Бағдаршам.

Балалардың кейде өзара бірнәрсеге келісе алмай, бір-бірімен таласып қалатыны бар. Үлкендеуі кішісіне күш көрсетіп, кішісі жылап, одан кейін қайта татуласып жатады. Бүгін де екі қыз болмашы нәрсеге таласып, бір –біріне өкпелеп қалды.

- Бері жақындаңдар, мен сендерге ертегі айтып берейін, - дегенім сол еді, бәрін ұмытып жаныма жүгіріп келді. Бірақ өкпелері әлі жазыла қоймаған сияқты. Оларға бір көз тастап қойдым да, ертегімді бастадым.

       Бағдаршам әкейдің үш ұлы бар еді. Қызу қанды Қызылбек, сабырлы Сарыбай, көңілі ашық Жасылбек. Үшеуі өте тату тұғын. Ешқашан жұптары жазылған емес. Адамзат игілігі үшін қолдарынан келгенше аянбай еңбек етіп, көше тәртібін реттеп тұратын. Кейде сондай татулықтың арасына болмашы нәрселерге бола сызат түседі. Бүгін де өз қызметтерін қалтықсыз атқарып тұрған ағайынды үшеудің жандарына келген екі балақайдың әңгімесі олардың шырқын бұзды.

- Қалай ойлайсың, бағдаршамның қызыл көзі пайдалы ма, әлде жасыл көзі ме? – деп сұрақ қойған балақай досының жауабын күтіп тұрды.

- Әрине, жасыл. Жасыл жанса жүреміз. Қызыл жанса, күтіп тұруға тура келеді.

- Ал меніңше, қызылы пайдалы. Жолдағы қозғалысты реттейтін нағыз сол көзі.

Балақайлар көп дауласқан жоқ. Жасыл көз жанған соң, көшенің арғы бетіне асыға жөнелді. Бірақ сол жерде қалған әңгіме ағайындылардың арасына дау туғызып кетті.

- Әне, мені адамдар мойындап тұр. Жол қозғалысы реттейтін мен екенмін, - деп қызбалықпен дауды тұтатып жіберді Қызылбек.

-  Олар бар болғаны балалар ғой. Көп нәрсені түсінбейді, - деп басу айтты Сарыбай.

-  Өзің ойлашы, тұра берсең жұмысың өне ме? Адамдар айтады емес пе, «Жатқанға жан жуымас, жүргенге жөргем ілінер» деп. Сондықтан адамдарға менің пайдам көп-ау, -деп ақкөңіл Жасылбек өз ойын мақалдап жеткізді.

Өздері біліп тоқтамаса, қызбалықпен туған дау жаман ғой. Ағайынды екеу ұзақ сөз таластырды. Басу айтқан Сарыбайдың сөздерін құлақтарына да қыстырмады. Содан не болды дейсіңдер ғой? Шорт мінезді Қызылбек басқа көшеге, өкпешіл Жасылбек басқа көшеге кетті. Нағыз аласапыран сол кезде басталды. Қала көшесіндегі тәртіп бір күннің ішінде астаң-кестеңі шықты. Қызылбек тұрған көшедегі көліктер де, адамдар да кептелісте. Баратын жеріне бара алмайды, жүрейін десе, ережені бұзады. Барлығы не істерлерін білмей дал болды. Ал Жасылбек кеткен көшенің көліктері де, адамдары да бірін-бірі басардай жүріп жатыр, жүріп жатыр. Тоқтамайды. Осының бәрін көрген Сарыбай дереу Бағдаршам әкеге барып болған жайды баяндап берді. Ашуға булыққан әке дереу екі ұлын алдына шақыртты. Әкесі шақырғанда, ұлдары құлақ асып, жетіп келеді емес пе? Екеуі кірген бетте әкелері қолын сермеп, ақыл сөздерін ағыта жөнелді:

- Әй, екеуің не болған? Айдың, күннің аманында «Адамға қайсымыз пайдалымыз?» деп дауласқандарыңа жол болсын! Менің бабам мына жүйткіп жүрген көліктерден бұрын, сонау 1868-жылы ағылшынның Лондон қаласында дүниеге келген. Содан бері адамзатқа қыңқ демей қызмет етіп келеміз. Ана темір жолдағы туыстарың да, істерін адал атқарып жүр ғой. Әй, сендер неге содан үлгі алмайсыңдар, а? Мына қылықтарыңды басқалар естімесін. Бағдаршам әулеті қырық пышақ болып қырқысып жатыр екен деп масқара боламыз. Бауырлар деген тату болмай ма екен?!

Әкелерінің сөздерін қарсы уәж айта алмаған екі бауыр төмен қарап, жер шұқылап тұрды. Расымен де, олар не үшін ұрсысып жүр? Олар тек бірге болғанда ғана адамзатқа пайдалы емес пе? Өз кінәларын мойындап, Қызылбек мен Жасылбек бір-бірінен кешірім сұрап, өз қызметтеріне қайта оралыпты. Көрдіңдер ме, егер бауырлар тату болмаса, тәртіп бұзылып, көптеген келеңсіз жағдайлар болады екен».

Екі қызымның көздері жайнап кетті. Естеріне ойнап отырған ойындары түсіп кетті ме, екеуі де «Рахмет сізге» деп үйге жүгіріп кіріп кетті.