АДАМ КҮШТІ БӘРІНЕН

Төрт көріністі қойылым

 

Сахна ашылғанда адам үй жасау үшін дайындалып жатады.

 

Бірінші көрініс

 

Адам(әйеліне). Адамды сынаушысы – ел, алға бастайтыны – ақыл. Ертең жаңбыры себелеп күз, қылышын сүйретіп қыс келеді. Басымызға пана жасап алайық.

 

Екеуі жұмысқа кіріседі. Жандарынан ұрланып түлкі өтеді.

 

Екінші көрініс

 

Қалың орманның іші. Тастың үстінде Арыстан отыр.

Жанында қос уәзірі  Жолбарыс пен Сілеусін.

Сылаң қаққан Түлкі көрінеді.

 

Түлкі. Армысыз, аң тәңірі – Арыстан! Уәзірлері Жолбарыс пен Сілеусін мырза!

Арыстан. Cay бол, Түлкі бикеш!

Түлкі. Көргенімді баяндайын ба, естігенімді айтайын ба?

Арыстан. Естігенің көп шығар. Көргенінді айт.

Түлкі. Патшамыздың жарлығын бұзып, оң құлағыммен естіп, сол құлағынан шығарған бір сұмдықты көріп кеп тұрмын.

Жолбарыс. Адал сөйле, Түлкі бикеш.

Түлкі. Айтсам, адам антұрған үй салып жатыр. Жылы жатып, көлеңкеде ұйықтамақ ойы бар.

Арыстан. Адамның бізден несі артық?

Түлкі. Бәріміздің тең дос болып, өмір сүргеніміз жөн емес пе? Жарлығыңызда солай жазылды ғой. Ойыма түйе түсіп тұр. Егер Адамның тіршілік атаулымен дос екенін білгіңіз келсе, Түйе адаммен бірге үйіне қыстап шықса қайтеді.

Арыстан. Әй, сақшылар! Әкеліңдер, түйені.

 

Пауза. Түйе келеді.

 

Түйе. Ұлы мәртебелі патшам! Иіліп сәлем беруші – Түйе жұра-ғатыңыз.

Арыстан. Дұрыстап тыңда! Қазір салған бойда Адамның үйіне барып кіресің.

Түйе. Құлдық, Ұлы мәртебелім.

Арыстан. Қуып жіберсе, қайтып кел. Көрейін мен ол пысықтың өнерін.

 

Түйе шығып кетеді. Сахна жабылады.

 

Үшінші көрініс

 

Қазан тастың үстінде Арыстан отыр.

Жанында уәзірлері.  Адам келеді.

 

Адам. Ұлы мәртебелім (иіліп сәлем береді). Сіздің жарлығыңыз бойынша тіршілік атаулы тыныштықта өмір сүріп, бір-біріне зорлық жасалмайды деп жазылған еді.

Арыстан. Дәл солай, Адам пенде! Құлағым сенде.

Адам. Олай десеңіз, Ұлы мәртебелім, Түйе үйіме басып кірді. Зорлық деген осы емес пе!

Арыстан. Бұл не деген сұмдық?!

Сілеусін. Өз басым қиянатқа қарсымын.

Арыстан. Жүгенсізді жүндеймін. Шақырыңдар Түлкі қазыны, қаралаушы Қасқырды. Мойны қаздай иілген зорлықшы Түйені алдырыңдар!

Адам(елге). Әділетсіздікке қарсы тұрар патшамыз бар. Арыс-тандай әділ бол, ағайыным, Зорлықшыға айыпты тағайын бір.

 

Жан-жақтан тіршілік атаулы аңдар, қоян, сиыр,

жылқы, қой, аю, ешкі, қодас, кәрі қасқыр, тағы басқалар келіп, жиналады. Арыстан тағына жайғасады. Жолбарыс, сілеусін екі жағына, қалған қасқыр, түлкілер одан кейін отырады.

Түйе жазалылар орындығына келеді.

 

Түлкі (қазы ретінде). Сотты ашық деп жариялаймын! Әй, кү-нәһар Түйе. Шындықты ғана айтамын деп ант кітабын сүй!

(Түйе айтқанын орындайды. Боздап қоя береді.)

Түйе. «Арық малды асырасаң аузыңды май етеді, арам адамды асырасаң аузыңды қан етеді». Бө... бө...

Жолбарыс. Әу, мынау боздап тұр ғой, өзі.

Сілеусін. Көзінен жас парлап тұр...

Түйе (мойнын жоғары, төмен көтеріп, жынын шашып сөйлей-ді). Ұлы патшамыздың жарлығында тіршілік атаулы бәрі бір-біріне дос деген-ді. Бө... бө...

Түлкі. Иә, сонан соң, Түйе...

Түйе. Желтоқсан айында қатты дауыл соққанын бәріңіз біле-сіздер. Жанымды қоярға жер таппай, үйі бар Адамға бардым. Солай емес пе, Адам дос?

Адам. Иә, тоңдым деп, баса-көктеп кіріп, үйімді теңселтіп, зәремді ұшырдың. Рас, үйді жел ұшырудан аман алып қалуға көмектестің.

Сілеусін. Сол үшін Түйекеш жазықты ма?

Түлкі. Мына жерден мен зорлықты көріп тұрған жоқпын.

Қасқыр (түйеге). Олай дегенде де Адам досың ұлы патшаға арызданып несі бар?

Сілеусін. Солай-ау.

Қасқыр. Менің қызметіме араласпауларыңды сұраймын.

Түлкі. Қаралаушы Қасқыр мырза, сөз сізде.

Қасқыр. Менің соңғы айтарым: Адам – арызқой, Түйе – зар-лауық. Екі жаққа да жазаны әділ берулеріңді сұраймын.

Түлкі. Сот ұжымы келісуге барады.

 

Арыстан бастап кетеді. Бәрі қол шапалақтап

шығарып салады. Пауза.

Түлкі. Сот келеді, орындарыңнан тұрыңдар! (Бәрі келіп, орын-орындарына отырады.) Ұлы мәртебелім Арыстан патша, үкімді оқуға рұқсат етіңіз!

Арыстан. Оқы.

Түлкі. Сот мынадай үкім шығарды: Адамның Түйеге жапқан жаласы негізсіз деп танылсын. Жала екенінің айғағы ретінде үй Адамнан алынып, патшаға берілсін. Үкім қайта қарауға жатпайды. Сонымен сот мәжілісі аяқталды.

Адам. Бүйткен әділдігі бар болсын! (Ыза болып шығып кетеді.)

 

Төртінші көрініс

 

Бұрынғыдан да үлкен үй. Адам көкке қолын көтеріп

 жалынып отыр.

 

Адам.

Ел билеген Арыстан

Үйшігімді еншілеп,

Түйешікке бергізді.

Қодасқа да жеңгізді,

Керікке телгізді.

Айдалаға қаңғыртып

Қу, қаңғыбас дегізді.

Енді Арыстан мына жаңа үйімді де жемтіктестеріне бергізер. Табиғат-Ана! Бейшара пендеңе бір көмек берсеңші. Мына қор-лықты көрсеңші.

 

Күн қатты күркіреп, жауын жауып, қызылды-жасылды жай жерге түсіп, маңайдағы шөп жанады. Адам алға жақындай түседі.

 

Адам. Неткен ыстық, ә?

 

Жанына жүгіріп тілі шықпаған баласы келеді.

 

Бала(сұқ саусағымен нұсқап). От, от...

Әкесі – Адам. Көңіліңнен садаға кетейін. Енді бұл құбылыстың аты От болсын.

Әйелі (жақындап келеді). Отың не?

Адам. Мен енді нағыз мықтымын. Құдірет менің қолымда.

Әйелі. Оу, не деп кеттің? Жыртқыштар естісе, отыңды шығарар. Тсс, әне келе жатыр, түге.

Бәрі үйден тыс жерге жасырынады. Отты өзімен бірге алады.

 

Жолбарыс. Әй, момындар. Сендерге мына бір бұрыш та жарайды. Сиыр, жылқы, қой, ешкі, түйе, қодас – сонда кіріңдер.

Арыстан (күркіреген дауысы шығып). Әй, басшысыз ел, балық-сыз көл болмайды. Адамның үйіне мен бірінші кірсем керек еді. (Кіреді. Артынан аңның бәрі кіреді.)

Түлкі. Қымбатты патшам, қалағаныңыз сіздікі, қалғаны біздікі.

 

Бір бұрышта бөлмесіз тұрған қой, ешкі, жылқы,

 сиыр әңгімелесіп тұр.

 

Сиыр(мөңіреп). Біздің көрген күніміз осы.

Қой(маңырап). Елдікі де бұйырмайды.

Жылқы(кісінеп). Қайғырғанмен не істерміз? Шалғынымызға кетейік.

Ешкі(маңырап). Мына жақта адам жүр. Тсс.

Қой (маңырап). Обал болды-ау, өзіне...

Адам(есіктің көзіне от үрлеп жағады). Тартыңдар, сазайла-рыңды. (Үй өртене бастайды.)

Арыстан (сәлден соң). Ойпыр-ау, мынау не пәле, күйіп барамын.

Жолбарыс. Терім тырысып, жаным көзіме көрінді.

Қасқыр. Қақалып барамын.

Түлкі. Аманымда жөнімді табайын.

 

Барлық аңдар бірінен соң бірі үйден шыға орманға қашады.

 

Арыстан(артына бұрылып). Әй, Адам, әлі жазаңды тартасың.

Адам. Ей, ақылсыз патша! Есіңде болсын. Оң құлағыңмен есті, құй, сол құлағыңмен тыңда. Енді менің қолымда тылсым қару бар. Күш сынассақ, қане, бері жақында.

 

Арыстан алды-артына қарамай қашады. Басқа аңдар соңынан шуласып жөнеледі. Адам соңынан жұдырығын түйіп қала береді. Пауза.Сиыр, жылқы, қой, ешкі жасырынған жерінен шығады.

 

Сиыр(адамға). Уа, дала патшасы. Ерлігіңе ризамын. Біз де саған ұқсаған, ешкімге залалымыз тимеген, момынбыз.

Қой. Қыста тоңып, жазда күйіп жүрген жайымыз бар.

Жылқы. Шапсаң – көлігің, ішсең қымызыңа жараймын. Арам-дығым жоқ. Мені қамқорлығыңа ал, Адам патша.

Ешкі. Жүнім жібек, жаным таза. Жылына екі рет лақтаймын. Маған да көмек ет.

 

Осы сәтте Адамның әйелі сөзге араласады.

 

Әйелі. Ешқайсыңа қояр кінәм жоқ. Жуас аңдарсыңдар. Үйшік соғып беріп бағайын. Жыртқыштардан қорғайын. Сендер бізге сүтіңмен, жүніңмен, күшіңмен көмектесіңдер. Екі жарты бір бүтін болып, бірлесіп күн көрейік.

Адам. Қолымызда от-қару барда бізді ешкім қорқыта алмайды.

Бәрі. Рақмет саған, ұлы Адам!

Ешкі(Адамға). Бір бұйымтайым бар, айтсам ренжімейсің бе?

Сиыр. Бірдеңе бүлдірейін деп тұрсың ба, шоқша сақал?

Ешкі. Аса құрметті Адам-дос. Сізге қиянат жасаған Түйе ақы-мақ менің ағайыным еді. Арыстаннан қорыққанынан жамандық-қа барды. Керік пен Қодасты өзің біл, Түйені кешірші, ұлы Адам.

Адам. Мақұл. Түйені ертіп кел.

Ешкі. Жыртқыштардың аузына ілінгенше, шөлге ұзақ шыдайды. Адам досына айыбын төлесін.

 

Қой ән бастап жібереді.

 

Ешкі (қостап).

Адам-достың құшағына жиылдық,

Жыртқыштардың зорлығынан тыйылдық.

 

Жылқы мен Сиыр да қостай жөнеледі.

 

Теңдік алдық, Адам-досқа мың алғыс,

Тек шындыққа, әділдікке сиындық.

 

Адам.

Дала қамын ойлағандар – ағайын,

Бастың қамын ойлағандар алысым.

 

Әндетіп сыртқа шығады.

 

Шымылдық