ЕР КЕЗЕГІ ҮШКЕ ДЕЙІН...

Секіргіш деген лақап аты бар Литория насута тұқымына жататын бір бақа өте мақтаншақ болыпты. Өзінің ұзын қашықтыққа секіретіндігін үнемі мақтаныш тұтатын ол басқа бақаларға қарағанда ірі болыпты. Ірі болғанына байланыс­ты өзге бақаларды үнемі келемеждеп тыным бермейтін. Бірде ол батпақта жүрген Древолаз тұқымына жататын Жолақ деген  бақаны кездестіреді.

– Өзің не деген кіп-кішкентайсың. Біреу саған шабуыл жасаса, қалай құтыласың? Мына мен кез келген қауіптен оп-оңай сытылып шығамын. Бір секіргенде-ақ мені ешкім қуып жете алмайды.

– Секіргіш, сіз дұрыс айтып тұрсыз. Алайда мен де қорғанудың жолын білемін. Менің денемде ерекше у бар. Егер соны бөлсем, кез келген жыртқыш менен теріс айналып шығады.

– Өй, өзің арам бақа екенсің ғой. Сенімен дос болмаймын. Есімің кім екендігін білгім келмейді.

– Олай деме, достым. Дос әрдайым керек. Міне, мынаны ала ғой. Керек кезінде маған хабарлас, – деп ол өзінің анықтама қағазын Секіргіштің қалтасына салып жібереді.

Секіргіш ләм-мим деместен жөніне кете берді. Ол Жолақтың берген анықтама қағазына мән бермеді. Тіпті оны қарауға да уақыты болмады. Өзін жоғары санап, әндетіп жүре берді. Бір кезде ол суда демалып жүрген жыландармен кездесті.

– Өй, өздерің иіріліп мұнда не істеп жүрсіңдер? Бәле, түрлерін қара, өңшең сүйкімсізсіңдер ғой. Сендердің табиғатқа әкелер қандай пайдаларың бар?

Бұны естіген кезде бір қарт жылан:

– Есімің Секіргіш екенін білеміз. Сіз үнемі мақтана бермеңіз. Біз сіз сияқты секіре алмаймыз. Дегенмен табиғатқа әкелер пайдамыз бар. Мәселен, біз кеміргіштерді жеп, адамзат баласына пай­дамызды келтіреміз.

– Адам деген екі аяқты жануарды жек көремін. Өздерінің жүр­мейтін жері жоқ. Мен соларды көргім келмейді.

– Олай деме, адам – бұл табиғаттың досы. Тәкаппар болсаң, олар сені бір күні қолға түсіріп алуы мүмкін.

– Қолдарына түспеймін. Мен қатты секіремін ғой. Олар мені ұстай алмайды. Мен сендермен әрі қарай сөйлескім келмейді, – деп ол кетуге ыңғайланды.

– Байқа, бұл су өзенінің жағасында анаконда деген қауіпті құ­быжықтармен кездесіп қалма. Қанша секірсең де олар сені ұстап алады.

– Бос сөйлеме, – деп Секіргіш секіріп-секіріп кете барды. Ол көп ұзамай су жағасында демалып жатқан анакондаларды көрді. Қашанда қызба мінез танытатын ол қарап тұрмай, анакондаларға тас лақтырып келемеждеді. Ұйқысынан оянған бір жас анаконда бұны қуа бастады. Секіргіш секіре-секіре шаршап, ақыры қолға түсті.

– Ә, бәлем, енді қайтер екенсің. Сені қазір қуырып жеймін, –деп жас анаконда Секіргішті ағашқа байлап тастады. Қазанға май құйып, от жақты. Осы кезде жаны қысылған Секіргіш қалтасы­нан анықтаманы тауып алды. Оқып қараса, Жолақ есімді ба­қаның телефон нөмірі жазылған екен. Секіргіштің бір жақсы жері – үнемі өзімен бірге ұялы телефонын ұстап жүретін. Ол дереу Жолаққа хабарласты.

– Алло, Жәке, мен бір қиын жағдайға тап болдым. Пәлен деген өзеннің бойында тұрмын. Құтқаршы мені.

– Жақсы, – деп көп ұзамай Жолақ та келе қалады.

Бұл кезде жас анаконда туысқандарын түскі асқа шақырған болатын. Кішкентай Жолақ жас анаконданың арқасына білдірт­пей шығып алып денесіне уын шашып жібереді. Көп ұзамай анаконда талып қалады. Жолақ Секіргішті босатып, екеуі қаша жөнеледі. Өйткені бұл кезде баяу қимылдайтын қарт анакондалар жақындап қалған еді.

– Көрдің бе, дос деген әрдайым керек. Қиын кезде маған хабарлас.

Секіргіш баяғы мінезіне көшіп Жолақты менсінбей, онымен қоштаспай кете барды. Жолақ Секіргіштің хабарласқан нөмірін сақтап қойып, арасында оған хабарласуды әдетке айналдырды. Бұндағы Жолақтың ойы Секіргіш бір пәлеге ұрынбады ма екен деп алаңдаған еді. Бірақ Секіргіш Жолақтың хабарласқанын жақтырмай, жөнді жауап бермеді.

Арада көп күн өтпей-ақ Секіргіш бір пәлеге ұрынды. Құмыр­с-қаларды үнемі мазақтайтын ол, еңбекқор жәндіктердің илеуіне түсіп қалды. Жан-жақтан құмырсқалар жабылып Секіргішті тістеген кезде, байғұс бақа шыңғырып, бір орнынан қозғала алмай қалды. Осы кезде Жолақ бір сұмдықтың болғанын сезіп телефон шалды. Телефон шырылын естіп қарттау келген Еңбекші деген аты бар құмырсқа телефонды көтерді.

– Алло, Секіргіш. Ойбүй-й-й. Сенің айқайлаған дауысың естіліп тұр ғой.

– Иә, ол біздің илеуімізге түсті. Ол бізді үнемі мазақтайтын. Енді қазір сазайын тартып жатыр, – деді Еңбекші.

– Жіберіңдер оны. Енді ол сендерді мазақтамайды. Жібер­месеңдер, қазір өзім келіп илеулеріңізге у шашамын. Сосын бар­лықтарың қырылып қаласыңдар. Мен қалжыңдап тұрған жоқ­пын. Бақаның Древолаз деген тұқымынан боламын.

– Жақсы, – деп қарт құмырсқа басқаларын тістемеуге шақыр­ды. Секіргіштің үсті-басына шығып алған құмырсқалар дереу түсті. Секіргіш қатты жарақаттанып, құмырсқалардың илеуінен әрең дегенде шықты.

Қатты жарақатына байланысты ол бұрынғыдай жақсы секіре алмады. Бұндай кезде Жолақ деген адамгершілігі мол бақа оған көмектесіп, денесіне дәрі жағып, күтумен болды. Бірнеше айдан кейін ғана Секіргіш бабына келді. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп тегіннен-тегін айтылмаса керек. Ол Жолақты да, басқаларды да менсінбей, мазақтауды қоймады.

Бірде ол өзен жағасында жүрген адамдарды көрді. Көзілдірік тағып алған бұл адамдар жан-жануарларды зерттеп жүрген биологтар еді. Секіргіш оларға жақындап:

– Сендер, оңбаған, қанішерсіңдер. Жан-жануар, аңның бәрін аулап ұстап жейсіңдер. Алайда мені бәрібір ұстай алмайсыңдар,–деді.

Бақаның сөзін ат шаптырым жерде естіп тұрған бір жылан:

– Нағыз өлетін бақа екенсің. Бұлар сені ұстап алады. Қолдарын-дағы арнайы аулап алатын аппаратты көріп тұрған жоқсың ба?

– Сен бос сөйлеме. Ол аппарат маған келгенде түк те істей алмайды. Ей, адамдар, маған қараңдар, – деп Секіргіш биологтарды мазақтап тілін шығарды.

Биологтар Секіргіштің «Бах, бах» дегенін естіді. Шын мәні­сінде не айтқанын түсінбеді. Бір орнында тұрып тілін шығарып тұрған бақаны адамдар арнайы аппаратпен ұстап алды. Одан кейін биологтар арнайы торға қамап, машиналарына салып ала жөнелді. Бақа үшін бұл тор түрме сияқты болып көрінді. Телефон шырылын естіді. Сөйтсе Жолақ екен.

– Алло, Жәке, мені адамдар ұстап алып кетіп барады.

Осы кезде Жолақ қасынан өтіп бара жатқан жасыл түсті алып машинаны көрді. Ол сол машинада Секіргіш бар екенін сезіп, бірден секіріп ішіне енді. Алайда машина қатты жүргендіктен төбесіне шығып күтумен болды. Машина тоқтаған кезде биологтар артқы салонды ашып,  бірнеше торды жерге түсірді. Әр түрлі торда анаконданың жұмыртқалары, кішігірім жылан, қолтырауынның баласы бар еді. Ал сол торлардың бірінде Секіргіш те болды. Адамдар одан кейін тордағы жәндіктерді зерттеуді қолға алды. Олар Секіргішті де біраз әбігерге салды. Біресе қарнын, біресе аяқ-қолдарын тартты. Енді біресе әр түрлі тағамдарды берді. Оны секіртіп те көрді. Ақыры биологтар бұл жақсы секіретін ерекше бақа екенін байқап, зоопарктегі торға қамады. Торда жатқанда Секіргішке Жолақ келіп, хал-жағдайын сұрап тұратын. Бір күні Жолақ та биологтардың көзіне түсті. Олар бұл бақаны ұстап алып зерттеді. Оның улы екенін, хайуанаттар бағында мұндай бақалардың көп екенін байқап, оны жөніне жіберді.

Еркіндікке шыққан Жолақ бір күні Секіргішке келіп:

– Сен бәрін кінәлайтын едің. Адамдар ақымақ емес. Олар мені қамамады. Демек, менің мінезімнің жақсы екенін біліп, басқа бақаларға да қамқорлық жасасын деп жібере салды. Ал сен өз өміріңді өзің қор еттің. Тәкаппарлықтың кесірінен торда отырсың. Енді мен саған көмектесе алмаймын. Қош бол! – деді.

Секіргіш Жолақтың адамгершілік қасиеттерін есіне түсіріп, өкінумен өмірін өткізді. Оған күн сайын бірнеше адамдар келіп қызықтап қарап, суретке түсірумен болды. Ендігі кезекте Секір-гіш бұрынғы әдеті бойынша адамдарды мазақтап тілін шыға-рады. Алайда оның бұл әрекеті еріккендіктен емес, ащы өкініш-тің әсерінен туындайтын. Осыдан болар, әлі күнге дейін хайуанат-тар бағындағы бақалар адамдарға ашуланып, тілін көрсетумен келеді. Ал адамдар болса мұны бақалардың табиғи құбылысы деп қабылдайды.