Ел нышаны — рәміздер (Республика күніне арналған әдеби-музыкалық монтаж)

Сахна төрінің дәл ортасына Қазақстан Республикасының Елтаңбасы ілініп, тұғырға Мемелкеттік Туы қойылады. Олардың оң жағына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының нотасы, сол жағына Әнұран мәтіні (әшекейлі үлен бильбордта) ілінеді.

Сахнаға жүргізуші ұл мен қыз шығады. Қазақстан Респбуликасының Мемлекеттік Әнұранының фонограммасы қойылып, залдағы көрермендер орындарынан тұрып, оң қолдарын кеуделеріне ұстап, бірге орындайды.

1-оқушы: Бақытты боп жүргенім

Сенің арқаң, Ұлы Отан.

Елім — менің тірегім,

Құшағыңда гүл атам.

2-оқушы: Шығысыңнан арайлы,

                            Күліп атқан құба таң.

Сенен бақыт тарайды.

Баршамызға Ұлы Отан.

1-оқушы: Сарқылмайтын қуатым,

Тірегімсің сен, Отан.

Мәңгі соғып тұратын

Жүрегімсің сен, Отан!

2-оқушы: Пейіліндей кең даласы,

Жері шүйгін, суы бал.

Егемен елміз, қарашы,

Елтаңбасы, туы бар.

 

(Музыка).

Алғашқы екі оқушы сахнадан кетіп, оларды тағы да бірнеше оқушы алмастырады.

1-оқушы: Кез-келген жас мемлекеттің ең алғашқы ресми қадамы — елдің туын, Елтаңбасын және Әнұранын сайлап алу.

2-оқушы: Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бар — саяси бостандыққа қол жеткізген мемлекетті  — Тәуелсіз ел дейміз.

3-оқушы: Қазақтың бүгінгі елі — бостан елі,

Тәуелсіздік жыр жырлап қоштады елі.

Төрт құбыла түгелдей ақ таң құшқан,

Бауырмал ел — бірлікшіл, достар елі.

4-оқушы: Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым мәдени нышандар тілінде де сөйлейді.

1-оқушы: Қабылданған қыран бейнелі көкшулан туымыздың авторы — Шәкен Ниязбеков. 

 

(Бір оқушы Ш. Ниязбековтің портретін жоғары көтеріп, сахнаға алып шығады).

 

2-оқушы: Ешбір елдікіне ұқсамайтын шаңырақ шырайлы, шын дара елтаңбамыздың авторлары — Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан.

(Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлихан портреттерін көтерген оқушылар шығады).

3-оқушы: Алғашқы Әнұранымыздың әсем әуенін әйгілі сазгерлер — Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди дүниеге әкелген.

(М. Төлебаев, Е. Брусиловский, Л. Хамиди портреттерін ұстаған балалар келеді).

4-оқушы: Ал осы Әнұранның мәтінін жазған ақындар — Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева.

(Аталған ақындардың портреттері сахнаға келтіріледі).

1-оқушы: Кейін, жаңадан қабылданған — “Менің — Қазақстаным” деп аталатын Әнұранның композиторы — Шәмші Қалдаяқов.

2-оқушы: Жаңа Әнұран мәтінінің авторлары — ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

(Музыка).

Рәміздер авторларының портреттерін ұстаған оқушылар сахна сыртына кетеді.

1-оқушы: Бәрі де тұр жазылып сенде, байрақ,

Дәл қазір желбіреген желмен ойнап.

Үстінде Ақ орданың жалғыз жалау —

Аспанның елшісіндей келген жайнап.

         2-оқушы: Ресми белгіленген анықтамаға сәйкес: “Қазақстан Республикасының Мемелкеттік туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата”.

         3-оқушы: Туды сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді.

         4-оқушы: Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнелері алтын түстес.

         5-оқушы: Мемлекеттік туымыздың аспан текті зеңгір көк түсті болуы кездейсоқ емес.

         6-оқушы: Әйгілі Ансельм кестесі бойынша ол адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны.

         7-оқушы: Көк түс — ынтымақ пен бірлік идеясын аңғартады.

         8-оқушы: Бейбітшілік, тұрақтылық пен береке-байлық белгісі болып саналатын ашық аспанға меңзейді.

         9-оқушы: Аспанкөк түс — қазақтың ұлттық бояуының реңі.

         10-оқушы: Ұлттық танымы, мәдениеті мен бұл түске деген айырықша ілтипаты — осы ойға жетелейді.

         (Сахнаға Ш. Ниязбековтің портретін көтерген оқушы шығады).

1-оқушы: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы — Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков.

2-оқушы: Шәкен Оңалсынұлы — Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері. Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі.

3-оқушы: Ол кісі 1938 жылы 12 қарашада Тараз қаласында дүниеге келген.

4-оқушы: Мухин атындағы Санкт-Петербург жоғары көркемөнер өнеркәсіп училищесін бітірген.

5-оқушы: Алматы қаласының бас суретшісі.

6-оқушы: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының бір түсті болуы еліміздің мемлекеттік бір тұтастығының көрінісі.

7-оқушы: Күн образы — байлық пен берекенің белгісі. Оның бейнеленуі мәңгілік нышаны деп саналады.

8-оқушы: Қыран бүркіт бейнесінің мәні — әдетте билік, көрегендік пен кеңдік, күш-қайрат ұғымадарын білдіреді.

9-оқушы: Ұлттық ою-өрнек — халық қолөнерінің ең ұлы жетістіктерінің бірі. Ол — қазақ мәдениетінің ұлттық нышаны.

10-оқушы: Алтынмен айшықталып, көз жауын алардай әдемі зерленген рәміздік жеке белгілердің бояуы тудың көк реңімен әдемі үйлеседі.

(Музыка. Саханадағы балаларды тағы да бір топ оқушы алмастырады).

1-оқушы: Қазақстан — Отаным,

Туған жерім, киелім.

Арттырып даңқын, атағын,

Елтаңбаға бас иемін.

2-оқушы: Ресми анықтамаға сәйкес “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген”.

3-оқушы: Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап, уықтар шаншылған.

4-оқушы: Оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр.

5-оқушы: Елтаңбаның төменгі жағында “Қазақстан” деген жазу бар.

6-оқушы: Елтаңбаның басты белгі-нышаны — шаңырақ.

7-оқушы: Түндік — аспан күмбезіндегі Күн бейнесін көз алдымызға әкелсе, уықтар — одан тарап жатқан алтын сәулелердей әсер береді.

8-оқушы: Қисыны табылып, керегелердің де көрінісі берілген.

9-оқушы: Шаңырақ — отбасының, одан да асыра алғанда бүкіл адамзат ұясының нышаны.

10-оқушы: Елтаңбадағы келесі деталь — ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ бейнесі.

1-оқушы: Жылқы жануары — батылдық, көрегендік пен айырықша ерік-жігер нышаны деп есептеледі.

2-оқушы: Қанат — асқақ арман нышаны. Бұл жерде ол еңсесі биік, дәулеті тасыған тәуелсіз мемлекет құру жөніндегі ел мұратын еске салады.

3-оқушы: Мүйіздің де нышандық мәні бар. Ол — айбын, айбат, ақжолтайлық белгісі.

4-оқушы: Қос бірдей ай мүйізді арғымақтар киелі шаңырақты қос қапталынан орап, пәле-жаладан, қауіп-қатерден қызғыштай қорып тұратындай.

5-оқушы: Елтаңбада — бес бұрышты жұлдыз бар.

6-оқушы: Ол — Тәуелсіз мемлекетіміздің құшағы бес құрлыққа бірдей айқара ашық…

7-оқушы: Әлемдік өркениетке өз биігімізде ілесеміз деген ойға мегзейді.

8-оқушы: Ел аты мемлекеттің тілдік және тарихи-мәдени рәмізі болып саналады.

9-оқушы: Олай болса, Елтаңбаның төменгі жағындағы “Қазақстан” деген жазу мемлекет атауы ретінде ежелден қолданылып келе жатқан атау.

10-оқушы: Қазақстан — біздің тәуелсіз мемлекетіміздің абыройлы аты.

(Сахнаға Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлихан портреттерін көтерген балалар шығады).

1-оқушы: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары — Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков.

2-оқушы: Және Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан.

3-оқушы: Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков — Өзбекстанға еңбегі сіңген сәулетші.

4-оқушы: Ол кісі 1942 жылы Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Екпінді ауылында дүниеге келген.

5-оқушы: Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітірген.

6-оқушы: Ташкент қаласындағы ғылыми-зерттеу институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетші.

7-оқушы: Қазір Астана қаласында тұрады. Гумилев атындағы Евразия университетінде дәріс береді.

8-оқушы: Елтаңба авторларының бірі — Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетші, Республика Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі қоғам қайраткері.

9-оқушы: Ол кісі 1932 жылы Көкшетау облысының Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылында туған.

10-оқушы: Мәскеу архитектуралық институтын бітірген.

1-оқушы: “Қазақ қала құрлысын жобалау” институтының қызметкері, Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары, Қазақстан Сәулетшілер одағы басқармасының төрағасы болды. Республикалық тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының төрағасы.

2-оқушы: Мемлекеттік Елтаңбада пайдаланылған негізгі бояу — алтын түсті рең.

3-оқушы: Алтын — байлықтың, әділдік пен  кеңдіктің белгісі.

4-оқушы: Елтаңбада көгілдір түс те бар.

5-оқушы: Ол алтын түсті реңмен әдемі жарасым тапқан.

(Сахнадағы балаларды тағы да бір топ оқушы алмастырады. “Менің — Қазақстаным” Әнұранының әуені баяу беріле бастайды).

1-оқушы: Құрметтеймін жерімді,

Өзен-көлін, нуын да.

Қастерлеймін елімді,

Әнұранын, туын да.

2-оқушы: Еліммен бірге тілегім,

Туған жер — алтын тұрағым.

Жатқа да айта білемін,

Елімнің Әнұранын.

3-оқушы: Мемлекеттік Әнұран — елдің әдеби-сазды төлқұжаты. Оның әуені мен мәтіні шығармашылық қос қанаты тәрізді.

4-оқушы: Ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың Евгений Брусиловский және Латиф Хамидимен бірігіп шығарған әйгілі әуені қазақ елінің әнтұмары міндетін 1944 жылдан 2005 жылға дейін — 60 жылға жуық атқарып келді.

5-оқушы: Басқа халықтардағыдай, қазақтардың да рәміздерге, ұлттық гимнге айналып кеткен әуендері бар.

6-оқушы: Солардың бірі — “Елім-ай” әні.

7-оқушы: “Елім-ай” әні 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде Шәмші Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным” әнімен қатар шырқалды.

(Сахнаға Шәмші Қалдаяқовтың портретін көтерген бала шығады).

8-оқушы: Шәмші Қалдаяқов — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының авторы, көрнекті сазгер.

9-оқушы: Қалдаяқов — Қазақстан Республикасы халық әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

10-оқушы: Ол кісі 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында дүниеге келген.

1-оқушы: Қапыланбек малдәрігерлік техникумында…

2-оқушы: Хамза Ниязи атындағы Ташкент музыкалық училщесінде…

3-оқушы: Және Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының композиция факультетінде оқыған.

(Сахнаға Жұмекен Нәжімеденовтің портретін көтерген бала шығады).

4-оқушы: “Менің Қазақстаным” әнінің сөзін ақын Жұмекен Нәжімеденов жазған.

5-оқушы: Елдің сүйікті әуеніне айналған бұл шығарма дүниеге келген 1959 жылы композитор да, ақын да консерваторияның студенттері еді.

6-оқушы: Әнді алғаш рет радиода Жамал Омарова орындаған, кейін Ришат Абдуллин мен Сара Тыныштықұлова айтты.

7-оқушы: Жұмекен Нәжімеденов — көрнекті ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

8-оқушы: Ол кісі 1935 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қошалақ ауылында дүниеге келген.

9-оқушы: Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары факультетінде…

10-оқушы: Және Мәскеудегі Горкий атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курстарда оқыған.

1-оқушы: 2006 жылдың 6 қаңтарында Үкіметтің ұсынысы бойынша Мемлекеттік Әнұранның әуені мен мәтінін жаңарту көзделді.

2-оқушы: Жаңа Әнұран баспасөзде жарияланған күннен — 10 қаңтардан бастап күшіне енді.

3-оқушы: Жаңа Әнұран елге бұрыннан таныс “Менің Қазақстаным” әнінің негізінде дүниеге келді.

4-оқушы: Мемлекеттік рәмізге айналған әннің мәтініне бірқатар өзгерістер енгізілді.

5-оқушы: Таңдап алынған жиырма жолдағы елу тоғыз сөздің жиырма бесі өзгеріске ұшырады.

(Сахнаға Н. Ә. Назарбаевтың портретін көтерген бала шығады).

6-оқушы: Осыдан кейін, жобаны талқылау кезінде Әнұран авторлары қатарына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қосып, оның авторлық құқын ресми бекіту жөнінде мәселе көтерілді.

7-оқушы: Парламент Әнұран мәтінінің авторлары Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев екенін айғақтайтын шешім қабылдады.

8-оқушы: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев — 1940 жылы Алматы облысының Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында дүниеге келген.

9-оқушы: Мамандығы — инжинер-металург.

10-оқушы: Еңбек жолын Теміртауда болат балқытушы болып бастап…

1-оқушы: Кәсіпорын, қала және облыс деңгейінде басшылық жұмыстар істеді.

2-оқушы: Қазақ КСР-нің Үкімет басшысы және Елбасы лауазымды қызметтерін атқарды.

3-оқушы: 1991 жылдың желтоқсан айынан Қазақстан Республикасының Президенті.

4-оқушы: “Менің Қазақстаным” әні жарты ғасыр бойы елмен бірге жасап, елмен бірге мұңайып, елмен бірге қуанып келеді.

5-оқушы: “Менің Қазақстаным” әнін оның авторлары Әнұранға арнап жазбаған.

6-оқушы: Олар бұл шығарманы Әнұран байқауына өз қолдарымен ұсынған да емес.

7-оқушы: Дүниеден ерте озған саңлақтардың артындағы жоқшысы да, бағалайтын да — халықтың өзі.

8-оқушы: Бүкіл елдің, халықтың қалауымен Әнұранға айналған “Менің Қазақстаным” әр шаңырақтың, ел шаттығының жалауына айналды.

(Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының фонограммасы қойылып, оқушылар залдағы көрермендермен қосылып, оң қолдарын, кеуделеріне ұстап әнұранды орындайды).

 

Әкесіне — ұл айбын,

шешесіне — қыз айдын

 

(Отбасылық көңілді жарыстың сценарлық жоспары)

 

Зал іші әсем безендірілген. Оның ұзына бойының бір қапталында жанкүйерлер трибунасы, оған қарама-қарсы әділ қазылар алқасының столы орналасқан. “Әкесіне — ұл айбын, шешесіне — қыз айдын”, “Көңілді жарысқа қатысушыларға жалынды сәлем!” деген сияқты жазулары бар плакаттар ілінген. Бір шетте электрлі табло.

(Залдағы жанкүйерлер гуілін фанфар үні бөледі)

Диктор: Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе! Құлақ қойып тыңдаңыздар!

(Көңілді музыка шарықтайды. Осы кезде залдың екі жағынан екі жүргізуші шығады)

І жүргізуші: Тоқтаңыздар! Тоқтай тұрыңыздар!

ІІ жүргізуші: Сәл сабыр етіп, музыканы баяулатыңыздар!

І жүргізуші: Ең алдымен бұл жерге не үшін жиналғанымызды біліп алуымыз керек емес пе?

          ІІ жүргізуші: Әрине, команда арасында өтетін көңілді жарысты тамашалауға жиналып отырмыз. Оны балалардың барлығы да біледі.

І жүргізуші: Ал, ол жарыс қалай аталады?

ІІ жүргізуші (жанкүйерлерге қарайды): Қане, балалар…

Жанкүйерлер (хормен): “Әкесіне — ұл айбын, шешесіне — қыз айдын”!

      І жүргізуші: Олай болса, залға жарысқа қатысушы командаларды шақырайық.

Залға спорттық киім киген бірінші команда мүшелері жүгіріп шығып, белгіленген орынға сап түзеп тұрады.

ІІ жүргізуші: Бірінші топ командасы…

Жанкүйерлер: “Ақбота”!

Залға спорттық киім киінген екінші команда мүшелері жүгіріп шығып, белгіленген орынға сап түзеп тұрады.

І жүргізуші: Екінші топ командасы…

Жанкүйерлер: “Ертөстік”!

ІІ жүргізуші: Енді бүгінгі  көңілді жарысқа қатысушы командалар намысын қорғайтын отбасы мүшелерімен жеке-жеке танысып өтейік.

І жүргізуші: “Ақбота” командасында…

ІІ жүргізуші: …….. тар отбасы. Шешесі…….(мекеменің аты) (қызметі) болып еңбек етеді. Әкесі….. (мекеменің аты)(қызметі) болып жұмыс істейді. Олардың балалары…..

Осылайша командадағы 4 отбасы мүшелерін жеке-жеке танысытырып, аты аталған отбасы мүшелері бір кісідей алға адымдайды. Команда мүшелері толық таныстырылып болғанда сапта тұрғандардың барлығы бір адым кері аттап, бастапқы орындарына тұрады.

І жүргізуші: “Ертөстік” командасында…

ІІ жүргізуші: ….. тар отбасы.

 (Отбасы мүшелері бір адым алға аттайды) Таныстыру бастапқы үлгі бойынша.

(Музыка).

І жүргізуші: Міне, біз жарысқа қатысушы екі команда мүшелерімен де толық танысып өттік. Енді осы сайысқа даярлық барысын, мерекеге қатысушылардың көңіл-күйлерінің қандай екенін білсек.

ІІ жүргізуші: Оны білу соншалықты қиын емес. Осы залдағылардың өздерінен сұрайық. Команда мүшелері, сіздердің көңіл-күйлеріңіз қандай?

Команда: Та-ма-ша!

І жүргізуші: Ал жанкүйерлер бұған не дер екен?

Жанкүйерлер: Та-ма-ша!

ІІ жүргізуші: Ал енді, аса құрметті қазылар алқасы, әрине… (алқа мүшелеріне қарайды)

Қазылар: (барлығы бас бармақтарын шошайтып): Та-ма-ша!

І жүргізуші: Өте жақсы! Тамаша!

ІІ жүргізуші: Иә, иә, бүгінгі біздің жарысымызға қатысушылар өте жақсы спорттық формада, көтеріңкі көңіл күймен келген екен.

І жүргізуші: Олай болса, осындай көңіл-күймен көңілді жарысты бастап кеп жіберейік…

ІІ жүргізуші: Айтпақшы, біз осы әділ қазылар алқасының мүшелерін таныстыруды естен шығарып алдық-ау деймін?

І жүргізуші: Жаңа ғана ол кісілердің барлығы бір ауыздан “Көңіл-күйіміз өте тамаша” деді емес пе?

ІІ жүргізуші: Енді жеке-жеке сұрап көрейік.

І жүргізуші: Сұрасақ, сұрайық…

(Жүргізушілер қазылар алқасы орналасқан столға жақындап, микрофон ұсынады)

І жүргізуші: Бүгінгі көңілді тележарыстан не күтесіз?

Жауап:

І жүргізуші: Алқа мүшесі… (аты-жөні, қызметін айтып таныстырады).

ІІ жүргізуші: Команда мүшелерінің бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

Жауап:

ІІ жүргізуші: (таныстырады).

І жүргізуші: Жанкүйерлер тарапынан нені талап етесіз?

Жауап:

І жүргізуші: Алқа мүшесі (таныстырады).

ІІ жүргізуші: Залда отырған көрермендерге не айтар едіңіз?

Жауап:

ІІ жүргізуші: Алқа мүшесі (таныстырады).

І жүргізуші: Әділ қазылар алқасы, яғни сіздің әріптестеріңіз жарысқа төрешілік жасауда қандай қағиданы басшылыққа алады?

Жауап:

І жүргізуші: Міне, дәл қазір басталғалы отырған “Әкесіне — ұл айбын, шешесіне — қыз айдын” деп аталатын көңілді жарысқа төрешілік ететін әділ қазылар алқасының төр ағасы — (таныстырады).

ІІ жүргізуші: Сонымен барлығы ойдағыдай шыққан сияқты. Енді жарысты бастасақ та болады.

І жүргізуші: Қалай, барлықтарыңыз да дайынсыздар ғой? Балалар, көңілді жарысты бастаймыз ба?

Залдағылар (хормен): Бастаймыз.

ІІ жүргізуші: Олай болса, алғашқы эстафета “Бастау” деп аталады.

(Гонг үнімен ойын басталып кетеді).

Ойын барысынан репортажды коментатор дауыс күшейткіш арқылы жүргізіп отырады. Жанкүйерлер қолында “Алға, Ақбота!” “Ерледің, Ертөстік! ”, “Жеңіс, жеңіс, жеңіс керек!” деген сияқты ұрандар, түрлі үлкен ойыншықтар.

“Бастау эстафетасы”. (Командалар толық құрамда қатысады). Әр кезеңде бір отбасы мүшелері ойнайды.

1-кезең: Шешесі мен Әкесі қолдарын айқастыра ұстап, оған балаларын отырғызады. Бала келесі бетке жеткенше жол бойына тігілген жалаушылардың бәрін жинап отыруы керек.

2-кезең: Шешесі мен Әкесі екі аяғын ұстаған бала келесі бетке жеткенше аралықты қолымен жүріп өтуі керек.

3-кезең: Шешесі мен Әкесі балаларын ортаға алып, бәрі қол ұстасып, теріс қарай (арқаларын жүгіру бағытына беріп жүгіреді).

4-кезең: Көздері байланған шешесі мен әкесі жүгіру бағытына теріс қарап тұрады. Ал ортада екеуінің қолынан ұстаған көзі байланбаған бала жүгіру сәтінде оларға бағыт беруші болады.

(Музыка).

“Бастау” эстафетасы аяқталысымен залдағы балаларға “Ну, погоди!” сериялынан спортқа қатысы бар мультфильм көрсетіледі. Осы сәтте әділ қазылар жеңімпазды анықтап, мультфилмьнен соң ол хабарланады да, таблода ұпай сандары жазылады. Гонг үнімен келесі ойын басталады.

“Тескентау” ойыны (әр командададан екі отбасы қатысады. Олардың қолдарында 4 метрлік, екі жақ басы ашық үлкен қанарлар).

Әр семьяның ата-анасы қанардың екі басынан тоннельге ұқсатып ұстайды. Белгі берілгенде балалар бірінің соңынан бірі қанардың бір басынан еңбектеп кіріп, екінші жағынан шығып отырады. Балалар өтіп болған қанарды ұстап тұрған ата-аналар оны ары қарай жалғастыруға асығады. Ойын залдың мәреден сөреге дейін, немесе сөредегі белгіні айналып бастапқы орындарына келгенге дейін жалғасады.

Ортаға оқушылар сарайы балет үйрімесінің бишілері шығады. Осы сәтте ойынға қатысушыға микрофон ұсынылып сұхбат жүргізіледі.

Сұхбат сұрақтары:

— “ Бастау” эстафетасы бойынша сендердің командаларың жеңіске жетті. Сен оған қуаныштысың ғой, ия? Егер қуаныш деген тәтті торт сияқты бөлуге болатын болса, ең үлкен бөлігін кімге ұсынар едің?

— “Бастау” мен “Тескентанудың” қайсы қызықтырақ болды? Неге?

— Екініші ойында сендердің командаларың қандай қателіктер жіберді деп ойлайсың?

— Жарыстың ең соңында қай команда жеңіп шығады деп ойлайсың? Неге?

Сұхабаттан соң ұпай саны шығарылып, таблода көрсетіледі.

Диктор: келесі ойын “Доп эстафетасы” деп аталады.

 

Гонг үнімен ойын басталып кетеді.

 

“Доп” эстафетасы — ойынға әр командадан екі отбасы қатысады. Оған үрмелі үлкен доптар алынады.

1-кезең (әкелер): Доп ойыншылардың бірінің кеудесі мен екіншісінің жауырынының арасында болады. Олар осы қалыппен допты түсірмей, залдың екінші басында қойылған белгіні айналып өтіп, допты мамаларға береді.

2-кезең (шешелер): Екі ойыншы допты бастарының арасына қысып алып жүгіруге тиіс. Мәре сызығына қайта айналып келіп допты ұлдарға береді.

3-кезең (ұлдар): Екі ойыншы допты жамбастарының арасында алып жүгіреді.

4-кезең (қыздар): Екі ойыншы допты иықтарының арасына қыстырып алып жүгіреді. Олар белгіні айналып,мәреге қайтып келгенде ойын аяқталады.

Жарыс өткізіліп жатқан сәтте “Доп” эстафетасына қатысқандарға микрофон ұсынылып, сұхбат жүргізіледі.

Сұхбат сұрақтары:

(Шешелерге): — Осы көңілді жарыстың өткізілуі туралы не айтасыз?

— Балаларыңыздың нағыз спортшы мамандығын меңгеруін қалайсыз ба?

(Әкелерге): — Өз балаңыздың осы жасында өзіңіз қандай ойындар ойнандарыңыз есіңізде ме?

—       Алдында өткен екі ойынмен мына “Доп” эстафетасы туралы не айтар едіңіз?

Ойын аяқталған кезде зал төріндегі экранда “Ертөстік” командасының мектептердегі спорт сабағының өткізілуі туралы сюжет көрсетіледі. Осы сәтте жанкүйерлерге  микрофон ұсынылып сұхбат жүргізіледі.

Сұхбат сұрақтары:

— (Жеңілген команда жанкүйерлеріне): Жарысқа қатысушылар арасынан қай команданың ойыны ұнап отыр?

— Жаңағы “Доп эстафетасының” ең қиын кезеңі қайсы болды?

— Шешелер мен Әкелер ойнай ала ма?

— Өз ата-анаңмен үйде қандай ойын ойнайсыңдар?

Ойын аяқталды. Ұпай саны анықталып, таблода көрсетіледі.

Диктор: “Ақбота” және “Ертөстік” командаларының мүшелері, “Сөз құрау” ойнына дайындалыңдар.

Гонг үнімен ойын басталып кетеді.

“Сөз құрау” ойынына әр командадан үш отбасы қатысады. Олар бір шетте ретсіз үйіліп жатқан (екі команданың кубиктері бір жерде) әріп-кубиктерден сөздер құрастырулары керек.

“Ақбота” командасына — ҚЫЗҒАЛДАҚ.

“Ертөстік” командасына — САРҒАЛДАҚ.

Қажетті кубиктер Қ=З, Ы=Қ, З=Қ, Ғ=2, А=5, Л=2, Д=2, С=1.

Барлығы: 18 кубик.

Ойын аяқталған соң экранда әр командадан бір-бір отбасының бос уақыттарын балаларымен өткізуі жөнінінде сюжеттер көрсетіледі. Содан кейін ұпай саны анықталып, таблода көрсетіледі.

Диктор: Келесі ойында отбасы мүшелерінің ұйымшылдықтары мен тапқырлықтары ерекше көзге түседі. Сондықтан біз оны “Мама, папа және  мен” деп атадық.

Гонг үнімен ойын басталып кетеді.

“Шешем, әкем және мен” ойыныныда әр командадан  бір-бір отбасы мүшелері қатысады. Мәреден сөреге дейін ата-анасы балаларының аяқтарын өздерінің бір-бір аяқтарының үстіне қойғызып алып жүгіреді. Сөреде тұрған 2 самокатқа бала екі аяғын қойып, оның біреуінің рулін мамасы, екіншісінікін папасы ұстап мәреге қайта оралады.

Бұл ойын аяқталысымен ортаға жас гимнастар шығып, өнер көрсетіп жатқанда, ойынға қатысқан отбасы мүшелерінен сұхбат алынады.

Сұхбат сұрақтары:

(Ата-анаға): — Бос уақытыңыздың қаншалықты бөлігін балаларыңызбен болуға арнайсыз? Жалпы оған мүмкіншілік бар ма?

— Отбасының бос уақытындағы ең сүйікті істеріңіз қандай?

(Балаларға): — Мектептегі күндер жақсы ма, жоқ үйде көбірек болғанды ұнатасың ба? Себебі?

— Сен демалыс күндерінде ата-анаңмен бірге болғанда немен айналысқанды жақсы көресің?

Ұпай саны хабарланады да, алқа мүшесі келесі эстафетаның “Жолың болсын, шолаушы” деп аталатынын хабарлайды.

Гонг үнімен ойын басталады.

“Жолың болсын, жолаушы!” эстафетасына әр командадан екі отбасы қатысады. Бірінші жұптар мәреде, екінші жұптар сөреде тұрады.

1-кезең: Ата-аналар шиыршықталып оралған бірнеше кілем-дорожканың мәреден сөреге дейін төсеп отырады. Әрбір кілем төселіп болғанда оған жалғастыратын кілемді алу үшін әрбір жолы сөре сызығынан әкетуге тиіс.

2- кезең: Әр командадан бір қыз бала төселген кілем үстімен самокатпен жүріп өтеді. Кілем төселіп үлгермесе, ары қарай кетпей, күтуге тиіс.

3-кезең: Сөреде тұрған ата-аналар кілемдерді шиыршықтап қайтадан жинайды. Әр кілем шиыршықталған сайын оны сөреге әкеліп тастап отырады.

4-кезең: Әр командадан бір ұл бала кілемнің жолымен велосипедпен жүріп отырады. Егер жолындағы келесі кілем әлі жиналып үлгермесе, оны күтуге тиіс.

Ойын сәтінде мұғалімдермен әңгіме-сұхбат жүргізіледі.

Сұхбат сұрақтары:

— Бүгінгі өткізіліп отырған көңілді жарыстар балалардың бойында қандай қасиеттерді қалыптастарады деп ойлайсыз?

— Ата-аналардың мектеппен байланыстары қандай? Олар бала тәрбиесінде қандай көмек көрсетеді?

— Өздеріңіздің мектептеріңізде осындай жарыстар жиі өткізіле ме?

—   Осындай жарысқа өзіңіз қатысқан болар ма едіңіз?

Үзілісте екі мектеп оқушыларының бір-бірден концерттік номерлері көрсетіледі. Содан ұпай саны хабарланып, гонг үнімен келесі эстафета басталып кетеді.

“Шеңберлі эстафета” ойындарына команда мүшелері толық қатысады. Әр командадағы 2 отбасы сөреде, 2 отбасы мәреде тұрады. Ойынға бірдей диаметрлі шеңберлер алынады.

1-кезең: Имек темірмен шеңберді дөңгелетіп жүгіреді.

         1-папа: мәре-сөре. 2-әке: сөре-мәре.

2-кезең: Шеңберді белдеріне айналдырып жүгіреді.

         1-мама: мәре-сөре. 2-шеше: сөре-мәре.

3-кезең: Шеңберді скакалка етіп жүгіру.

         1-қыз: мәре-сөре. 2-қыз: сөре-мәре.

4-кезең: Екі ұл шеңбер ішіне кіріп алып жүгіреді. Мәре-сөре.

5-кезең: Аяқтарына роликті коньки байлаған 2 шеше бір шеңбер ішіне кіріп алып жүгіреді. Сөре-мәре.

6-кезең: Екі әке бір-бір аяқтарын жұптап байлап алып жүгіреді. Мәре-сөре.

Ойын аяқталысымен ортаға жүргізушілер жүгіріп шығады.

І жүргізуші: Бір-екі-үш... Біз қазір көңілді жарысты тамашалауға келген балаларға, ата-аналарға тәрбиеші тәтелерге, әділ қазылар алқасындағы ағалар мен апаларға қызық-қызық сұрақтар қоямыз. Қане, кім бірінші жауап береді екен. Алдымен сұрақты мұқият дыңдап алайық.

Гонг ұрылады.

ІІ жүргізуші: Бала болған жақсы ма, үлкен болған жақсы ма? (микрофон алдымен балалардың біріне, сосын үлкендердің біріне ұсынылады). Себебі?

І жүргізуші: Әкең мен шешең сенің айтқан тіліңді әрқашан да ала ма? (микрофон балаларға ұсынылады).

ІІ жүргізуші: Жарыс барысы несімен қуантады? (төрешілерге).

І жүргізуші: Балаларыңыз айтқан өтінішке қалай қарайсыздар? (Ата-аналарға).

ІІ жүргізуші: Бүгінгі жарыстағы ең көңілді эстафета қайсы болды? (Қолдарын көтергендерге).

І жүргізуші: Өздерің қандай ойын ұсынған болар едіңдер? (Қол көтергендерге).

ІІ жүргізуші: Ойынға қатысушылар арасында ең жақсы өнер көрсеткендер кімдер — әкелер, шешелер, ұлдар, әлде қыздар ма? (Алдымен балалар, мұғалімдер, алқа мүшелері, тағы балалар).

Жүргізушілер осылайша залдағыларға әр түрлі сұрақтар қоюды аяқтаған кезде, коментатор микрофон арқылы ең соңғы ойын туралы хабарлама жасайды. Таблода соңғы ойын “Шеңберлі эстафета” қортындысы бойынша ұпай сандары ауыстырылады.

         Коментатор: Міне, бүгінгі “Әкесіне — ұл айбын, шешесіне қыз айдын” деп аталған көңілді жарысымыз аяқталып та келеді. Ойын есебі... Дәл қазіргі сәтте, соңғы “Шеңберлі эстафета” қортындысы бойынша ... мектептің... командасы... ұпаймен алда келеді. Ендеше көңілді жарыстың ең соңғы ойынын тамашалайық. Ол “Қырықаяқ” деп аталады.

Гонг үнімен “Қырықаяқ” ойыны басталды.

“Қырықаяқ” ойынына екі команда да толық құрамында қатысады. Ойын басталуына белгі берілер алдында әр команда мүшелері бір-бірінің белдерінен ұстап ұзын тізбек жасап, зал ортасына қойылған бөрененің екі қапталына орналасады. Белгі бойынша қозғалысқа келген “Қырықаяқтың” алғашқы ойыншысы қарсылас команданың тізбек соңындағы ойыншысын ұстап алғанда ойын аяқталады.

Бірінші тұрған ойыншы қарсыластарына жетіп алған сәтте, өз командаларының тізбегі үзіліп қалса, ол есепке алынбайды. Керісінше ол қарсылас команданың үзіліп қалған тізбегінің соңын ұстап алса, ойын аяқталған болып есептеледі.

Ойын осымен аяқталады. Көңілді музыка. Сыйлықтар тапсыру, құттықтаулар. Команда мүшелері, жанкүйерлер,  әділ қазылар мүшелері жеке-жеке ортаға шақырылады.