СЕЗІМТАЛ ТАРАҚАНДАР

Тарақандардың жолда топ-тобымен жортып келе жат­қанын көрген қоңыздың екі көзі шарасынан шыға жаздады. Себебі өңі кеткен жәндіктер алды-артына қарамас­тан, үреймен шығысқа қарай жол тартып келеді. Таза ауада ері­гіп әндетіп отырған қоңызға тарақандардың бұл әрекеті қызықты көрінді. Ол дереу не болғаны жайында сұрағысы келді. Алайда ебі келмеді. Егер сұрай қалсам топырлап келе жатқан тарақандардың аяғының астына қалып жарақат алармын деп қауіптенді. Сөйт­ті де сырттарынан бақылауын тоқтатпады. Жәндіктердің қа­шан тоқтап, демалатындығын аңдыды. Шаруасы түгел қоңыз тара­қандардың қу сүйек болып, өңі кеткенін байқады. Оларға жаны ашыды. Әйтеуір арттарынан еріп жүріп үш сағат қалай өткенін байқамай қалды. Қоңыздың қарны ашты. Тарақандар тынығып азықтанып отырған кезде қоңыз қастарын келді.

– Әй, бұл кім тағы жердің астынан шыға келген, – деді қарт тарақан жақтырмаған түрмен қарап.

– Мен – Қоңыз әулетіненмін, атым Жедел болады. Сіздердің туыс­қаныңыз боламын, – деп күмілжіді. Қоңыз толғандырған сұрағын қоя алмады. Өйткені ол арттарынан түсемін деп қатты шаршаған еді. Және өмірінде бірінші рет тоқтаусыз үш сағат жүрді.

– Осы тұрған жеріңде күл-паршаңды шығарайын ба? – деп ма­нағы қарт жәндік мұртын әрлі-берлі қимылдатты.

– Жоқ, бұл біздің бауырымыз. Бізге жаны ашып тұрған шығар. Әйтеуір түрінен сұрақ қойғысы келгені көрініп тұр, – деді буы­ны бекімеген жас тарақан. Сөйтті де ол дорбасындағы нанның қалдығын шығарып, асай бастады.

– Менің сіздерге қояйын деген сұрағым бар, – деді қоңыз. – Не себептен үрейленіп, тобыр-тобырымен Қазақстаннан қашып шығысқа, яғни Қытайға бара жатырсыздар?

Қоңыздың ойлы көзбен қойған сұрағын байқаған қарт тара­қанның жүзі жылынды. Ол қоңыздың қасына келіп, бауырына басты да ашылып әңгімесін жалғады.

– Жалпы, біз адамдарға өкпеліміз. Қазақстанда ұялы телефон деген пәле көбейді. Біз оның радиациялық сәулесін өте жақсы сеземіз. Ал адам баласы оны сезбейді де. Мақсатымыз Қытайға барып тұрақтанып қалу емес. Өйткені бұл жерде мекендеген мил­лиондаған бауырымыз қиналды, азап көрді. Ол жерде ұялы телефон Қазақстаннан да көп екен. Шың еліндегі Юймынь деген қала маңына жеткен соң, оңтүстікке қарай жол тартамыз. Гонконг деген қалаға барып, кемемен Тынық мұхитындағы Тубуаи деген аралға барып қоныстануды армандаймыз.

– Неге дәл сол жерге барасыздар, бұл дегеніңіз жердің түбі ғой.

– Баруымыз керек. Ұлы қоңыр түсті Тарақан әулетін сақтап қалуымыз керек. Ол жерде ұялы телефон санаулы-ақ. Адам аз қоныстанған. Біз адам тұрған мекенге емес, адам аяғы баспаған, ит тұмсығы батпайтын жерге бармақпыз.

– Мәссаған, ал осының бәрін сіз қалай білесіз, қалайша жоспарлап қойғансыз?

Осы кезде ұшып бара жатқан көгершін қарт тара­қанның алдына сәлемдеме хат тастады. Тарақан құсқа алғысын айтып, оны Юймыньдегі көгершіндердің эстафета арқылы жеткізіп бергеніне қуанды. Конвертті ашып, бүкіл тарақандар естісін деп қолына мик­рофон алды да хаттағы жазуды дауыстап оқыды.

«Сәлем, Бәдір қалайсың? Әлемдегі миллиардқа жуық қо­ңыр түсті бауырларыңыз сіздерді асыға күтіп отыр. Менің ұйым­дастыруымен Тубуаи, Молден, Уполу, Аваруа деген аралға мил­лиондаған бауырларымыз сәтті қоныстанды. Сіздерді алдымен Юймыньдегі Датунхэ өзенінің солтүстік-батыс мекенінде күтіп отырмыз. Датунхэ өзенінде өзім қолмен жасаған алып кемеге отырамыз да, Хуанхэ, Дадухэ, Янцзы, Бейпаньцзян, Сицзян өзендері арқылы Сянганға (Гонконг) жетеміз. Сянганда адам баласы құрастырған өте алып кемеге отырамыз. Ол кеме Австралияға қарай жүреді. Әрі қарай Австралиядан Понпей аралына өзіміздің кемемізбен барамыз. Айтпақшы, Понпейге баруымыздың себебі – ол жер Тубуаи, Молден, Уполу, Аваруаға қарағанда жақынырақ орналасқан. Әрі ол жерде қазір біздің қоңыр түсті әулиетіміз мүлдем мекендемейді екен. Менің білуімше, ол жерде өмір сүруге барлық жағдай бар. Кеменің кестесін біліп алдым. Тура 12 күннен кейін Австралиядан Сянганға кеме келеді екен. Соған жету үшін алдымен сіздердің Юймынь маңындағы Датунхэ өзеніне екі күннің ішінде келулеріңізді сұраймын. Азық-түлікке алаңдамаңыздар. Бәрін ойластырып қойдым. Сәлеммен, ініңіз Қараш».

Хатты оқып болған қарт тарақан азықтанып болған жәндіктер­дің басын қосып, шығысқа қарай бет алды. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсайтын тарақандарға қоңыз сәттілік тіледі.