Көлшік

Жаздың жауынынан кейін жиналып қалған көлшікке екі-үш күн болды. Жаңбыр қанша жауса да, жаздың ыстық күні әп-сәтте бәрін кептіріп, көлшіктің де тынысын тарылтып барады. Сол көлшіктен қол созым жерде жел ұшырып әкелген ұрықтан жайқалып шыққан Қызғалдақ та жаңбыр жауғанда мәз болып, қанып су ішіп қалған еді. Енді міне,  аптап ыстықтан бойына жиналған судан да түк қалмауға айналды. Нәзік сабақтары қып-қызыл күлтелерді ауырсынып майысып барады. Жапырағы да жерге жабыса жармасып, бас көтере алмады. Осыны көрген Көлшіктің Қызғалдаққа жаны ашып кетті. Өзін қойшы, жерде жатқан бір шалшық су ғой. Тек, мына әдемілік көз алдында солып барады. Қолынан келсе көмегін аямас еді-ау. Бірақ, қолдан келер не шара бар?!

         Ағаш атты ат қылып мінген бес жасар балақай шалшық суды «кешіп» өтіп, шөлдеп қалған «атын» суғарып алды. Кенет оның да көзі солып бара жатқан Қызғалдаққа түсіп кетті.

-   «Тұлпарым», қарашы, ана гүл де сен сияқты шөлдеп қалыпты. Екеуміз оған көмектесейік, - деп тұлпарынан түсіп, Көлшік пен Қызғалдақтың арасын кішкентай ғана арық жүргізіп берді де, «Шүу!» деп тұлпарына қайта мініп, ары қарай шауып кетті. Көлшік қуанып кетті. Ол балақайға іштей алғысын жаудырып, бар күшін салып кішкентай арықпен Қызғалдаққа жетуге тырысты. Баяу жылжыған Көлшік суы өзін асау толқынды өзендей сезініп, алға қарай ұмтыла берді. Ақыры Қызғалдаққа жетіп, оның бойына нәр болып құйылды. Соңғы тамшысы қалғанша аққан Көлшіктің тек дымқыл тартқан орны ғана қалды. Ал Қызғалдақ болса, күлтелері желмен тербеліп, нәзік сабағы бой көтерді. Бұл оның Көлшікке деген алғысы еді.