КӨК ҚОРАЗ

Түс кезі. Қуат Жәкеннің ауласында асық ойнап жүр.

Күз айы. Жер лайсаң. Кешегі сіркіреп жауған жаңбыр суы көлкілдеп ой шұңқырда толып жатыр. Күн бұлтты. Төңіректі қалың тұман басқан. Асықтың қызығына берілген балалар еш нәрсені елең қылар емес. Асфальт үстіне тігілген асықтарды кезектесе атып жатыр.

– Ойындарың әлі таусылған жоқ па? - деп танауын көкке шүйіріп, қолын қалтасына салып Әсет тұр.

Әсет сотқарлығы шектен шыққан бұзықтың бірі. Өздерінен төрт сынып жоғары оқиды. Одан көп балалар қорқады. Өзі ауылдағы орталау мектептің атаманы. Бойы ұзын. Жұдырығы күректей. Өз тұстастарынан әлдеқайда ірі, ет жеңді, көзі шегір. Қоңқа мұрын, салпы ауыз, қара сұр бала. Іздегені төбелес. Әркімге бір соқтығып жүреді.

Оның сырын білетін Қуат «Асығымды тартып алып қояр ма екен» деп іштей қауіптеніп тұр. 

- Әй, асықты доғарыңдар. Мына үйде балапан көп. Барып шарбақтан бері асқанын ұстап әкеліңдер. Содан кейін қораз төбелестіріп қызыққа батамыз, - деді.

Қуат қинала Жәкенге ерді. «Бармаймын» деп қипақтап еді. Әсет «Көрдің бе мынаны» деп күс-күс жұдырығын түйіп, тұмсығына тақады. Құс танауы қусырылып, жағымсыз темекі иісі қолқасын атты. Көзі жыпылық қағып, өн бойы дір ете түсті. Ал, Жәкенге ағасының сыры мәлім.

Олар жер тырмалап бейқам жүрген шөже балапандарға тап берді. Үрейі ұшқан балапандар шыр-пыр болып, бет-бетіне бытырай қашты. Екеулеп, жан сала маяның қуысына қамап, үшеуін ұстады.

– Жарайсыңдар, - Әсет миығынан күліп, арқасынан қақты. Қолына тиген балапандарды қораға қамады.

Бұл әрекеті өзіне ұнамай ұнжырғасы түсіп, сілейіп тұрған Қуатқа

– Сен барып қоразыңды әкел, - деп үйіне жіберді.     

Аспан түсті көк қоразын Қуат күртесімен қымтап, қойнына тығып әкелді. Тауық қораның алдындағы шағын қоршау сетке ішінде көршінің қызыл қоразы қамауда тұр. Төңірегіне күдіктене қарап, аяғын санап басып, қыт-қыттап, шыж-шыж болып шыдамсызданып тұрған еді.

Көк қоразды қоя берді. Қораздардың шартпа-шұрт төбелесі бірден басталып кетті. Бірін-бірі көзбен арбап, тұмсықтарын ілгері созып, желке қауырсындары күжірейіп, қанаттарын қағып, тап беріп, айбат шегіп, болат тұмсығын ала ұмтылады. Тұмсық салған тұстан мақтадай ұлпа қауырсындар бұрқ ете түседі. Найзадай тырнақтарын да қару етіп, кеуделерін батыра осып алып жатыр. Бұрынырақ қимылдағанның соққысы өтімді сияқты.

Жанкүйерлер қоршау сыртында. «Олай соқ, былай соқ» деп қоразына болысып,  дем беріп тұр.

Бұл айқаста көк қораз басым түсті. Қарсыласын ойсырата жеңді. Бірақ өзі де қалжырап тұр. Шалшық суға шыланып, үсті малмандай лай болған қызыл қораз бауырын сызға төсеп, айдары жарылып, үсті қан-жоса болып жатыр. Жеңілген қоразды Әсет шарбақтан асыра лақтырып жіберді. Ендігі  кезекте ол айқасқа шұбар қоразды салды.

– Менің қоразым шаршады, - деп Қуат араша түсті. Оны елеген Әсет жоқ.

Маңайындағы мекиендерге ұрлана келгенін байқап қалса,  алдына салып тырқыратып қуып тастайтын көк қораздың шамасын сезген  шұбар қораз, шүйліге соғады. Сондағы кеткен есесін қайтарып жатқандай. Көз алдында қоразын қан-жоса еткені Қуаттың жанына батып барады.

«Әділдік емес", - деп араша түсті. "Таза жеңіс", - деп Әсет есікке маңайлатпады. Қуаттың өңі қашып кетті. "Мұны, енді үйдегілер көрсе жанымды шығаратын болды-ау!" - деп  уайымдап тұр.

Үсті лай суға шыланған қоразын тауық қораға жасырды. Ұрлана жүріп алдына бір уыс бидай төкті. Бос қалбырмен  су әкеліп қойды. Бірақ, бүрісіп тұрған қораздың ешнәрсеге зауқы жоқ. Өне бойы мұздап, сүйек-сүйегі сырқырап, сыздап тұрған секілді. Көзін ашып-жұмып, тұмсығы жер сүзіп тұр. Айдары қанталап, ұсқыны қашып, мүсәпір күйге түскен. "Қанша байқатпаймын" деп сақ қимылдағанымен де анасы бұл жүрісін аңғарып қалды.

– Әй, не үшін тауық тамға барғыш болып кеттің? Әншейінде жем шашпаушы едің, - деді таңданып тұр.

– Әншейін,- деп Қуат қуыстанып, теріс айналып кетті.

Сыртта тірлікке айналып, қора-қопсыны тазартып үйге кірсе ошақтың алдында бүрісіп, пештегі оттың қызуына тығыла түскен қоразды көрді. Басы салбырап, ұнжырғасы түсіп сала берді. Көзімен жер шұқып, үн-түнсіз сазарып отыр.

– Мынаған не болған? - деп әкесі жұмыстан келген соң ошақтың алдында сүмірейіп тұрған қоразға көзі түсіп.

– Мынау, сарың.  Қораз төбелестіріп, құртып келіпті. Үсті-басы малмандай  лай, су. Оны тағы тауық қораға тығып қойыпты, - деді анасы.

Әкесі ала көзімен ата қарады.

Көз алды жасаурап, кемсеңдеп әжесінің артына тығылды. Қария бала мен әке арасына түскісі келмеді ме, аңғармаған болып ұршығын иіріп отыра берді.

– Мына үйдің қоразын төбелестіріпті де, шарбағынан асыра үй жағына лақтырып жіберіпті. Ана үйдің әжептәуір үш балапаны жоқ көрінеді. Олар Әлидің баласынан көріп отыр. Бұған қанша айтсам да құлақ жоқ. Ойнама деймін олармен, - деп анасы екі кештің арасында көршілерден естіп, білгенін айтты.

Оны үнсіз тыңдаған әкесі қасына келіп, қолын иығына артып:

– Ұрлық түбі қорлық. Жаман әдеттен аулақ болғайсың. Бойыңа бір жұқтырсаң кетуі қиын болады, балам. Бар да Әсетке айт... Сөйтіп, ана үйдің балапанын қайтар. Арғы үйден де кешірім сұрауды ұмытпа. Содан кейін мына қоразыңа еге бол, - деді сынай қарады. Аялы алақанымен басынан сипап, сенім артты.

Әке сенімін көңіліне медет етіп, Қуат оны ұятқа қалдырмауға бекінді. Әсеттен де тайсалған жоқ. Оның олжалаған балапандарын қайтарып, егесіне тапсырды. Көршілердің кешірімін алып үйге кірген Қуаттың жүзі жарқын.  Көңілінде кірбің қалмаған. Мойнынан ауыр жүк, зіл батпан ауып түскендей. Өзін сергек те, еркін сезінді. «Ендігі жерде ата-анамды жерге қаратпаспын», - деп бүгінгі ісі өзіне сабақ болған ол іштей серт етіп тұр. Бұл кезде ошақ қызуына арқасын тосып тұрған көк қораздың да еңсесі көтеріліп қалған. Қуат оны алдына алды. Аялап арқасынан сипап отыр.