Ашамай

- Таралғысы тым қысқа,

Ерге ұқсас бұл нұсқа –

Ашамайың, мінеки, -

Деп әкеліп берді ұста.

 

Түсіне алман мәнін көп,

Бәрі жұмбақ көрінбек.

Жымияды атам жай:

- Ашамайың керім! – деп.

 

Ер жолымен бабаның,

Салтыменен даланың,

Атам арнап жасатқан

Ері екен бұл баланың.

 

- Торы тайыңды ерттейміз,

Жолға ешкімді ертпейміз.

Алла жазса, - дейді атам, -

Көрші ауылға беттейміз.

 

Жайын ойлап атымның,

Басымды оймен қатырдым.

Түніменен дөңбекшіп,

Таңды әзер атырдым.