МЕНІҢ ДОСЫМ

Үй тапсырмаларын орындап боламын да, тысқа шығамын. Подъезд алдындағы ұзын ағаш орындықтың орта тұсында әп-әдемі боп, аппақ кимешек киген әжем отыр. Мен оның қолындағы тәспісіне қараймын. Әр тасты бірінен соң бірін ақырын тартып тұрған әлсіз тарамыс саусақтарына қараймын. Одан сонадайдағы бөбектер ойнайтын шағын алаңға көз тастаймын. Анау әткеншекті көкке шарықтата бір тепкім кеп кетеді. Бірақ олай етпеймін. Мен сәбиліктен іргемді аулақ салғалы қай заман? Мен бұл күнде он үштемін.

Құшағымды жайып керілемін. Даусымды шығара тыныс алам да, қолымды төмен қарай сілке тастаймын. Сосын әжемнің қасына келіп отырамын.

Менің әжем өте кәрі кісі. Кәрі болғандықтан да қадым заманғы хиссалар мен ертегілерді көп біледі. Сұрасаң болды, айта береді. Жалықпайды. Тек өзің тыңдай біл.

Жанына отырғанымда әжем маған әжім-әжім жүзін бұрып:

–        Сабағыңды оқып біттің бе, Қайыржан? – дейді.

–        Иә, – деймін мен.

Сонан соң:

–        Әже, адалдықтың пірі жайындағы аңызды айтыңызшы, – деп өтінем.

Әжем күлімсірейді. Бұл оның ең жақсы ертегісі. Мен мұны әрдайым құмартып тыңдаймын. Әжем ешкашан тауымды қайтарған емес.

– Пәлі, жаттап алатындай болған жоқпысың ендігі, – деп бір қояды да, тамағын кенейді.

Есіктен әдемі киінген бір бала жүгіре басып шықты. Біз жаққа тіпті мойнын бұрмастан, қарсы алдындағы әткеншекке сәлемдескендей:

– Амансыз ба?! – деп дыбыстады да өте берді.

– Жақсы ма, қалқам?! – деп әжем ертегісін үзе күбір етті.

– Руслан! – дедім мен. Ол артына қарады.

– Кел, қайырымдылық тәңірісі туралы әңгіме тыңдайық.

– Уақыт жоқ. – Ол жүре берді. – Бүгін біз роботқа жаңа бағдарлама құрастырамыз.

Тамаша бала бұл Руслан. Сұңғақ бойын тәкаппар ұстап, асыға адымдаған қалпы жөніне кетіп барады. Соңынан сүйсіне қараймын. Мен оны өзімнің жолдасым деп есептеймін және онымен жолдастығымды мақтан тұтамын.

Мәселе тек екеуіміздің бір подъезде тұратындығымызда ғана емес. Біз бір мектеп, бір сыныпта оқимыз. Екеуіміз де мына көшенің арғы бетіндегі мектептің шәкіртіміз. Ана көрінген жерасты жолының сол жағымен көтерілсеңіз – тура біздің мектепке барасыз. Зәулім, үлкен мектеп.

Міне, сол мектептегі төбеге көтерер санаулы үздіктердің бірі – осы Руслан. Жанып тұрған от дерсің. Жиналыстарда қалай жатық сөйлейді! Ағып тұр әшейін. Білмейтіні жоқ. Үйіндегі кітаптарын айтсайшы. Бір рет ертіп апарып маған көрсеткен. Ғарыш, ғалам, кибернетика, телемеханика жөніндегі менің тісім батпайтын кітаптар сыңсып тұр-ау, сыңсып тұр. Бұл оның күнде біреуін қолтықтап жүреді.

Өзі қалалық оқушылар сарайындағы жас техниктер үйірмесінің маңдайалды өнертапқышы. Әлгінде айтып барады ғой: роботқа жаңа бағдарлама құрастырамыз деп. Білесіз бе, олар сонау адам кейіпті ғажап автоматтарын жақында ғана жасады.

Ал сол роботтарының ескі бағдарламасының өзі таңдай қақтыруға жарарлық. Істемейтіні жоқ, еден сыпырудан бастап шахмат ойнауға дейін ешкімнен қалыспайды. Нағыз электронды-механикалық интеллектуал. Және ең кереметі: оның бас конструкторы – менің досым. Міне, қалай!

Бұрышты айналып кеткенінше, Русланнан көзімді айырмаймын. Сосын әжеме бұрылам. Бұрылам да, таңданып, қасымды керем: мынаны қара, тағы бір тыңдаушы келіп қалыпты! Көбей. Ол да менімен түйдей жасты, осы үйде, екінші подъезде тұрады. Жанымызға келді де:

            – Әже, сәлеметсіз бе? – деп қос қолын ұсынып, сәлем берді. Ол ылғи өстіп амандасады.

            – Көп жаса, қалқам, – дейді әжем оның сәлемін алып. Ұдайы осылай.

Қарсысында ізетпен кібіртіктеп тұрған балаға сүйсіне көз салып, әке-шешесінің есен-саулығын сұрайды. Ежіктеп, әрқайсысын атап сұрайды. Анау да ең арғысы мамасының тұмауратып қалғанына дейін ұмытпай, мейлінше толық жауап қайтарады. Екеуінің есік алдында кезігіп қалғанын көрсең болды, сондай диалог тағы қайталанды дей бер. Әрдайым солай. Қазір де сол баяғы ән.

Олар әдеттегі рәсімдерін аяқтағанша, мен электронды ми жасап жүрген Руслан досым жайлы тағы бір толғана ойлап үлгерем.

Кенет есіме өзімнің аңыз естімекке ниеттенгенім түседі де, әжеме жалт бұрыламын. Көбей әлі кетпепті. Кетпегені былай тұрсын, әжемнің ар жағында жайғасып отыр. Осы Көбей-ақ әжемнің әңгімелерін тыңдағыш.

– Әже, адалдық пен зұлымдық туралы ертегіңізді айтыңызшы, – дейді.– Ойымда қалғанын жазып қойып едім. – Ол қолындағы дәптерін көрсетті. – Енді тексеріп алу керек болып тұр.

Мен таңырқаймын:

– Оны неғыласың?

Көбей ықыластана жауап қайтарады:

–         Білесің бе, біздің әдебиет пәнінен беретін ағайдың айтуынша, бұл бір тұнған парасат сабағы, мұнда адамгершілік жөнінен тәлімді нәрсе көп. Жазып алуға кеңес берген сол кісі. Кеше ғана үйірмеде мазмұнын айтып беріп ем...

Расында, қыртыс-қыртыс әжімдеріне шейін мейір төккен әжем өзінің қырық жылғы әңгімесін мың пәленшесінші мәрте айта бастағанда, ол дәптеріне қарап, жазғандарымен салыстырып отырды. Бірдеңелерді түртіп қояды. Артынан әр жерін қайта сұрап, толықтырып алды.

Бұл басы ғана екен.

Бір сәт әжемнің өзімдікі екенін сездіріп қоймақ болып:

– Қайырымдылық пірі жайындағы ертегіні білмейсің сен, – дедім мен оған. – Әжемнің аңыздарының ең асылы.

Сол-ақ екен, Көбей ұшып кете жаздады. Аһылап-уһілеп, елпектеп:

– Айтып беріңізші, әже, – деп емінді де қалды.

Менің әжем керемет кеңпейіл. Ешкімнің меселін қайтармайды.

Ол әжемнің аузынан естігеннің бәрін көшіріп алуды дағдыға айналдырды. Күніне қасына кеп отырғаны. Әжем кейде сыртқа шығуды ауырсынып, жатып қалады. Ондайда Көбей біздің үйге келіп, әжемнің әлсіз сыбырмен жеткізген күшті ертегілері шығып жатқан аузына қалқан құлағын жіті тосқан қалпы, бас жағында дәптеріне шұқшияды да отырады.

Мен онымен дос емеспін. Руслан оны тіпті көзіне де ілмейді. Бірақ ол бізбен жолдас болуға құмар. Әйтеуір есебін тауып жақындасқысы келетін де тұратын сияқты. Маған жұғысудың ретін келтіргенін қарағын, әжеме үйір болғансып жүр. Арагідік менен әрнені білгісі кеп, мектебіміз, класымыз жөнінде түрлі сауал қояды.

Өзі біздің мектепке бармайды. Алысқа автобуспен қатынап, қайдағы бір мектеп-интернатта оқиды. Сонда жататын, жан-жақтағы ауылдардан келген балалармен бірге оқитын көрінеді. Сонысын білгендіктен ғой, Русланның оны «колхоз» деп менсінбейтіні.

«Ұжымшар» – «ұжымдық шаруашылық» деген тіркестің қысқартылған түрі. Біздің кейіпкерлеріміз өмір сүрген кезеңде тек орысша атауы қолданылған, ал бұл жерде қалалық балалар ауылдық жерден келген кұрбыларына «артта қалғандықтың» белгісі ретінде осы атауды таңып отыр.

Бір күні ол менің ішек-сілемді қатыра күлдірді. Қайтіп дейсіз бе? Ол Русланды аяйтын көрінеді. Естимісіз, аяйды! Ал, ендеше! Руслан мұны шыбын құрлы көрмейді, ал ол... Күлемісіз, күлмеймісіз?!

«Неге?» – деймін мен оған күле карап.

Ол масқара салмақты жүзбен күрсініп алып: «Руслан енді өмір бақи мыналарды түсіне алмай кетеді ғой», – дейді.

«Мыналары» – қилы ертегі, қисса, аңыз жазылған әлгі дәптерлері.

«Е, кибернетикке оның не қажеті бар? – деп қоям мен езуімді жимай. – Дегенмен, оқысын десең, аударып бер, сонда көресің, түсіне ме, жоқ па...»

Айтуын айттым да тілімді тістей алдым. Көбей оның қазақша білмейтінін айтып тұр-ау... Иә, сұмдық байыпты кескінімен маған тік қарап:

«Жиырмасыншы ғасырдың соңында, төрт құбылаң түгел осынау тамаша заманда сауатсыз болғандарға жаның қайтіп ашымасын», – дейді. Шынымды айтсам, оның бұл жаңсақ сөзі менің де қытығыма ептеп тиетінін сезем, бірақ сыр бермеймін. Әңгімені басқа жаққа бұрып жіберем.

Сосын болуға тиіс нәрсе болды. Әбден қартайған науқас әжем бізді тастап, қайтпас сапарға кетті. Бір жаман күндер өтті. Үш күн сабаққа барған жоқпын.

Анда-санда аңғарам, қасымда бұйра басы үрпиіп Көбей отырады. Үндемейді. Дыбысын шығармай отыра береді. Тапжылмай екі-үш сағат боп, ертесіне тағы келеді.

Ақыры сабаққа шықтым. Класқа кіреберісте Русланмен қатар кеп қалдым. Иық тіресіп, ішке бірге ендік. Ол жол-жөнекей, партамызға беттей бергенімізде:

– Мен саған көңіл айтамын, – дей салды. Мен үшін бұл күн сұмдық көңілсіз болды. Үйге сопиып жалғыз қайттым. Келдім де, подъезд алдындағы орындыққа сылқ етіп отыра кеттім. Мұнда ылғи әжем отыратын. Бір кезде сонадайдан:

– Не бітіріп отырсың? – деп жүре сауал тастап, қасымнан Руслан өтті. Үйірмесіне асығып бара жатса керек.

Енді біраздан соң Көбей көрінді. Бері бұрылып, үн-түнсіз қасыма отырды. Бірақ мен не оған сөйлемеймін, не ол туралы ойламаймын.

Менің көз алдымда – Русланның сөре-сөре боп көздің жауын алған кітапханасы. Онда бәрі бар: ғарыш туралы, кибернетика туралы, телемеханика туралы... Русланға олар робот жасау үшін керек. Оның сықиған текшелерінде әжем айтатын ертегілер ғана жоқ... Өйткені, робот адамгершілік сабағына мұқтаж емес... Қажет нәрсенің бәрі бағдарламаланған...

Көзімнің қиығы Көбейге түсіп кетті. Қолында тысы таныс қалың дәптер бар екен. Ақырын аударыстырып қарауда. Ол әжемнің аузынан жазып алған аңыздарды өзімен бірге көтеріп жүр. Мектепке, үйірмеге апаратын көрінеді, сыныптастарына оқып та беріпті. Енді, міне, менің жанымда парақтап, әр жерінен шолып, кейбір қызықты да тәлімді жерлерін еске түсіруде.

Ол менің әжемнің аңыздарын қайта оқып отыр. Жүрегім шым ете түсті.