ЕРТЕГІ КОРОЛІНІҢ АРМАНЫ

«Менің өмірім құдды ертегі секілді». Бұл – әлемнің атақты ертегішісі Ханс (Ганс) Андерсеннің сөзі. 156 ертегі жазып, әлемнің 80 тіліне аударылған Андерсен неге өзін ертегіші деп санағанын қалаған жоқ? 

Амангелді Кеңшілікұлы әлеуметтік желі­дегі парақшасында Андерсен туралы: «Атақты ертегіші Ханс Христиан Андерсенге арналған ең әйгілі ескерткіш Копенгагенде орнатылған. Халықтан жинаған қаражатқа қойылған ескерткішті тұрғызу идеясы әлемге әйгілі балалар жазушысының көзі тірі кезінде ойластырылыпты. Ескерткіштің ашылуы­на дейін Андерсен қайтыс болып кеткені­мен, оны әзірлеудің жоспарына қаты­сып, өз мүсінінің қандай болуы тиіс екені туралы ойын айтып үлгереді. Байқауға ұсынылған ескерткіштің бірнеше нобайымен танысқан Андерсен күнделігіне былай деп жазыпты: «Кешке маған мүсінші Собю келіп, мен оған өзімнің қарсылығымды білдірдім. Ол да, басқа мүсіншілер де менің өз шығарма­ларым­ды қалай оқитынымды көрмепті, бәрі де менің артымда біреудің тұрғанын ұнатпайты­ным­ды білмейді екен. Оның сыртында, мен еш уақытта да балалардың аяғын асып, мойныма мінгенін жақтырмаймын. Менің ертегілерім балаларға арналмаған. Олар тек менің екінші кезекте айтқым келген дүние­лер­ді ғана ұғады. Менің ертегілерім арқылы айтқым келген ойымды соңына дейін тек ересектер ғана түсінеді». Андерсен терең ойлы туындыларымен адамзат баласының бәрін таңғалдыратын ұлы жазушы болуды өмір бойы армандады. Көптеген романдар мен пьесалар жазды. Қазір олардың бірде-біреуін оқырман түгілі, әдебиеттанушылар да білмейді. Ал Андерсеннің ертегілері әлемдегі барлық бүлдіршіндердің жүрегін жаулап алды. Бірақ ол өзін балалар жазушыларының қатары­на жатқызғандарға өле-өлгенше наразы болып өтті» , – деп жазады.
Әлем ертекшісі туралы аңызға толы әңгіме­лер жетерлік. Өзін балалар жазушысы санамаған Ханс Андерсеннің ертегілерімен әлем балалары тәрбиеленді. «Сүйкімсіз балапан», «Қаршақыз», «Шошқа бағушы», «Түйме қыз», «Ұсқынсыз үйрек» және тағы басқа ертегілерін білмейтін бала кемде-кем.
Андерсеннің ертегілері әлемге танылды. Өйткені ол өз заманының шындығын шығар­ма­ларына арқау етті. Сонымен қатар бүлді­р­шін­дерді ізгілікке, мейірбандыққа тәрбиеледі. Андерсен ертегілерінің өміршең болуы – сондықтан. Ертегі королінің жазбаларына пара-пар ертегі қазақ халқында да бар. Қазақ ертегілерін жинасақ, том-том кітап шығаруға болады. Ертегі – фольклордың қарасөзбен айты­­латын ерекше түрі. Ол халықтың ауызша айтылатын көркем әңгімесі. Қазақ ертегісі – есте жоқ ескі замандардан басталып, бүгінгі күнге шейінгі уақытты қамтиды. Десе де, қазақ ертегісі ертегі королінің деңгейіне жеткен жоқ. Әлем әлі күнге Андерсен ертегі­сін сүйіп оқиды. Қазақ баласы да солай. Андер­сен ертегісінің өміршеңдігі неде? Қазақ ертегісі неге әлемге танымал емес?
Белгілі жазушы Дәлдар Мамырбаева «керектіні теретін адам аз» деген пікірді алға тартады. Жазушының ойынша: «Ертек туралы ертек айтайын. Баяғыда бір патша өтіпті. Жалғанда жаны сүйетін шаруасы – ертегі тыңдау екен. Қолы қалт етсе-ақ өз елінің ертек­шілерін жинап алып, ертегі айтқызудан жалық­папты. Күндердің күнінде қол астын­дағы ертекшілердің айтар ертегісі түгесіліпті. Ол естімеген ертегі, хикая, аңыз қалмапты. Ақыр аяғында: «Егер кімде-кім бұрын соңды мен естімеген тың ертегі бастап, сол ертегісін қашан мен:
– «Жетті! Доғар», – дегенше, үзіп алмай, айтар болса, әмірші атағын, шұрайлы алқапты және сұлу қызымды беремін» деп жар салып­ты. Әрине, мұны естіген ертегішілер үйде жайбарақат жатушы ма еді. Жер-жерден ертегішілер көп жиналыпты. Сол келгендердің ішінен бір кедей жігіттің бағы жанады. Жаңа бұрын естімеген ертекті айтып, патшаның көңілін табады.
Міне, ертекке деген сұранысты патша шешіп беріп отыр. Идеология ма? Идеология дер едім.
«Абай бұрын тағылым, үлгі – кітапта, білім-өнер медреседе ғана деп түсінетін . Оған дастан шебері Низами, Науаи, Физулиде, мұң нәзігі Шаих-Сағди, Хожа-Хафизда, батыр жыры Фердаусиде көрінетін.
…Қалайда болса, Абай бұл күнге шейін дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жыр­ларға барабар ешнәрсе естімеген сияқты болды.
Күндіз де, түнде де Барластардың қасынан шықпады». («Абай жолы», 1-том, 63-бет).
Ауыз әдебиетінің өнегесі ме? Өнегесі. Ұлжан ананың тәрбиесі ме? Тәрбиесі.
Енді «ауыз әдебиетінен» гөрі Андерсеннің ертегілері неге өміршең деген сұрақ көңілге томпақтау көрінеді. Андерсенді оқығандардан оқымағандар көп шығар. Бәлкім, Андерсен «Мың бір түнді» беріле оқып, ондағы оқи­ға­лар­­ға бояу қосып, өзгеше импровизация жаса­ғандығынан болар.
Ауыз әдебиетінің солғын тартып бара жатуы, біз оған қайырылып қарамай, асыға-үсіге батыс жаққа шапқылап бара жатқан­ды­ғы­мыздан шығар. Керектіні теретін адамдар азайып емес-ау, жоқ болып бара жатқан секілді.
Жалпы, балалардың адамгершілік, иман­ды­лығын, көркем мінезінің іргетасын ауыз әдебиеті қалайды, ал қабырғасын әркім өзіне ұнаған шығармалармен өрнектейді».
Әрине, қымбат, құнды қазына тұрғанда зама­науи ертегі жазу қажет емес деген ойдан аулақпыз. Кез келген бала халық ауыз әдебие­ті­мен қоректенуі тиіс. Онсыз болмайды. Ал зама­науи шығарма тудыру – уақыт талабы. Көштен қалсақ, тағы жарамайды. Ертекші Әдина Жүсіптің ойы осыған саяды.
– Бала күнімде ертегіні қалай оқығанымды айтайын. Бастауышты бітіріп, 5-сынып­қа өттік. Қазақ әдебиетінен сабақ бере­тін Әбілат ағайымыз тоқсан арасындағы дема­л­ыста ертегі оқуды тапсыратын. Тапсыр­ма­сын ұмытпай, бір-бірлеп тұрғызып қойып сұрайтын. Сол жылы жазғы демалысқа шығарда қазақ ертегілерінің тізімін берді. «Қыркүйекте осы ертегілердің мазмұнын, жағымды-жағымсыз кейіпкерлері туралы жазып әрі әңгімелеп бересіңдер» деді. Ағайдың үй тапсырмасын мұқият сұрайтынын білетін біз жаз бойы кітапханадан шықпа­ған­быз. Қазір ойланып отырсам, сол тапсыр­ма­лар­дың ішінде әлем ертегілері болған жоқ. Тек қазақ ертегілері еді. Ертегіні солай оқы­дым. Бірте-бірте повесть, роман оқуға да баулыды. Қазақ ертегісінің оқылмай, шет қалу себебі – теледидар, ғаламторда балаларға арналған түрлі-түрлі қызықты мультфильмдер көп. Балалар соны көреді. Қазір мұғалімдер тарапынан «жазғы демалысқа кітап оқы» деген тапсырма берілмейді. Ата-ана қолы жеткен кітапты алып береді. Оның үстіне кітап дүкен­дерінде қазақ ертегілері өте аз. Болса да бір ертегі бір кітапша болып шығады. Оның қасын­да әлем халықтарының ертегілері көр­кем безендіріліп, дыбысты нұсқада жарқырап тұрады. Түрі солғын, жұп-жұқа сапасыз басыл­ған қазақ ертегілерін алғаннан іші ертегіге толы, суретті ертегі кітапты алған дұрыс емес пе? Бұл жерде ата-ананы кінәлай алмаймыз. Мультфильмдер де солай. Баспа ісімен айналысатын кісілер де өздеріне тиімді нұсқаны таңдайды. Шетел ертегілерін аударып басу оңай, суреті дайын. Тек аударып алады да, баса береді. Ал қазақ ертегілерін дәл солай шығару үшін сурет салдыру керек деген мәселе шығады. Ертегінің бір суреті – 10-15 мың шамасында. Тіпті бұдан да қымбат болмаса. Мектеп бағдарламасына бастауыш сынып оқушылары үшін арнайы ертегілерді факультатив сабақ ретінде қосу керек. Бірте-бірте батырлар жырын, Абай, Шәкәрім, Алаш арыстарының еңбектерін пән ретінде кіргізбесе де, факуль­та­тив ретінде қосып, одан да тоқсандық қоры­тынды баға шығару керек. Оқушы басын­да баға үшін оқиды, кейін рухы оянып, өзі іздеп оқиды. Рухы мықты, көкірегі ояу балалар кейін азамат болып өсіп, қазақ ертегілерін жарқыратып кітап, мультфильм етіп шығаратын болады, – дейді Әдина Жүсіп.
Қазақ ертегілерін жинаған ғалымдар жоқ емес, баршылық. Алайда қазақ ертегісіне құмартқандар өзіміз емес, өзгелер. Яғни, әу баста төл мұрамызды жинақтай бастаған – Радлов, Ильминский, Потанин, Мелков. Қазақ зерттеушілері Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Әубәкір Диваев жинақтап құрастырғанымен, қазақ ертегілері сюжет жағынан тексеріліп, зерттелген жоқ. Аты мәлім, шын ертекшіні де таба алмаймыз. Бар болғаны ауыздан ауызға тарап, халық арасына сіңісіп кеткен. Бар дүниені ардақтап, құнды мұрамызды дәріптей алмауымыздың да сыры осында болса керек.
Дания халқы Ханс Андерсен өмірден өткен­де ұлттық аза тұту күнін жариялаған екен. Бұл – даниялықтардың ұлттық өнерге, ұлт руханиятына құрметі. Андерсен болса, өз өмірін тәркі етіп, ертегі патшасына айналды. Ол өзін ересектерге арнап, ертегі жаздым деп санады. Өкінішке қарай, оның жазған роман-пьесалары ертегілері сияқты танымал бола қойған жоқ. Есесіне, ол өзі армандаған ұлы әдебиетке ертегілері арқылы үлес қосты. Оның ертегілерін бүгінде әлем бүлдіршіндері сүйіп оқиды. Ал қазақ ертегісін қазақ бүлдір­шіні сүйіп оқи ма? Жыл сайын 1 маусым – Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтеді. Дәл сол күнді ертегі әлеміне неге айналдырмасқа?! Бала – біздің іргетасымыз. Іргетасты ауыз әдебиетімен қаласақ, несі айып?!

 

Гүлзина БЕКТАС

Айқын газеті

  • 66 рет оқылды
  • Қосылған: 05.04.19