл, қозықұйрық! (Еңкейіп, шөптің арасынан саңырауқұлақ іздейді).

Лақ (артына бұрылып). Әй, Қозы, қаншауын таптың?!

Қозы. Әлі ештеңе таппадым! (Кенет жерге отыра кетеді). Жо-жоқ, таптым! Таптым-м! (Өсіп тұрған қозықұйрықтарды үзіп алып, біртіндеп себетіне сала бастайды). Бір-р!.. Екі-і!.. Үш-ш!..

 

Лақ Қозының қасына жетіп барады. Оның себетіндегі қозықұйрықтарды көріп, көзі жайнап кетеді.          

Лақ (қуана қолын шапалақтап). Охо! Қандай керемет қозықұйрық!

Қозы. Иә, өзі аппақ, өзі үп-үлкен! (Қозы анадай жерге жүгіріп барып, тағы да отыра кетеді). Алақай, және таптым! Міне, төрт-т!.. Міне, бес-с!

Лақ (тыпыршып). С-сен не, бәрін өзің ала бересің бе?!

Қозы (сасқалақтап). Енді... мен таптым емес пе...

Лақ (жақтырмай). Ал сонда сеніңше, мен ештеңе таппасам, үйге бос қайтуым керек пе?!

Қозы (абдырап). Жарайды, онда... екеуміз бөліп алайық!

Лақ (жымыңдап). Әп-бәрекелді, мұның енді жөн-ақ!

 

Қозы себетіндегі қозықұйрықтарды жерге төгіп тастап, бөлуге кіріседі.

Қозы (қозықұйрықтың біреуін алып, Лаққа ұсынады). Мінеки, мынау саған!

Лақ (көңілденіп). Өте дұрыс-с! (Қозықұйрықты лып еткізіп себетіне салып алады).

Қозы (екінші қозықұйрықты қолына алып). Ал мынау маған!

Лақ. Дұрыс!

Қозы (үшінші қозықұйрықты және Лаққа ұсынып). Ал мынау тағы да саған!

Лақ (одан сайын жадырап). Охо-о! Өте дұрыс-с! (Қозықұйрықты дереу себетіне салып алады).

Қозы (төртінші қозықұйрықты қолына алып). Ал мынау маған!

Лақ. Дұрыс...

Қозы (бесінші қозықұйрықты жоғары көтеріп, сәл ойланып қалады). А-а... мынау-у... М-м-мынау м-маған...

Лақ (шыр етіп). А, неге саған?!

Қозы. Өйткені қозқұйрықтарды мен таптым ғой!..

Лақ. Сен тапсаң қайтейін, сол үшін біреуін артық алуың керек пе екен?!

Қозы. Енді ше...

Лақ (едірейіп). Жоқ, мен бұған келіспеймін!

Қозы. Ал сонда сеніңше не істеуіміз керек?!

Лақ ( тақ етіп). Бұны мен алуым керек!

Қозы (таңырқап). А-а, неге сен?!

Лақ (сұқ саусағын маңғаздана жоғары көтеріп). Өйткені қозықұйрық теруге шығу туралы ұсыныс жасаған мен!

Қозы. Ұсыныс жасасаң ше, сол үшін біреуін артық алуың керек пе екен?!

Лақ. Әлбетте, өйткені мен ұсыныс жасамағанда, екеуміз бүгін қозқұйрық теруге шықпаған болар едік! Яғни, мына қозықұйрықтарды тек түсімізде көрер едік қой! Сондықтан бесінші қозықұйрықты мен алуым керек!

Қозы. Жо-жоқ, бұл әділдікке жатпайды!

Лақ. Әй, мен сенің әділ-сәділіңді білмеймін! Қысқасы, мына қозықұйрық менікі! (Қозының қолындағы қозықұйрықты бас салады).

Екеуі тайталаса кетеді. Музыка. Бірте-бірте тайталастың арты төбелеске айналады. Сарт-сұрт... сарт-сұрт... Лақ басымдық танытып, Қозыны қатты тоқпақтап тастайды... Сахнаға Режиссер жүгіріп шығады.

Режиссер (екеуін шыр айнала жүгіріп). Әй-әй! Мыналар қайтеді-ей! Сендер не спектакельдегі кейіпкерлердің рөлін сахнада ойнап жүргендеріңді ұмытып кеттіңдер ме?! Тіпті шындап төбелесіп жатырсыңдар ғой!

Төбелес асқына түседі. Лақ пен Қозыны ажыратып, әбден титықтаған Режиссер авансценаға атып шығады.

Режиссер (ырс-ырс ентігіп). Балалар, маған көмектеспесеңдер, мен мыналарды ажырата алар емеспін!

Бір топ бала жапа-тармағай сахнаға көтеріледі. Сол кезде Қозы әрең сытылып шығып, залға қарай қаша жөнеледі. Музыка. Лақ оның соңынан тұра қуады. Залдың іші опыр-топыр. Орындарынан тұрып кеткен балалар Қозыға жақтасып, Лақтың жолын бөгейді...

 

 

2.

 

Жарық сөнеді. Авансценаға Режиссер шығады.

Режиссер (қолайсызданып). Балалар, әлгінде біздің әртістеріміз қызды-қыздымен байқамай төбелестің «қызығына» беріліп кетіпті! Сол үшін өздеріңнен тағы да кешірім өтінеміз! (Пауза. Басын иіп, оң қолын кеудесіне қояды). Ал енді спектакльдің жалғасын әрмен қарай тамашалаңдар! (Кері бұрылып, қолын сілтеп қалады). Бастаңдар-р!

Музыка. Сахнаға ақсаңдай басып, Лақ шығады. Қолында үлкен себет. Арагідік тоқтай қалып, себетінің ішіне үңіледі де басын шайқап қояды.

 

Лақ (тыжырынып). Аз-з! Тым аз! Бар-жоғы екі қозықұйрық, бұған қалай тоямын!..

Мұңлы музыка. Басы салбыраған Лақ інінің аузында күнге қыздырына айнаға қарап, сәнденіп отырған Түлкішекке тап болады.

Түлкішек (қылмың қағып). Ау, достым, басың салбырап, аяғың ақсаңдап, саған не болған?!

Лақ (көңілсіз). Е-е, оның несін сұрайсың... Қозы екеуміз бүгін...

 

Музыка. Лақ «қозықұйрық» оқиғасын баяндай жөнеледі... Оның даусы естілмейді, бәрін қимыл-ишарамен көрсетеді. Түлкішек әлсін-әлсін басын шұлғып, әңгімешіні құлшына қуаттап қояды. Кенет оның көзі Лақтың мойнындағы алтын алқаға түседі. Сол-ақ екен орнынан ұшып тұрған Түлкішек Лақты шыр айналып, желімдей жабыса кетеді... Әңгіме аяқталады.

Түлкішек (күрсініп). Ах-х, қандай оңбағандық! Тиесілі үлесінен айырып, аяғын ақсатып!.. Иә-иә, ол Қозыдан бәрін күтуге болады!.. (Пауза. Лақтың мойнындағы алқасын қайта-қайта сипалап, сипаған сайын көздері жайнай түседі). Бірақ сен еш уайымдама, мен сені қозықұйрықтың мол жеріне ертіп апарамын!

Лақ (елеңдеп). Рас па, Түлкішек?!

Түлкішек. Рас-с! Рас болғанда қандай, мына үлкен себетіңді қозықұйрыққа лық толтырып қайтасың!

Лақ (елпілдеп). Ендеше не тұрыс, тезірек сонда барайық та?!

Түлкішек. Жә, сен тым асықпа... Ең алдымен екеуміз тамақтанып алайық. Сондықтан сен қазір жүгіріп барып, анау құдықтан су әкеле ғой, мен тездетіп шай қайнатып жіберейін... (Інінен екі шелек пен иін ағаш алып шығады да, Лақтың иығына іліп жатып, көз ілеспес ептілікпен оның мойнындағы алқасын шешіп алады). Ал, кәне, енді бара ғой!

 

Лақ кетеді. Музыка. Түлкішек алтын алқаны мойнына өлшеп, қайта-қайта айнаға қарайды. Көңілі тасып, ән айтады. Кенет шелектерін салдырата  Лақ жетіп келеді.

Лақ (көздері алақтап). М-мен алтын алқамды ж-жоғалттым!..

Түлкішек (қолындағы алқаны қалтасына тығып жіберіп). Апырай, алтын алқамды дейсің бе?! Мүмкін су алып жатып, құдыққа түсіріп алған шығарсың?!

Лақ. Жо-жоқ, мен құдыққа жетпей-ақ, жолда мойнымдағы алтын алқамның жоқ екенін көріп, кері оралдым ғой!

Түлкішек. Онда суға кетіп бара жатқанда жолда жоғалтып алған шығарсың?!

Лақ. Жо-о-қ, жолдың бойын түгел қарадым... Бірақ алқам табылмады...

Түлкішек (екі қолын жайып). О-онда б-білмедім...

 

Түлкішекке сезіктене қараған Лақ оны жанарымен тіміскілей шыр айналып шығады. Сосын және айналады... Сосын және...

Түлкішек (байбалам салып). Әй-әй, сенің бұның не?! Сен осы-ы... Сен осы... менен көріп тұрған жоқсың ба?!

Лақ (күдіктене). Ал егер... сенен көрсем ше...

Түлкішек (ат-тонын ала қашып). Өй, жаппа бәлеңді! Аулақ, менен аулақ!

Лақ (батылданып). Ей, Түлкішек, сенің мына байбаламың «Сезікті – секіреді» дегеннің кері емес пе?!

Түлкішек. Атама-а! Аулақ жүр менен! Қараптан-қарап «ұрлықшы» атандырмақшы екенсің ғой!

Лақ. А-а, егер осының анық-қанығын анау балалардан сұрасам ше?! (Залға бұрылады).

Түлкішек (шыбжыңдап). Сұра-а! С-сұра...

 

Лақ сахнадан секіріп түседі де, залда отырған балаларды аралап, сұрай бастайды. Музыка. Түлкішек тыпыршып, сахнаны арлы-берлі кезіп жүреді. Біраздан соң Лақ сахнаға қайта көтеріледі.

Түлкішек. Қалай, сұрадың ба?

Лақ. Сұрадым-м! Алтын алқаны сен ұрлап алыпсың!

Түлкішек (бақырып жібереді). Өтірік-к! Олар өтірік айтады!

 

Бірінші қатарда отырған Бірінші бала орнынан атып тұрады.

Бірінші бала (қатты айқайлап). Әй, Түлкішек, бізге жала жаппа! Алтын алқаны сенің ұрлап алғаныңды біз бәріміз көрдік қой!

Екінші бала (қосыла айқайлап). Иә, алтын алқаны Түлкішек ұрлады!

 

Ол екеуін басқа балалар да қостай жөнеледі. «Түлкішек ұрлады! Түлкішек ұрлады!» Балалардың даусын арқаланған Лақ Түлкішекке тап береді. Музыка. Төбелес. Сарт-сұрт, сарт-сұрт... Біртіндеп төбелес қыза түседі. Кенет Түлкішек қатты шыңғырып жібереді...  Шошып кеткен Бірінші бала сахнаға атып шығады.

Бірінші бала (айқай салып). Ағай-й! Режиссер ағай, мыналарды ажыратайық та?!

Режиссер. Жоқ! Қажет емес!

Режиссер Бірінші баланы қолынан жетелеп, шетке әкетеді. Сол кезде сахнаға Екінші бала атып шығады.

Екінші бала (дүрліктіре). Ағай, олар шындап төбелесіп жатыр ғой, тезірек ажыратайық та!

Режиссер. Жо-жоқ, еш тиіспеңдер! Қайта, сценарий бойынша оқиға енді ғана шарықтау шегіне жетті! (Төбелесіп жатқандарды одан сайын қоздыра түседі). Қаттырақ, қаттырақ қимылдаңдар!

Режиссер екі баланы қолдарынан жетелеп, сахнадан түсіп кетеді. Музыка. Төбелес тіпті қызады. Бір кезде жалп етіп жерге құлаған  Түлкішектің қалтасынан алтын алқа сусып түседі. Көздері жайнап кеткен Лақ алқаны іліп алады.

Лақ. Ах-х, ұрлықшы, ақыры масқара болдың ғой! Міне, менің алтын алқам, сенің қалтаңнан түсті! (Жерде жатқан Түлкішектің басынан аттап өтеді де, қолына ұстаған алқасын  бұлғақтатып, жүгіре жөнеледі).

Түлкішек (басын әрең көтере тістеніп). Қап, сені ме, Лақ!..

 

 

3.

 

Сахна төрінде керілген арқандар рингтің нобайына келеді. Авансценада  Бөлтірік әртүрлі спорт жаттығуларын жасап жүреді. Музыка. Бір кезде  Бөлтірік бокс қолғабын киіп, жоғарыдан салбырап тұрған былғары қапшықты соққылай бастайды. Сарт-сұрт, сарт-сұрт...

Бөлтірік (маңдай терін сүртіп). Бокс деген керемет өнер ғой! Ғажап, тіпті ғажа-а-п! (Арлы-берлі ойқастап жүреді. Кенет сахнадан секіріп түсіп, залдағы балаларға жақындайды). Айтпақшы, сендердің іштеріңде бокспен айналысатындар, боксты жақсы көретіндер бар ма?! (Қайсыбір балалардың қасына барып, жеке-жеке сұрастыра бастайды). Иә, бар екен! Бар болғаны жақсы! Көресіңдер, кейін сендердің іштеріңнен Әлем чемпионы шығады! Тек естеріңде болсын, боксты төбелес үшін үйренбеңдер! (Қайтадан сахнаға көтеріледі). Ал енді қайсың менімен күш сынасқың келеді?! (Зал тым-тырыс. Кенет Екінші бала орнына атып тұрады).

Екінші бала. Ме-е-н!

Бөлтірік. Бәрекелді-і! Бокс дегенің осындай жүрегінің түгі бар балаларға қонады! Қане, мында келе ғой!

 

Екінші бала сахнаға көтеріледі. Бөлтірік оған бокс қолғабын кигізеді. Екеуі рингтің ортасына өтеді. Гонг-г! Бокс басталады. Музыка. Сарт-сұрт, сарт-сұрт...

Бөлтірік (Екінші баланы құшақтап). Жарайсың-ң! Келешекте сенен керемет боксшы шығады! Тек боксты төбелеске пайдаланба! Егер боксты төбелеске пайдалансаң, бокс сені тастап кетеді! Саған қонбайды!

Екінші бала (күмілжіп). Мен мана байқамай... осында төбелесіп қалып едім...

Бөлтірік. Қап, өте өкінішті!

Екінші бала. Бірақ мен енді бұдан былай төбелеспеймін! (Алға қарай адымдай аттап,  залға бұрылады). Балалар, шын айтамын, мен бұдан былай ешқашан төбелеспейтін боламын!

Бөлтірік (залға). Балалар, оның сөзіне сенеміз бе?!

 

Залдан «Сенеміз-з! Сенеміз-з!» деген дауыстар естіледі. Сахнаға Бірінші бала көтеріліп, екеуі қол алысып, құшақтасады. Музыка. Екі бала құшақтасқан күйде сахнадан түсіп кетеді. Бөлтірік бокс қолғабын киіп, қайтадан былғары қапшықты төмпештеуге кіріседі. Сахнаға  бір қолын ақ бинтпен байлап, иығына асып алған Түлкішек шығады. Ол Бөлтіріктің қасына барады да, құлағына ұзақ сыбырлайды...

Бөлтірік (түсі бұзыла түтігіп). Қ-қалайша?! Қалай ғана аузы барып айтқан?! Мына мені, Орман чемионын, «жеңемін» деуге қалайша батылы жеткен?!

Түлкішек. Иә-иә, бұған мен де аң-таңмын! Бірақ айтылды, мен өз құлағыммен естідім!

Бөлтірік. Лақтың өз аузынан естідің бе?!

Түлкішек. Иә-ә, Лақтың өз аузынан-н...

Бөлтірік (ашуға мініп). Ендеше өз обалы өзіне! Мен шибұт Лақтың быт-шытын шығарамын!

Музыка. Бөлтірік былғары қапшықты өршелене соққылай бастайды. Сахнаға ақсаңдай басып, Лақ шығады. Қолында үлкен себеті. Бөлтірік оның жолын бөгейді.

Бөлтірік (мысқылдай). Иә, жол болсын, мықтымсыған Лақ мырза?!

Лақ (таңырқай). Түсінбедім, Бөлтірік, ашуланып тұрғаннан саусың ба?!

Бөлтірік. Менің көңіл-күйімде нең бар, одан да жылдам мына қолғапты ки! (Ай-шайға қарамай бокс қолғабын Лақтың қолына кигізеді). Міне, енді дұрыс болды! Қане, кеттік! (Лақты итермелеп  рингтің ортасына түсіреді). Ал енді асып-тасыған күшіңді көрсет, көрейін!

Бөлтірік жұдырықтасуды бірден бастап жібереді. Музыка. Лақ қопал қимылдап, шегіншектей береді. Бөлтірік үстін-үстін бастырмалатып, Лақты рингтың бұрышына тығып тастайды. Сарт-сұрт, сарт-сұрт... Лақ басын ішіне тығып, бүгжиеді де қалады...

Бөлтірік. Аһа, қалай екен?! (Онсыз да шайқалақтап, әзер тұрған Лақты иектің астынан бір ұрып, шалқасынан түсіреді. Сосын үстіне төніп, санай жөнеледі). Бір... екі... үш... (Пауза). Сегіз... тоғыз... он... Нокаут-т!

Музыка. Бөлтірік Лақтың басынан аттап өтеді де, алшаң басып шығып кетеді. Лақтың қасына сылаң қағып Түлкішек келеді. Лақтың ыңырсыған даусы естіледі...

Түлкішек (мысқылдай). Ал, достым, біреудің қолын сындырғанның қарымтасы қалай екен?! Хи-хи-хи-и! (Жерде жатқан үлкен себетті Лақтың басына төңкеріп, кетіп қалады).

Лақ (ыңырана маңырап). Мә-ә, кім бар... көмектесіңдерші-і... Мә-ә...

Кішкентай себетін қозықұйрыққа толтыра көтеріп, сол маңнан өтіп бара жатқан Қозы дауысты естіп, жалт қарайды. Ауыр хал үстінде жатқан Лақты көрген ол жүгіріп қасына барады. Басын сүйеп, түрегеліп отыруына көмектеседі.     

Қозы (жаны ашып). Лақ-ау, саған не болған? Мынадай күйге қалай түсіп жүрсің?..

Лақ (әзер сөйлеп). Кешір, Қозы, кеше мен саған әділетсіздік жасаппын... Енді міне, бүгін сол өзімнің басыма түсті...

Қозы. Лақ-ау, сен... сен не туралы айтып кеттің?!

Лақ. Кешегі қозықұйрық туралы... Мен бесінші қозықұйрықты зорлықпен өзіме алмақ болдым ғой... Қозы, сол үшін кешір мені...

Қозы. Ой, мен ол туралы әлдеқашан ұмытып та кеткенмін! Тіпті бар ғой, мына қозықұйрықтардың бәрін саған сыйлайын, сен ала ғой! (Себет толы қозықұйрығын Лаққа ұсынады).

Лақ. Рақмет, Қозы, сен өте мейрімді екенсің! (Қозықұйрықтың біреуін қолына алып, құшырлана иіскейді). Тек мен бәрін алмаймын, маған бір-екеуі жетеді! Қалғанын өзің ала бер, өйткені терген еңбек сенікі ғой!

Қозы. Жарайды, қалауың білсін... Дегенмен де мен қозықұйрықтың қалың  өсетін жерін тауып алдым, ертең сені сонда ертіп апарамын!

Лақ. Үлкен рақымет, мен қуана-қуана барамын! Тек ертеңге дейін жазылып кетсем екен... (Басын ауырсына шайқап-шайқап қояды).

Қозы (Лақтың басын аялай сипап). Басың ауырып тұр ма?

Лақ. Иә-ә... басым солқ-солқ етеді... Әсте, қатты соққы есеңгіретіп тастаған-ау...

Қозы. Апырай, ә, біреу сені ұрды ма сонда?!

Сахнаға екпіндей атып шыққан Бөлтірік олардың қастарына жетіп барып, екі бүйірін таяна талтайып тұра қалады.

Бөлтірік (жерге шырт түкіріп). Мен! Мен оны ұрған!

Қозы (таңырқай). Не үшін?!

Бөлтірік. Менің сыртынан сөз айтып, бөспеу үшін!

Лақ (түкке түсінбей). Сенің сыртынан сөз айтып дейсің бе?! Сонда мен не деппін?!

Бөлтірік. Орман чемпионы – мына мені бокстан жеңемін депсің ғой!

Лақ. Жо-жоқ, ондай сөз менің аузымнан ешқашан шыққан емес!

Бөлтірік. Ал Түлкішек, сені осылай деп мақтанды деді!

Лақ. Жоқ, мұнысы шылғи өтірік!

Бөлтірік. Сонда Түлкішек өтірік айтқаны ма?!

Лақ. Әрине, өтірік! (Пауза). Кеше мен оның ұрлығын әшкерелеген болатынмын! Міне, соған ерегескен ол менен өш алу үшін екеумізді шағыстырған ғой!

Бөлтірік (ашуға мініп). Ах-х, солай де! Ендеше мен қазір Түлкішекті тауып алып, оның өтірік айтқан аузын опырып тастаймын! (Бокс қолғабын киіп, арлы-берлі шарқ ұрып, долдана айқайлайды). Түлкішек! Түлкішек, қайдасың, қане, тез бері шық!

Бөлтіріктің айқайынан зәресі қалмаған Түлкішек бір жалт етеді де, залға қарай зыта жөнеледі. Музыка. Оны байқап қалған Бөлтірік «Тоқта! Жаныңның барында тоқта!» – деп айқай салады. Бөлтірік пен Қозы оның соңынан тұра ұмтылады.

Бөлтірік (залдағы балаларға). Балалар, анау Түлкішекті ұстаңдар! Тезірек ұстаңдар!

Музыка. Балалар Түлкішектің алдынан жүгіре шығады. Бірақ әккі Түлкішек бұлт-бұлт етіп, ұстатпай кетеді...

Бөлтірік (өкініп). Ех-х, ұстатпай кетті! Ұстатпады-ы... (Еңсесі түсіп, сахнаға көтеріледі). Балалар, өтірікші, залым Түлкішекті ұстай алмай қалдық, құтылып кетті! Ол енді бостандықта-а... Байқаңдар, бізді, Лақ екеумізді, шағыстырғандай сендерді де бір-біріңе айдап салып, төбелестіріп жүрмесін! Өте сақ болыңдар! (Әлі де басын ауырсына ыңырсып отырған Лақтың қасына барады). Кешір, Лақ, мен сені жазықсыздан-жазықсыз соққыға жығыппын! Бәрі қызбалықтың кесірі ғой... Өтірік сөзге иланып, опық жедім... (Пауза). Мен енді боксты тастаймын... (Ерні кемсеңдеп, көзіне жас алады). Бүгін үлкен өнердегі жолым кесілді... Өйткені мен антымды бұздым... Қасиетті күш өнеріне сатқындық жасап, боксты төбелеске айналдырдым... Жұртқа ақыл айтқанмен, соны өзім орындамадым... Сондықтан ендігі жерде жұрт көзіме шұқымау үшін, бокспен қоштасамын... (Пауза). Ал Орман чемпионы атағына қол жеткізген мына былғары қолғабымды саған сыйлаймын! (Сахнадан төмен түсіп, Екінші баланың қолына өзінің бокс қолғабын кигізеді). Боксқа адал бол, достым! Бокс – төбелес емес екенін есіңде сақта! Келешекте сенің Әлем чемпионы болатыныңа бек сенемін! Жолың болсын! (Құшақтап, бетінен сүйеді).

Музыка. Екінші бала екі қолын жоғары көтереді. Ду қол шапалақ. Бөлтірік қайтадан сахнаға шығып, ыңырсыған Лақтың қасына барады да, оны жерден көтеріп, арқалаған күйі шығып кетеді. Оларға қозықұйрық толы себетін көтерген Қозы ілеседі...