СҮЙКІМДІ ТИІН

Тиін ерте оянса да, бұйығып жата берді. Жылы орнынан тіпті де қозғалғысы жоқ. Қарғалар қарқылдайды. Қар жауа ма екен? «Асқат аға күтіп қалар, ол кісі кетіп қалса, аш қаламын ғой», – деп, өзін өзі зорлап әрең тұрды. Ары-бері қозғалып, денесінің құрысқан-тырысқанын жазғаннан кейін ағаштардың ұшар басымен зымырап келе жатыр еді, алдынан кішкентай көк торғай кездесті.

– Тиін, қайда асығып барасың? – деді ол.

Басқа уақытта болса, естімегендей кете берер еді, көк торғай осында қалған санаулы құстардың бірі болғандықтан сөзіне құлақ асып, жүрісін тежеп, мойын бұра қарады. Бейшара құс бұтақта бүрісіп отыр. Аш-ау. «Өзіммен бірге ілестіре кетсем бе екен?» – деген ой келді жаны ашып. Содан кейін оны еліктірейін деп:

– Мен асханаға бара жатырмын. Қаласаң, бірге жүр, – деді.

– Асханаға? Бұл бақта асхана бар ма еді?!

– Көк торғай, сөзді көбейтіп қайтесің? Одан да бірге ілесіп жүрсейші.

– Жарайды.

Көк торғай ұшып, ал тиін ағаштан ағашқа секіріп, зымырап келеді.

– Ақшыл тиін, сен соншалықты ұшқыр екенсің ғой. Тіпті қалысар емессің.

– Ұшқыр болмасам, ит-құсқа жем болмаймын ба, шапшаңдығымның арқасында аман-сау жүрмін, – деді ол. – Көк торғай, сен мені неге ақшыл тиін дейсің? Мен ежелден сарғыш тиін емеспін бе?

– Маған сенбейсің бе? Ендеше түріңе қарасайшы, – деп көк торғай сықылықтап күлді.

– Ә, менің жазғы жүнім түсіп, қысқа төзімді жаңасы шыққан екен ғой. Түрім сондықтан да өзгерген ғой. Мен енді суықтан қорықпаймын, – деп қуанды тиін.

Сәлден кейін екеуі бақтың адамдар жиі жүретін жеріне келіп жетті. Міне, осы арада мейірімді адамдар аң-құстарға жем береді. Тиіннің «асхана» деп жұмбақтап тұрғаны осы еді.

Асқат аға кетпеген екен. Алыстан мұны көріп, тілін таңдайына тигізіп тақылдатып, тамаққа шақырды. Тиін қарағайдың басынан жылдам түсіп, жайылған алақандағы жарты жаңғақты қақшып алып, қайтадан жоғары өрмеледі. Әп-сәттің арасында дәнін аршып жеп, ал қабығын жерге тастады. Жаңғақ жеуге оңай болсын деп, әдейі ортасынан қақ бөлінген. Әйтпесе, қатты жаңғақты шағу қиын ғой. Міне, осылайша сан мәрте түсіп, жаңғаққа тойып алды. Ал артылғанын жерді қазып, көміп қойды. Бұл азығын қысқа сақтауы еді. Көк торғай айнала ұшып жүріп, баяулап кеп алақанға қонды. Асқат аға оған күнбағыстың дәнін берді. Көк торғай пісте шағудың шебері екен. Көз ілеспес жылдамдықпен қабығын аршып, дәнін қылғытуда. Бір уақытта мүңк ете қалған бір иіс білінді де, тиін қарағайдың ұшар басына шығып кетті. Жақын маңда иттер жүр екен. Тиін иттерден сұмдық қорқады. Ол биікте отырып айналаны тамашалауға көшті. Қамқоршы енді өзінің сүйікті ақ кептерін бұтаққа қондырып, жем беруге кірісіпті. Ақ кептер – ерке. Дәл бір жеке-дара тамақ ішетін шолжаң балаға ұқсайды. Асқат аға оны ерекше жақсы көреді. Әне, бірдеңе деп күбірлеп, басынан сипап жатыр. «Биыл осында қыстайтын шығармын, – деп ойлады тиін айналаны тоқ көңілмен шолып. – Қамқор адамдар барда бұл арада қыстауға болады».