Сиқырлы әріптер

Әр күн сайын жаттадың бір әріптен,

Барлық сыйын аямады «Әліппең».  

Сап түзеген сарбаздайын тізілген,

Сиқырларын түсіндің бе, танып па ең?

 

«А» дегенің – аналар мен аталар,

Қазақ ұлы әрқашан да бата алар.

«Ә»-ден бастау алар әже-әкелер,

Барлығы да бізді аялап, мәпелер.

«Б» деген ол - байрағың, ия Көк туың,

Қазақстан деген қандай тәтті үн!

 

«В» тұрады одан кейін, вагоның,

Астанаға сапар шексең, жарадың.

«Г» деген ол - гол ғой соғар еппенен,

Кеше біздер жеңілгенбіз, әттеген!

Бақпен қатар шабады екен бап деген!

 

«Ғ» деген ол - ғаламат қой, ғаламшар,

Ғаламшарың, шіркін, қандай, бара алсаң.

«Д» деген ол - дастархан ғой, ауылда

Дос-туыстар бас қосатын, бауырлар!

«Е» деген ол - елгезектік, ерліктер,

Ежелден біз талай жауды жеңдік те.

«Ё» дегенді жаттап алдың кемсінбей,

Ол дегенің «Е»-ге жақын, көршіңдей.

 

«Ж» әрпінен басталады жапырақ,

Жазда ғажап жасыл жайлау, атырап!

«З» дегенің естіледі сызылып,

Зор кеуделі азамат бол, сөзі нық!

«И» әрпіне келсең жайлап, жағалап,

Ауылдағы итің шығар абалап.

Йод жағып берер анаң қолыңа,

Жүгіргенде, алсаң егер жаралап.

 

«К» деген ол - көркем әріп, июлі,

Кіші ініңе үйрет киім киюді.

«Қ» деген ол - қатаң дыбыс біз ұққан,

Қыс мезгілі, қыздар менен қызықтар.

 

Лақпен бірге жарыссаң сен шапқылап,

Алдыңғы әрпі «Л» деп айтам, таптым-ақ!

 

«М» дегенде еске түсер мықтылар,

«Н»-ны айтсаң, нағыз ерлер - тік тұрар.

«Ң» да оның туысы екен, бауыры,

Аңға шыққан - жігіттің ең тәуірі.

 

Оттан ыстық Отан екен, «О» әрпің,

«Ө» дегенің - өгіз арба, доғарттың.

 

«П» айтылар парасаты жарасқан,

Пай-пай, жерім, тауы көкпен таласқан!

Риза болмас қай ұланы қазақтың,

Ризығын беріп жатса Жаратқан!

 

Сайын дала, саф ауасы сағымдай,

Сәулесін айт, балдай тәтті таңымдай!

 

«Т» дегенде, тайың түсер есіңе,

Тұлпар деген - бұл қазаққа несібе.

Талай заман дүбірлеткен жер төсін,

Баптап ұста, Тәңір өзі бергесін.

 

 

 

 

«У» бейнелі, байқадың ба, уықтар,

«Ұ» келеді мезгіл болса ұйықтар.

Үкі десең, «Ү» жазылар алдымен,

Үш әріптің қыр-сырын тез ұғып та ал.

 

«Ф» тобына шетел сөзі жиналған,

Қазақстан көрінеді финалдан.

«Х» әріпі химияда кездесер,

Бірақ оны оқуға еш қиналма.

 

«Һ» дегенің – һәкім Абай қазақтың,

Қаһармандар көп аңсаған азат күн.

 

Қиналсаң сен маңдайдан тер тамшылар,

Қара үңгірден ертедегі дәу шығар.

Циклоп дейді кей жерлерде сол дәуді,

Ұмытпа сен, жазарда «Ц» таңдауды.

 

Чемпионсың білсең егер «Ч»-ны сен,

Үздіктерге бола алмайды бірі тең.

«Ш» кездесер күн туатын Шығыста,

Көктемеде бүр жарады шыбықтар.

«Щ» де осыған ұқсас әріп, біл де сен,

Тұщы судан балық ұста, үлгерсең.

 

«Ы» дегенің – «ырыс алды - ынтымақ»,

«І» дегенің - ірілік қой, кім тұрмақ?

 

«Э» әрпіне қарашы сен, тегіс пе,

Экскаватор сынды доғал, теріс пе?

«Ю»-ды көрші, танисың ба аюды,

Үйрендің бе, әжең салған оюды?

 

Қазақстан кең жазира екен деп,

Ойладың ба шет-шегіне жетем деп.

Жер бетінде бізден басқа елдер көп,

Якутияны якуттар жүр мекендеп.

 

Түгендеші, санап алшы, дыбысты,

Бәрін-бәрін жаттап алсаң, дұрыс-ты.

Жуандық (ъ) пен жіңішкелік (ь) белгісін,

Ұмытып біз кетпейікші, бұрыс-ты.

                                 ***

Осылайша, «Әліппеде» мол таным,

Жарық болсын, балапаным, әр таңың!