ТАМШЫДАFЫ ТАРИХ

Жерде жалт-жұлт етіп ойдым-ойдым көлшіктер пайда болып жатыр. Далада жаңбыр жауып тұр. Тылсым табиғаттың тамашасы көп қой. Аспаннан ша-қырая түскен шағырмақ күн сәулелері жаңбыр тамшыларына шағылысып, көз алдымда кемпірқосаққа ұқсас, мөлдір экран тәріздес перде тартылды. Әлдеқайдан бурыл тұлпар мінген, бес сауыты бойында қазақ батыры шықты.

– Жекпе-жек, жекпе-жек, – деп айқайлады ол.

Ар жағынан қап-қара сәйгүлік мінген жоңғар батыры көрінді. Екі батырдың да артында қалың әскер сапта тұр.

– Отан үшін, ел үшін, жер үшін жан пида! Қарасай! Қарасай!

– Атаңа нәлет, ит қалмақ! Ата-бабамның қаны тамған жерімнен тайып тұр. Алға, бауырлар!

– Кеудеңе нан піспесін! Кім жеңерін көрерміз әлі!

Айдаһар бейнеленген бас киім, дәл сондай қалқан ұстаған қалмақ қазақ батырына ақыра ұмтылды. Екі жақ айқасып кетті. Шайқаста қалмақ жеңілді.

Қолбасыларының жеңілгенін көрген қалған жоңғар әскерлері қаша жөнелді.

– Алға! Алға! Өшімізді алайық, қалмақтардан. Қуыңдар, жі­гіттер.

Қазақ әскерлері қашқан жауды қуалай жүріп соғысты.

Мен кино көріп тұрғандаймын. Әсіресе ортада қылышы жар­қылдап, ерекше ерлік көрсетіп жүрген қаһарман көзіме оттай басылды. Ол – қазақтың Қарасайы ғой.

Жанында досы Ағынтай батыр жүр жаумен айқасып. Жау жеңілді. Біз жеңдік!

– Алға! Тек қана алға, Батырлар!

Тамшыдағы тарих көз алдымда бір пәсте осылай қайталанды.