Атқа міну

- Беске толдың, балам-ау,

Керек әлді шамалау.

Мұндай жаста ұлдарға

Ұят атқа жоламау.

Деген атам байсалды,

Торы тайыма ер салды.

Мінгізді  де, жетелеп,

Әжептәуір жер шалды.

 

Болған соң өз торы тайым,

Мен несіне қорқайын.

Атам да бар жанымда

Істің білер оңтайын.

 

«Сылаң қаға жортайын,

Шабандозым, бол дайын!» -

Дегендей бас шұлғып ап,

Жүйткіп берді торы тайым.

 

Жеңешемдей  -  жаз-жайраң

Сүйді беттен, маңдайдан.

«Міне , Азамат, жігіт!» - деп,

Атам тіпті мәз-мәйрам.