АЛТЫН ЕЛЕУІШ

Сонау ерте заманда атақ-даңқы әлемнің төрт бұрышына кең тараған әйгілі патша қартайып, биліктен кетер алдында екі ұлын қасына шақыртыпты.

 – Балаларым, мен екеуіңді бірдей жақсы көремін! – деп сөз бас­тапты патша. – Сондай-ақ өзім қырық жыл ыстық-суығына күйіп-піскен елімді де шексіз сүйемін! Сондықтан да туған халқымның болашағы мені көп ойландырады. Дәм-тұзым таусылып, көзім жұмылғаннан кейін елді кім басқарады, қалай басқарады деген сұрақ мені қатты мазалайды... Рас, қалыптасқан дәстүр бойынша өлген әкенің тағына үлкен ұл мұрагер. Бірақ мен ел-жұртым­ның келешегі келісті болатындығына сенімді болу үшін осынау дәстүрді бұзғалы отырмын. Меніңше, халықты өнер-білімі асқан, данагөй адам басқаруы тиіс. Сонда ғана еліміз бұдан да гүлденіп, бұдан да құлпыра түспек.

– Дұрыс, әке, бұл ойыңызды мен де қостаймын! – дейді патша­ның үлкен ұлы Разақ ешбір қарсылықсыз.

– Сіздікі жөн, әке, елінің ертеңін ойлаған әмірші осылай істесе керек-ті! – дейді патшаның кіші ұлы Рабат та бірден келісетіндігін білдіріп.

– Ендеше, мен екеуіңе үш жыл мұрсат беремін, – дейді патша балаларының қолдарына бір-бір алтын елеуішті ұстатып жатып. – Қайда барамын десеңдер де ерік өздеріңде... Үш жылдан соң елге қайтып оралған кезде кімнің өнері, білімі асып тұрса, сол менің орныма таққа отырады.

Әкелерінің шешімін талассыз қостаған Разақ пен Рабат көп ұзамай жолға шығады. Үлкен ұл күннің батысын, кіші ұл күннің шығысын бетке ұстайды.

Күннің батысын бетке алған Разақ апталап, айлап тоқтаусыз жол жүріп отырып, бір үлкен шаһарға тап болады. Қаланың кең көшелерін асықпай аралап келе жатқан ол атшаптырым алаңда топырлаған халыққа көзі түседі. «Апырау, жұртты осыншама ентелетіп қойған бұл не нәрсе?!» деп бірден сонда бұрылады.

Жақындап қараса, алаңның дәл ортасында қалпағы қоқиып, шалбары бұтына жабысқан, ұзын бойлы, мұртты жігіт өнер көрсетіп жатыр екен. Қимылдарына көз ілеспейді. Қолындағы он шақты жұдырықтай домалақ шарларды аспанға лақтырып, соларды жерге түсірмей екі қолымен кезек қақшып алып, жоғары қарай қайта лақтырады... Бұрын мұндайды көрмек түгілі, тіпті естімеген Разақтың аузы ашылып, әбден есі шығады. Ойын аяқталып, ел тарай бастаған кезде топты киіп-жара алға ұмтылған Разақ мұртты жігіттің қасына жетіп барғанын өзі де байқамай қалады.

– Қалай, саған ұнады ма? – дейді өнерпаз жігіт.

– Ұнағанда қандай, өте кереме-е-т! – дейді Разақ таңданысын жасыра алмай.

– Бәлкім, үйренгің келетін шығар?!

– А-а... ол мүмкін бе?!

– Әрине, мүмкін!

Бейтаныс жігіт сөзінен айнымай тұрғанда тезірек уәдесін алып қалайын деп асып-сасқан Разақ:

– Ендеше мен әзірмін! – дейді аптығып.

– Олай болса келістік! – деп, Разақты үйіне ертіп келген жігіт өзінің өнері жайлы біраз сыр шертеді. Әңгіменің майын тамызып, Разақты еліктірген үстіне еліктіре түседі. Оның айтуы бойынша, мұндай өнер дүние жүзінде өте сирек кездесетін көрінеді. Өйткені аса ептілікті қажет ететін бұл өнерді кез келген адам игере алмайды екен. Тек ерекше қабілетті, иненің көзінен өткендей епсекті жанның ғана қолынан келеді-міс. Есесіне, бұған табынушылар өте көп. Өнеріңді тамашалауға жиналатындардың тіпті есебі жоқ. Сен үшін жұрт ақшасын да аямайды. Былайша айтқанда, таусылмас табыс көзі, ақшаның ортасында шалқып жүресің. Ал қойылымға жиналғандардың өнеріңе бас иіп, дүркірете қол соққандары ше?! О-о, ол бір ең ғажайып сәт! Жаныңды рақатқа бөлейтін ешбір теңдесі жоқ ғаламат құбылыс! Бұл... бұл дегенің ілуде бірді-екілі адамға ғана бұйыратын нағыз бақыт!..

Жігіттің әсерлі әңгімесінен Разақтың басы айналып, көзі тұ­манданады. Алды-артын пайымдауға мұршасы келмеген ол:

– Ағатай, маған қалайда осы өнерді үйретіңізші! – деп жабысады.

– Жарайды үйретейін, тек еңбегімнің өтеуіне көп ақша төлеуің керек, – дейді өнер иесі.

– Ақша-а дейсіз бе?! – Қалталарын қарманған Разақ қатты сасады. – Менде артық-ауыс ақша жоқ еді...

– Ақшаң жоқ болса, алтының бар шығар?! – дейді жігіт екі көзін сығырайтып.

– А-а... алтын жарай ма?!

– Жарағанда қандай!..

Орнынан ұшып тұрған Разақ жамбасына басып отырған жол қапшығын ашып жібереді де, ішінен алтын елеуішті суырып алып, үй иесіне ұсынады.

– Мендегі бар алтын осы, жаратсаңыз сізге сыйлайын! – дейді ол еш ойланбастан.

Алтын елеуішті құшырлана кеудесіне басқан жігіт:

– Әрине, жарайды!.. – дейді көздері ұшқындап. – Міне, бүгіннен бастап сен менің шәкіртімсің!

Сөйтіп, Разақ сол шаһарда біраз уақытқа тұрақтап қалады. Жанын сала көп тер төгіп жүріп, әлгі «өнердің» сан алуан қитұрқы тәсілдерін де меңгеріп шығады. Енді оның алдында бір кездері ұстазы майын тамыза айтқан таңғажайып әлем есігін айқара ашып тұрған еді. Бұрын өңі түгіл, түсіне де кірмеген небір ғаламат күндер Разақты қаңбақша іліп ала жөнеледі... Күніге сауық-сайран, думан-той! Көл-көсір мақтау-марапат!.. Ұшы-қиыры жоқ сапарлар, тағы да сапарлар!.. Жаңа шаһарлар, жаңа достар!..

Осылай өң мен түстің ортасында жүргендей күй кешкен Разақ біртіндеп ел-жұртын ұмыта бастайды. Өзінің бұл жаққа не үшін келгенін де естен шығарады...

Әлқисса, күннің шығысын бетке алған Рабат апталап, айлап тоқтаусыз жол жүріп отырып, бір үлкен шаһарға тап болады. Қаланың көрікті жерлерін асықпай аралап келе жатқан ол кенет атшаптырым алаңда топырлаған халыққа көзі түседі. «Апырау, жұртты осыншама ентелетіп қойған бұл не өзі?!» деп сонда бұрылады.

Жақындап қараса, алаңның дәл ортасында жауырыны қақ­пақтай, бұлшық еттері бұлтылдаған, нар тұлғалы бір жігіт өнер көрсетіп жатыр екен. Қимылдарына көз ілеспейді. Қолындағы жалаңаш қылышын сермеп қалып, ұшып бара жатқан шыбынды қақ бөліп түсіреді. Кере қарыс кірпішті төбесіне бір ұрып быт-шытын шығарған кезде, қарап тұрып денең тітіркенеді... Бұрын мұндайды көрмеген Рабаттың аузы ашылып, әбден таңырқаумен болады.

Ойын аяқталып, ел тарап кетсе де Рабат әлі сол орнында тапжылмай тұрған еді. Қойылымның бейтаныс бозбалаға қатты әсер еткенін байқаған сайыскер жігіт:

– Қалай, саған ұнады ма? – деп қасына жақындайды.

– Ұнағанда қандай, тіпті кереме-е-т! – дейді Рабат таңданысын жасыра алмай.

– Бәлкім, үйренгің келетін шығар?! Бұл дегенің нағыз жігіттерге лайық өнер ғой!

– Үйрену дейсіз бе? – Сәл мүдіріп қалған Рабат артынша: – Жарайды, мен ойланып көрейін... Егер келісер болсам, ертең осы жерге және келемін, – деп жауап қайтарады.

Бірақ келесі күні Рабат алаңға қайта оралмастан сапарын әрмен қарай жалғастырады. Түнімен ойланып, алды-артын саралаған ол сайыс өнерін үйренуден бас тартқан еді.

Сол бетімен апталап, айлап кідіріссіз жол жүрген Рабат енді жапан түзде қағаз шимайлаған бір адамға кездеседі. Бет-жүзі ыстық күнге күйіп, сақал-мұрты өсіп кеткен кісі алдындағы қағаздарынан бас алар емес.

– Аға, еңбек рәтті болсын! – дейді Рабат бейтаныс жанға тілеу­лестік танытып.

– Айтқаның келсін, айналайын! – Сақалды кісі жұмысын тоқ­татып, сәлемшіге сүйсіне қарайды. – Алла бұйыртса, көп ұзамай бұл жерде үлкен шаһар бой түземек!

– Демек, болашақ қаланың кескінін салып жатқан болдыңыз ғой...

– Иә, мұны сәулет өнері деп атайды. Қаланың көрікті болып шығуы сәулетшінің қарым-қабілетіне, шеберлігіне көп байланыс­ты.

Рабат сәулетшінің жұмыстарына қызыға қарайды. Зәулім биік ғимараттардың, жап-жасыл бақтардың, күн нұрына шағылыс­қан айдын көлдердің кескін-жобаларына тамсанып, таңырқамау мүмкін емес еді.

– Қалай, саған ұнай ма? – дейді сәулетші жас жігітке сынай қарап.

– Ұнағанда қандай, тіпті ғажа-а-п! – дейді Рабат ағынан жарылып.

– Бәлкім, үйренгің келетін шығар?! Бұл дегенің туған елін, жерін сүйетін жігіттерге нағыз лайық өнер ғой!..

– Үйрену дейсіз бе?.. Жарайды, мен ойланып көрейін... Егер келісер болсам, ертең осы жерге қайтып келемін.

Екіұштылау жауап берген Рабат алайда ертеңіне сәулетшіге қайтып оралады. Түнімен ойланып, әбден саралаған ол сәулет өне­рін үйренуге бел буған еді. Содан бір жыл бойы сәулетшінің қа­сында тапжылмай отырып, өзі таңдаған өнердің қыр-сырын толық үйреніп шығады.

Енді Рабат әкесінің екінші тапсырмасын орындауға көшеді. Білім іздеп шыққан ол апталап, айлап кідіріссіз жол жүріп отырып, ұшы-қиырсыз кең алқапты жайлаған егіншілердің қосына кезігеді.

Сол жерде аздап дамылдап алуды көздеген жолаушы дихан­шы­лардың қосына қонып қалады. Түнде ашық аспан астында тыныққан Рабат көк жүзіне сүйсіне қарап жатып: «Шіркін-ай, мына аспан әлемін зерттеп, сан алуан құпияларын ашатын білімді меңгерсем ғой!» деп тәтті қиялға шомады... Алайда бір сәт ұшқыр қиялын тежеп, ақыл тоқтатқан ол: «Жә, ғарышты меңгеру ешқайда қашпас, ең алдымен жеті қат жердің тілін табайыншы!» деген тоқтамға келеді.

Сөйтіп, таң қылаң бере жұмыстарын бастап кеткен егіншілердің қасына барған Рабат өзінің жерді күтіп-баптаудың, одан өнім алудың қыр-сырын үйренгісі келетінін айтады. Жас жігіттің талабына риза болған егіншілердің басшысы оны бір білгір тәлімгердің қасына қосып қояды.

Ертелі-кеш еш ерінбей еңбек етуден танбаған Рабат ақыры диханшылықтың жетік маманы болып шығады. Бір жыл бойына инемен құдық қазғандай тіртінектеп жинаған іліміне көңілі толған ол енді туған еліне қарай бет түзейді.

Әлқисса, уәделі үш жыл өткен соң күре жолға шолғыншы шығарып, жолаушыларды қарауылдатып қойған патша кіші ұлының келе жатқан хабарын естіген кезде қатты қуанады. Іле-шала: «Әке, тапсырмаңызды орындадым, сәулет өнері мен диханшылық ілімін меңгеріп қайттым!» – деп есіктен аттаған Рабатты бауырына басып, ұзақ құшақтайды.

– Рақмет, балам, таңдаған өнер-білімің маған ұнады! – дейді патша ұлының жетістігіне үлкен ризашылықпен. – Мен енді елімнің ертеңіне еш алаңдамаймын. Сәулет өнері дамыған елдің керегесі кеңейіп, жерді еме білген халықтың қарны тоқ болатынына сенімдімін!

– Әке, егер менің таңдаған өнер-білімім сізге ұнаса, осының бар­лығына өзіңіз берген алтын елеуіштің арқасында қол жет­кіздім. Әрі алтын елеуішті мен өмір бойы үлгі тұтатын боламын! – деп Рабат өзінің басынан өткерген жайттарды түгел баяндап шығады.

– Иә, балам, сен алтын елеуіштің қадір-қасиетін дұрыс түсініп­сің! – дейді патша ұлының пайым-парасатына көңілі толып. – Көзіне көрінгеннің, ойына келгеннің бәріне ешбір талғамсыз ұрына бермей, оларды тек ой елегінен өткізіп барып шешім қа­был­дайтын адам еш уақытта шалыс баспақ емес! Ендеше өнер-біліміне ақыл-ойы сай өзіңді тағымның мұрагері болуға әбден лайық деп білемін!

Осылай өз шешімін жария еткен патша тағы да үш ай күтіп барып үлкен ұлының қайта оралмасына көзі анық жеткесін, ұлан-ғайыр той жасап, кіші ұлын таққа отырғызады. Кейін Рабат пат­шалық еткен ел гүлденген үстіне гүлдене түседі.

Рабат патшаның көзін көргендердің айтуынша, патша сарайы­ның дәл төрінде алтын елеуіш ілулі тұрған деседі...