Аяз би

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Хан.                              Жаман (Аяз би). 

І уәзір.                           Ханның шешесі.

ІІ уәзір.                         Қызметшілер.

ҚІІ уәзір.                       Нөкерлер.

 

Хан сарайы. Сахна төріндегі тақ үстінде Мадан хан отыр. Тақтың қос қапталында үлпілдеген желпуіштері бар қос қызметші. Тақтан берірек найзаларын айқастыра ұстаған екі нөкер тұр.

Нөкерлердің алдын орай, үш уәзір кіреді. Бірінің қолында — бір түп қарақоға шөбі. Екіншісі — өлген сауысқан ұстаған. Ең алдында келе жатақан уәзір — үстінде жыртық тоны, басында тері тымағы бар бір бейшара адамды қолынан жетектеп алыпты. Хан қолымен ишарат жасағанда нөкерлер айқасқан найзаралын ашып, кейін шегініп тұрады.

І уәзір (иіліп, тағзым жасап): О, аса мәртебелі хан ием, өз әміріңізді орындап, алдыңызға келіп тұрмыз. Міне, мынау — өзіңіз тауып кел деген адамның жаманы (жетектеп келген адамды алға итереді).

ІІ уәзір: Ал мынау, шөптің жаманы — қарақоға.

ҚІІ уәзір: Құстың жаманы — сауысқан деген мынау болады.

Хан (қатуланып): Әкелген адамдарың жарайды. Қазір мұны аспазшыға апарып беріңдер, көже мен нан берсін, сыйласын. Ертең ортаға алып тамаша етеміз.

Нөкерлердің бірі Жаманды жұлқылап сахна сыртына алып кетеді.

Хан (уәзірлеріне түксие қарап): Сендер, адамның жаманын дәл тапқандарыңмен, құс пен шөптің жаманын таба алмапсыңдар. Құстың жаманы — үстіндегі жүні жұлым-жұлым, ұсқыны келіссіз — қырғауыл, ал шөптің жаманы — өзі тікен, арасынан жүрсең киім жыртатын, мал жемейтін — шеңгел еді ғой. Бұларың сендердің не әурешілік?!

І уәзір: О, тақсыр! Айтқаныңыз дұрыс! Біз де шөп жаманы деп — шеңгелді, құс жаманы деп — қырғауылды алып едік…

ІІ уәзір: Бірақ, жолшыбай әлгі Жаман: “Шөптің жаманы — қарақоға, құстың жаманы — сауысқан” деді ғой.

ҚІІ уәзір: Сөйтіп, бізге оларды тастатып, қарақоға мен сауысқанды алдырды.

Хан: Е-е, ол Жаманның не білгені бар екен? Ненің жаман не екенін қайдан біліпті. Мұнда  алып келіңдер, сұралық.

Нөкерлер Жаманды дедектетіп ханның алдына алып келді.

Хан: Иә, сөйле! Мен құстың жаманы — қырғауыл, шөптің жаманы — шеңгел деп ойлаушы едім, сен оларды уәзірлерге тастатыпсың. Сен шөптің жаманы — қарақоға, құстың жаманы — сауысқан екенін қайдан білдің?

Жаман: Тақсыр хан! Мен, елу жасқа келіп жаман болған жоқпын, жасымнан-ақ жаман едім. Өмірім отын-су тасумен жалшылықта өтті. Сол уақытта шеңгелді әкеліп отқа жақсам, кеше жаққан отым ертеңіне дейін сексеуілдің шоғындай жайнап жататын еді.

Хан: Ал, қарақоға несімен жаман болыпты?

Жаман: Қарақоғаны отқа жақсам, жанбайтын еді. Үрлесем, жалыны мен шоғы бірге сөніп, күлі бұрқырап үйдің ішін алып кететін еді. Отқа жанбаған соң апарып малға салсам, барлық мал мұрындарын жиырып, жемей қоятын.

Хан: Ал, жақсы. Бұл дәлеліңді жөн делік. Енді қырғауыл емес, құстың жаманы сауысқан екенін қалай білдің?

Жаман: О, алдияр! Қырғауылдың қанаты болғанымен, жүні жоқ болса да, адамның пайдасына жарайтын құс. Біреудің сиықсыз болуы, оның жаратылысынан. Ол байғұстың бар айыбы сиықсыздығы. Ал сауысқанның сырты қалай ала болса, өзі де сондай — ала, бірлігі жоқ құс. Жұп болып ұшып, жұп болып қонбайтын, адамға да еш пайдасы жоқ болғандықтан, құс жаманы — сауысқан деймін.

Хан: Сауысқан мен қарақоғаның жамандығын білдің. Енді, өзіңнің жамандығыңды қайдан білдің? Соны айтшы?

Жаман: Уа, тақсыр! Менің жасым елуге келді. Мен қатарлылар шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүйді, келін жұмсап, қызық көріп отыр. Мен қайда болса сонда, әлі күнге біреудің құлшылығында жүрмін. Осыдан кейін мен жаман емей жақсымын ба?

Хан: (самайын сипалап өз-өзімен сөйлеп): Апырай-а, осы шынымен жаман болса жарар еді… (Жаманға қарап) Құстың, шөптің, өзіңнің жамандығыңа да дәлел айттың. Жарайды. Ал, енді менің бір гауһар тасым бар. Ол тастың Сүлейменнің жүзігіндей, Мұсаның асасындай, Дәуіттің қоржынындай қасиеті бар. Сен енді сол тасымның қандай қасиеті бар екенін табатын бол!

Хан қос алақанын шарт еткізіп белгі береді де, қызметшілер оған асыл тасты алып келеді.

Жаман (тасты алып, салмақтап, байқап қарап отырды да): Сіздің тасыңыз, расында да, қасиетті тас екен. Бірақ екі жылдан соң қасиеті бітеді. Тастың ішінде екі ақ қарабас құрт бар. Тасыңыздың пышақ сыртындай қалыңдығы қалыпты. Сол құрт екі жылдан соң тесіп шығады. Тесіп шыққан соң тасыңыз қасиетінен ада болады.

Айнала отырған жұрт сыбыр-күбір, қозғалақтай бастайды.

І уәзір: Оу, бәрібір екі жылдан соң пайдаға аспайтын болса, тасты жарып көрейік те.

ІІ уәзір: Осы Жаманның сөзіне бола асыл тастан айырылып қалып жүрмейік.

ҚІІ уәзір: Тастың ішінен құрт шықпаса осы жерде-ақ Жаманның жанын жаһанамға жіберу керек.

Хан: (оң қолын көтеріп): Жарыңдар, тасты! Тіпті пайдаға аспай қалған күннің өзінде одан қазынам ортаймайды. (Жаманға сұқ саусағын шошайтып). Егер де, сенің сандырағың дұрыс келмесе, басыңды иығыңнан бөлектеймін.

Нөкерлердің бірі табақ үстіндегі асыл тасты қылышымен қаққа бөледі. Оның ішінен қарабас екі ақ құрт шығады. Сарайдағы адамдар, ханнан бастап аһылап-уһілеп таң-тамаша болады.

Хан: Ей, Жаман, тастың ішінде құрт бар екенін сен қайдан білдің?

Жаман: О, алдияр! Асыл тастың өз қасиетіндей салмағы да болуы керек. Ал сіздің тасыңыздың салмағы жеңілдеген екен. Қшін кеулеген құрт бар екенін содан білдім.

Хан (таңданып): Апырай-а, сен өзі жаман болмадың ғой. Қайта, сен бір данышпан болып жүрме. Олай болса сен мені мазалап жүрген жұмбақ әңгіме бар еді, соның шешуін тауып бере қойшы?!

Жаман (тағзым жасап): Әміріңізге құлдық, алдияр!

Хан: Олай болса, тыңда! Бірде  уәзірлеріммен аң аулап жүріп, тау етегінде қой жайып жүрген бір шалды жолықтырып, сәлем бердім.

І уәзір: Сонда ханием “Уа, ата, мына таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды?” деп сұрап еді, ана шал “Бір жиырма жыл болған шығар” деп жауап қайтарды.

ІІ уәзір: Алдияр тақсыр “Бұл таудың етегін қырау шалғалы неше жыл болды?” десе, шал “Он бес жыл” дейді.

ҚІІ уәзір: “ Бұл таудың басынан бұлақ аққалы неше жыл болды?” деген сауалға, шал “Оған да бір он жыл болған шығар” дейді.

Хан: Содан мен “Ата, өзіңіз нешеусіз?” деп сұрап едім, “Ой шырағым-ай, жатқанда екеумін, тұрғанда төртеумін” деп жауап берді. Мен “Баба, менің асыранды қырық қазым бар, соны білдірмей жүнін жұлып, күйдірмей пісіріп, қан шығармай сойып беретін кісі бар ма?” десем, жаңағы шал “Адамына тап болсаң, айтқаныңнан да артық етер” деген еді. Енді, мен не дедім, шал не деді? Маған соны айырып бере алар ма едің?

Жаман: Олай болса, ханием, алдымен сіз менің бір өтінішімді орындар ма едіңіз?

Хан: Орындауға болар өтініш болса, орындап көрейін.

Жаман: Онда, өтінішім мына тұрған уәзірлеріңізге байланысты.

Хан: Қысылмай айта бер, бұларға байланысты дүниеге тіреліп тұрса, қандай өтініш болса да орындаймын.

Жаман: Ендеше, қазір осы уәзірлер белуарларына дейін жалаңаштанып шешінсін. Шешінген киімдерін сыртқа шығартып, өртетіп жіберіңіз. Сосын олар төрт тағандап тұрып, арқаларына мына тұрған қызметшілеріңізді мінгізіп, сіздің алдыңыздан арлы-берлі жүріп өтсін.

І уәзір: Әу, мына Жаман қайтеді, ей?!

ІІ уәзір: Қаңғыбас әумесердің басынуын қара!

ҚІІ уәзір: Ханием, қорлатпаңыз бізді мына Жаманға, өйтіп күйдірмесін.

Хан (ақырып): Доғар! Доғарыңдар, қане! Жаманның айтқанының бәрін бұлжытпай орындаңдар!

Уәзірлер кеуделерін жалаңаштап, бірінің соңынан бірі төрт тағандап тұра қалып, нөкерлерді арқаларына отырғызып, ханның алдын айнала жүгіреді. Олардың киімдерін өртеп жіберуге алып кетеді. Уәзірлер Жаманға ала көздерімен ата қарайды.

Хан (Жаманға қарап): Ал, жеттің бе арманыңа? Айт енді жаңағы жұмбақ әңгіменің шешуін.

Жаман: Ханием, ол шал жұрттан асқан дана еді. Сіз оның даналығын сезіп, шашына  ақ кіргеніне неше жыл болғанын білгіңіз келіп “Таудың басын қырау шалғалы қанша жыл болды?” деп сұрадыңыз. “Таудың етегін қырау шалғалы неше жыл болды?” дегеніңіз, сақалына ақ кірген мезгілді сұрағаныңыз. “Тау басынан бұлақ аққалы қанша жыл болды?” деп, көзінен жас аға бастаған шақты меңзедіңіз. “Ата, өзің нешеусің?” дегенде, үйіндегі жан басын сұрадыңыз.

Хан: Енді, “Қырық асыранды қазым бар, соны қан шығармай сойып, білдірмей жұлып, күйдірмей пісіріп беретін кісі бар ма?” дегенді қалай түсіндің?

Жаман (жымиып): Ханеке, қырық қазыңыз — мына жүрген уәзірлеріңіз. Солардың киімдерін отқа жаққызып, білдірмей жұлған, күйдірмей пісірген, алдыңызға салып, жалаңаштап, жаяу айдап — қан шығармай сойған кісіңіз мен емеспін бе?!

Хан: Ризамын саған, Жаманым. Уәзірлерімнің күнәларын кештім. Ақылсыздықпен талай адамның арасына от салып, өзімді де арандата жаздағандарына ызаланып, өздері әбден жеңілсін, кінәларын мойнына  алсын деп едім. Менің тілегім орындалды. Жарайды. Оның бәрін қойшы. Енді сен менің өзімді сынашы. Мен неше атамнан бері хан екенмін?

Жаман: Жақсы! (тақта отырған ханның алды-артына шығып, алдына келіп, ханның бетіне тіке қарайды). Тақсыр ханым! Ақыл-ойың ешкімнен кем емес, бірақ хандық қара басыңда, қарадан туып хан болғансыз, атаңызда хандық жоқ…

Хан (Жаман сөзін бітірмей, бөліп): Жетер, тоқтат! Қате айтасың. Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда да, алты атамды қайда жібермексің?

Жаман (саспай): Жоқ, Мадан хан! Сіздің қара басыңыздан басқа өз тегіңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайдың баласысыз.

Хан (сасқалақтап, жан-жағына қарайды): Апырай, мына Жаман не дейді?! Халқым, мен хан баласымын деп жүр едім, шақырыңдар анамды.

Нөкерлердің бірі анасын сүйемелдеп әкеліп, ханның жанына отырғызады.

Хан (түтігіп): Апа, мына Жаман маған хан баласы емес, қарадан туғансың деп отыр. О дүниеге біреудің қанын жүктеп барып, тәңірі алдында қара бет болмайық, не де болса айтыңызшы шындығын. Әйтпесе ашумен мына Жаманның басын кесемін.

Ханның шешесі (ауыр күрсініп): Сабыр ет, балам! Е, шырағым жасым сексенге келгенде біреудің қанын жүктеп не қылайын. Бір сыр бар еді, оны тәңірінің өзі білетін еді, мен білетін едім. Мынау Жаманың біліпті, енді айтайын.

Хан (дегбірсіздене тақтан тұрып, анасына жақындайды): Айтыңызшы, апа, не де болса шыныңызды айтыңыз.

Ханның шешесі: Атаң сенің Зәрлі хан еді. Менен бұрынғы он тоғыз әйелін кілең қыз таптыңдар деп өлтірген екен. Мен аспаз наубайдың әйелімен қатар босанып, қыз таптым. Оның перзенті — ұл болды. Мен ол әйелге барлық мұңымды айтып, қазынадан табақтап алтын беріп, балаларымызды ауыстырып алуға көндірдім. “Бірақ, бұл сырды ешкім білмесін” деп жалындым. Содан Зәрлі хан аңда жүргенде сол қолыммен қызымды беріп, оң қолыммен алған шырағым сен едің! Енді бұл күнде мына Жаманың оны біліпті. Сыр ашылуға жазса не шарам бар?! (Жаулығының ұшымен көз жасын сүрткілейді).

Хан (таққа отырып, Жаманға қарайды): Апырмай, менің наубайдың баласы екенімді қайдан білдің?

Жаман: Мен Жаман-жақсы болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы — жал мен жая аузыңызға түспей, нан-көже түсіп, мені келісімен аспазға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің шонжарлы, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым.

Хан (тағынан түсіп, үстіндегі хан ішігі мен басындағы тәж-бөрігін шеше бастайды): Сөз тапқанға қолқа жоқ! Олай болса, мен таққа лайық емес екенмін, осы оқиғаны оймен білген сіз лайықты екенсіз. Сіз хан болатын, би болатын адамсыз. Аяздай қарыған шындықты шымырқанбай айттыңыз. Бұдан былай сіздің атыңыз Аяз би болсын! Мынау тақ, мынау тәж. Әркім өз орнында болғаны абзал!

Жаман (үстіндегі тоны мен басындағы тері тымағын шешіп жатып): Алдияр тақсыр! Менің тағы бір тілегім бар еді.

Хан: Иә, Аяз би, ол қандай тілек?!

Жаман: Мына жыртық тоным мен жаман тымағымды орданың маңдайшасына шегелеп қойсам ба деп едім.

Хан: Оу, ханием, ол не қылғаныңыз, бұрын Жаман болсаңыз, енді ел билейтін Аяз бисіз?

Жаман: Тақсыреке! Ел басқарған адамның асып-тасқаны оңбайды. Кейде хандықпен көңілім ауытқып, тура жолдан таяйын десем, шегелеулі тоным мен тымағыма қарап: “Әй, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!” деп, көңілімді басуға керек бұл шоқпыт

Хан: Әп, бәрекелді ! Елімді алды артына қарайлайтын хан басқаратын болыпты. Ризамын!

(Шымылдық)