БІЛГІШ ТОРҒАЙ

Сағына күткен жыл құстары туған жерге оралып жатты. Күннің көзі жадырап, жердің жүзі құлпырып, қызыл гүлге толды.

Бір кішкентай ғана сұр торғай талдың басына ұя салды. Шиқ-шиқ етіп шиқылдап, алаңсыз өмір сүріп жатты. Бір күні шымшық тоқтаусыз шиқылдап, безектеп, тыным таппады. Бұтақтан-бұтаққа ауысып үлкен жапырақты тұмсығымен қиып, ұясын  бүркеді. Ту сыртынан бақылап, інінің аузында күнге қыздырынып жатқан кірпі білгісі келіп:

–Көрші саған не болды? Мазасызданып кеттің ғой,–деді жаны аурып.

–Қазір жаңбыр жауады. Балапандарымды үсті су болмасын деп, қорғаштап жатырмын,– деді асығыс.

–Оны қайдан білдің? Аспан ашық, бір шөкім бұлт жоқ,–дейді таңырқап.

–Ұшып бара жатып бір тауықтың аяғын бауырына басып тұрғанын көзім шалып қалды. Демек, жаңбыр жауады дегеннің белгісі.

Кірпі ініне кіріп, жатып алды. Шамалы уақыт өткен соң ауа райы бұзылып, жаңбыр жауды. Торғайдың айтқаны дәл келді.

Кірпі інінде жатып, ертеңгі ауа райы қалай болатынын сұр торғайдан сұрап білуге асықты.