АРЫСТАН МЕН ТҮЛКІ

Қатысушылар:

Кәрі арыстан

Қу түлкі

 

Балабақша сәбилері маска киіп ойнайды.

Сахна ашылғанда қалың орман бейнесі көрінеді.

Анандай құз жартастың жанында кәрі арыстан жатыр.

Ауыр-ауыр күрсініп, ырылдап қояды.

 

Арыстан. Өмір, өмір, өмір-ай... Күштісі ана бір аңның жылы жұмсақ етін жемедім десе, әлсізі күштінің тамағынан ауыз тимедім дейді. Ал күні кеше жаныңда жүріп «Ұлы патшам» деп жалпақтағандар ұшты-күйлі жоқ. (Бір жағына аунап түседі.) Қарным шұрылдап барады. Кешегі сәлем берем деп келген қасқырдың етінен түк қалмапты. Өзіме де обал жоқ. Енді не істедім? (Сонадайдан жылмыңдаған түлкі көрінеді.) Е, келдің бе, сұлуым? Қанды басыңды бері тарт. (Ішінен сыбырлап) Жұғыныма жұқ боларсың.

Түлкі.(Сонадайдан сөйлей жақындайды.) Күн батысқа қарап жатыр екен. Қартайғанда патшаның өзі де пақыр екен. (Тағы да іздерге қарайды.) Мына із бадырақ қояндікі ғой. Е, патшаға сәлем беріпті. Ал мынау ше? Борсықтікі. Бұл шіркін де солай. Байқа, Түлкі мырза! Аш пәледен қаш пәле. Мына жерде бір сұмдық бар. (Арыстанға дауыстап) Армысыз, Арыстан мырза!

 

Арыстан түк білмегенсіп, ыңқылдай орнынан тұрады.

 

Арыстан. Бармысыз, Бикеш, ауырды-ау, жүйкем. Қалмады-ау, бұл күнде, сәлем берер ешкім.

Түлкі. Өзіңіз сырқаттанып жатыр дегенді кеше Қасқырдан естіп ем. Қазір қыстың қамы дегендей. Соңымызға ерткен бала-шағаның халі дегендей. Өзіңіздің халіңіз жақсы ма?

Арыстан. Е, халді сұрайсың-ау, Түлкі бикеш. Тірі жүрген соң, көрмейтінің, білмейтінің болмайды екен. Қайран жас күнім деп күні-түні аунаймын.

Түлкі. Ұлы мәртебелі патшам! Аунағаны қалай?

Арыстан. Е, Түлкіжан-ай, сұрақты қоясың-ау. Арыстан ағаң жас күнінде кім еді?

Арыстан. Күнделікті құралайдың етін жеп, жас бұғының қанын ішкен, жас жыңғылдай жасарған ерен едім.

Түлкі. Жабайыны қойып, анау қос аяқты пенденің де малына тиіп, «сойып», сүйектерін жиып дегендей...

Арыстан. Түлкішек-ау, анау бойы аспан тіреген Керікті де құлаттым ғой, біразын. Мүйізі шаңырақтай қодастың да етін жедім, қыр асып. Пілге де жармасып...

Түлкі. Өзіңізден қалған қасаптан, біз де дәм татушы ек, көп тобырмен сыйласып...

Арыстан(күледі). Сөзің қандай, кәрі құлағыма жағымды, үнің тіпті әсем, тілің қандай тәтті, көңілімді көтеріп, денеме қан жүгірттің, Түлкі бикеш!

Түлкі. Сіздің сырқатыңызды жазар қазіргі күндегі тірлік, өткеніңізді айтып, ерлігіңізді еске түсіру ғой, әлбетте.

Арыстан. Жата тастап кетер қулығың да болушы еді. Иә, бәрін түсінемін. Қасқырды қаңғыртып, аюды апанға түсірген, жолбарыстың адамға жон терісін сыпырта жаздағаның туралы әңгімелеріңді естіп, шек-сілем қатқанша күлуші ем. Сол ақылды тірлігіңді өз аузыңнан естуге құмар ем. Жақындасаңшы бері. Төрім сенікі, Түлкі бикеш.

Түлкі. Ықыласыңызға рақмет, ұлы патша, қартайған кәрі патша. Төріме шық дегенше көріңді көр десеңші.

Арыстан. Жазығым, жалпақ шешей болғаным ба?

Түлкі. Ұлы мәртебелі патшам! Түлкіні қу дейсіз. Қу деген сөз ақылдылық емес пе? Төріңізге шақырасыз. Рақмет! Өзіңіз қараңызшы. Сізге барған із бар да, шыққан із қайда? Сау болыңыз, ұлы патша, қартайған кәрі патша.

Арыстан(ашуланып). Қартайғанымды бетіме бастың. Дертіме дерт қостың. Көрерміз әлі.

Түлкі. Көрерміз дегенше аштан өлермін десеңші (күліп кетеді).

 

Шымылдық