НЕ ЖАМАН?

Біріншіден не жаман?
Беті-қолың кір-кір боп,
Берекесіз ыржақтап,
Бейбастақ өссең, сол жаман!
 
Екіншіден не жаман?
Екіленіп ерігіп,
Ессізденіп желігіп,
Ерке боп өссең, сол жаман!
 
Үшіншіден не жаман?
Ұшып-қонып жүретін,
Шегірткедей жеңілтек
Ұшқалақ болсаң, сол жаман!
 
Төртіншіден не жаман?
Төменде тұрып өздерің,
Төбеде тұрған алмаға
Талассаңдар, сол жаман!
 
Бесіншіден не жаман?
Бар кітабың шашылып,
Берілген сабақ оқылмай,
«Екілік» алсаң, сол жаман!
 
Алтыншыдан не жаман?
Ата-ананың ақылын,
Ала білмей кезінде
Ақымақ болсаң, сол жаман!
 
Жетіншіден не жаман?
Жиренішті әдеттен
Жирене білмей кезінде,
Жетесіз болсаң, сол жаман!
 
Сегізіншіден не жаман?
Соқтықпай күнде ойнайтын,
Серік таппай қиналып,
Сергелдең болсаң, сол жаман!
 
Тоғызыншыдан не жаман?
Топ ішінде мақтанып,
Төбелесіп жұртпенен
Таяқ жесең, сол жаман!
 
Оныншыдан не жаман?
Ойын қуып жасыңда,
Оқусыз өтсең, балақай,
Бәрінен де сол жаман!!