СЕРГЕЛДЕҢ

«...Үлкендер істің ақ-қарасына көз жеткізбей жатып қиянат жасауға неге құмар? Менің бұл ісім ұят-ау! - деп, артын неге ойламайды. Жөн-жосықсыз айыптағанымен қоймай, «бүгінгінің жастары әдепсіз, өзіңмен жағаласып тұрады» деп, сөйлетпей тиып тастайтыны несі екен. Жазығым бала болғаным ба? Істемегенді істедім деп неге мойындауым керек? Неге?...»

Мағзұмбектің тынышын алған осы ойлар оған түні бойы маза бермеді. Бәрі де көз алдында. Сабақтың басталғаны да жаңа еді. Сыныпқа ентелеп, баса көктеп дүкен күзетшісі Құлжа апа кіріп келді. Көзі шатынап, бет-аузы ісіп-кеуіп, долданып тұр. Бурыл самай шашы буда-буда болып қолбырап, орамал шетінен ақтарылып кеткен. Оның соңын ала сыныпқа мектеп директоры енді.

Үшінші сынып оқушылары орындарынан дүр көтерілді. Мұғалімнің ымынан соң орындарына қайта отырды.

– Сен, тұр, - деді директор өзіне сұқ саусағын нұқып, тесіле қарап. Өңі сұсты. Төңірегіне үрей шашып тұратын көк көздері  ұясынан ақтарылып түсердей. 

Мағзұмбек дымға түсінбей, айналасына алақ-жұлақ қарап орнынан тұрды.

– Жуәрмек, дүкенге түскің келген екен ғой. Соттатып жіберейін бе осы. Қайда тықтың құлыпты? - деп күзетші апа өзін бас салды.

Көзі тостағандай болып, қара бала аңырып, аузын ашып тұр.

 "Милиция да шақырып қойдым", - деп қорқытты ол өзін. "Жаныңның барында айтта-айт" деп тепсінді дүкен күзетшісі.

– Апа, сабыр етіңіз. Баламен де осылай сөйлесуге бола ма екен? - деді, ұстазы Сәтке ара түсіп.

Мағзұмбек дүкенге түспегенін, ештеңе алмағанын айтып ақталды. Бірақ, оған  үлкендер сенбеді. Әшейінде қыбырлап-жыбырлап отыратын балалар да тым-тырыс. Аяқ асты моп-момақан бола қалған.

– Несіппек, қарағым, сен айта ғойшы Мағзұмбекті ертеңгісін қайдан көргеніңді, - деді күзетші апа көрші баланы тұрғызып.

Қара балада үн жоқ. Сыныптасына жәутең-жәутең қарайды.

– Жауап бер, қане, - деді директор жекіп. Селт ете түскен Несіппектің даусы қалтырап.

– А-а-аз-зан-да дү-дү-кеннің қасында жүрген, - деді сасқалақтап.

– Шүпірегін шешіп, құлпын алғанын да көрдің бе? - деді Сәтке қабағын түйіп.

Ода үн жоқ. Басы төмен салбырап кетті.

– Сен оны әкесі досың болған соң қорғап тұрсың ғой,иә, - деп күзетші апа енді ағайына тап берді.

Директор сыныптағы дауды әзер басты.

Мағзұмбектің бойын ыза кернеп, алма беті алаулап, қаны басына тепті. Көзінен ыстық жас тамшылар үзіліп те түскен еді. Директор сыныпқа әкесін де шақыртып алған. «Балалықпен жасаған болар», деп үнсіз тұрған әкесі де өзінің жазықсыз екеніне көзі жеткен сияқты. Сыныптан шығып бара жатып басынан сипап, арқасынан қақты.

Күн қызуын төгіп тұр. Мағзұмбек емен жарқын мектепке қарай асығып келе жатыр. Дүкен тұсында қарсы ұшырасқан Құлжа апа өзін байқамағансып теріс айналды. Кеше өзін ұры атандырған апайдың бүгін өңі сынық. Дүкен құлпының шүпірегін шешіп, сыртқы құлпын ашып алып кеткен өзінің алты жасар немересі болып шықты.

Мағзұмбек өзін тосып, қол бұлғап, шақырып тұрған сыныптастарына қарай жүгіре жөнелді.