ТАУЫҚ ПЕН МЫСЫҚ

Қара тауық қыт-қыттап қораға кірді. Сары үрпек балапандары қасында томпаңдап жүгіріп жүр. Өздері тіп-титтәй. Сүп-сүйкімді. Жарық дүниеге келіп, айналамен танысып, асыр салып жүргендеріне мәз. Алаңсыз, қамсыз. Бірін-бірі қуып, бірін-бірі басып озады. Оған енесінің шыр-пыры шығады. Қасынан ұзап кеткендерін қайырмалап, бауырына жинайды. Шашау шығармай, маңында ұстағысы келеді. Сояудай өткір тырнақтарын қиға батырып, табан астын осып-осып өтеді. Болат тұмсығымен аяқ астын қопсытып, құрт-құмырсқа, арпа-бидай қалдығын топырақ бетіне шығарады. Балапандар оған жапа-тармағай бас қояды. Үлкен олжа тапқандары жемін тістеп алып, тұра қашады. Өзгелері ілесе қуады. Құдды тәттіге таласқан балалар тәрізді.

Енесінің қасында жүрген балапандарды кешелі бері ала мысық та аңдып жүрген. Бүгін де алыстан бағуда. Көздері оттай жанып, оқтын-оқтын мұртын жалап, жұтынып қояды. Орайы келсе, біреуін қағып түсіп, шайнамай жұтпақ. Балбыраған жас ет асқазанына майдай жағады ғой, сүйек мүжіп те әуре болмас еді. Тек ана қанатын күжірейтіп алып қыт-қыттаған болат тұмсық, қызыл көз пәледен қаймығады. Бұл ұрлығын сезіп қалса, үй иесінің аямайтыны да белгілі. Жылы сүттен қағылып қана қоймай, қоймаға қамап, күні бойы тышқан аңдытады. Сондықтан да сақ. Айла керек бәріне. Осыны ойлаған ала мысық жер бауырлап қораға қарай жақындай түсті.

Қара тауық былтыр да балапан басқан. Онда ала мысық - бала мысық болатын. Сары ауыз балапандарды көре сала дайын олжаға кенелдім деп барып бірін бас салды. Қара тауық оңдырмай шоқып алды. Денесінде содан қалған дақ  әлі бар. Бірақ, ол тоқтау болмады, ебін тауып, көршілердікіне түсіп дәндеді. Тек қожайыны әлі сезген жоқ.

Қанша дегенмен балапандар көп емес пе, уақыт өткен сайын енесіне бой бермей барады. Ұлардай шулап жан-жаққа жүгіреді. Бір кезде біреуі қорадан шыға жөнелді. Ала мысықтың күткені де осы еді. Көзі шоқтай жанып оқтай атылды. Жолын қара тауық кес-кестеп бөгеді. Бір демде жанұшыра жетіп келіпті. Айбат шегіп, айқаса кеткелі тұр. Есі шыққан балапан енді түзге қашты. «Енді құтылмайсың» деп ала мысық та солай қарай жалт берді. Оның бұл арам ойын тауық та сезген сияқты, алдын қайта бөгеп, алға жібермеді. Баласы үшін өлімге бас тіккені байқалады. Ала мысық та жанталасып, үрейі ұшқан балапанға ұмтылды. Жетіп барып, бас салды. Іле қара тауық та келіп, төбесіне қонды. Тырнағын басына батыра салды. Ала мысықтың жан дауысы шығып, шөжені тастай берді.

Бір көзі ағып түскен мысық жан-жағына қарамай қашып бара жатты. Аман қалған балапан қораға қайтып келіп, өз бауырларына қосылды.

Бұл оқиғадан сабақ алған болар, балапандар содан былай енелерінің қасынан алыс ұзап шықпайтын болды.