БАЛА ТӘРБИЕСІ ҚҰРСАҚТАН БАСТАЛАДЫ

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кең тараған хадистерінің бірінде бала тәрбиесі жайлы көп айтылады.

Халық даналығында  «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Бабаларымыз берік ұстанған ислам дінінде де бала тәрбиесіне ерекше мән беріледі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өсиетті сөздерінің бірінде: "Сәби дүние есігін ашқанда ата-ананың бала алдындағы үш міндеті болады. Олар – балаға жақсы ат қою, дұрыс тәрбие беру, уақыты келгенде үйлендіру" деген.

Асыл дініміз балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, жақсы есім қоюға шақырады. Сондықтан балаға есім берерде аса жауапкершілікпен қараған жөн. Баланың өз ортасында жүзі жарқын жүруіне,  жақсы кісілерге еліктеп өсуіне оған таңылған есімнің маңызы зор. Сүннет бойынша сәби туа салысымен немесе туғанына жеті күн толғанда ат қою керек. Бір хадисте бұл туралы «Баланың әкесіндегі құқықтарының бірі – жақсы әдеп пен жақсы есім»деп жазылған. Тағы бір хадисте «Сендер қиямет күні аттарыңмен және әкелеріңнің есімімен шақырыласыңдар» деген жолдар бар.

Бала алдындағы екінші міндет – дұрыс тәрбие, яғни дінге сауатты, көзі ашық, саналы ұрпақ өсіру. Әр ұл мен қыз ата-анасынан жақсы тәрбие алуға құқылы. Құран аяттарында: «Отбасыңа намаз оқуды үйрет. Өзің де оны сабырмен жалғастыр» делінген. Мұхаммад Ибн Абдуллаh (р.а.) риуаят еткен хадисте «Сахабалар: «Баланың ізгі болуы – Алла тағаладан, ал әдептілік – әкеден» деп айтатын» дейді. Яғни, Жаратушы тағдырға ізгілікті жазғаннан кейін, әкенің міндеті – баланы мұсылмандық әдепке үйрету.

Ер жеткен ұлын үйлендіріп, бой жеткен қызын құтты орнына қондыру да ата-ананың бала алдындағы міндетінің бірі. Әбу Хурайрадан келген риуаяттардың бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Әкедегі бала ақысының бірі – балиғат жасына толғанда үйлендіру».Басқа бір хадисте уақыты келсе де баласын үйлендіріп, аяқтандырмаса, баласының күнә істеуіне себеп болса, бұған әкесі жауапты екендігі ескертілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» дейді. Сондықтан, әсіресе, қазіргі таңда балаларымызды шынайы иманға баулуға айрықша көңіл бөлгеніміз жөн.

Әр қоғамның келешегі ұлт тәрбиесіне қатысты. Қоғамды құрайтын жанұяның бір мүшесі – бала. Ата-ана болудың зор жауапкершілігі де осы кезден басталады. Ислам дінінде бала – өмірдегі сынақтардың бірі ретінде қаралады. Сол себепті сынақтан сүрінбей өту үшін балаға өмірде жақсы – жаманның, обал – сауаптың не екенін, қалай еткенде жақсы адам болып қалыптасудың жолдарын үйрету, парасатты тәрбие беру – ата-анаға міндеттелген іс.

Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ислам тәрбиесін қалыптастыруда балаларды көзден таса қылмаған. Жоғарыда айтқанымыздай, қайта дүниеге келмей жатып, балаға алаңдаушылық білдірген. Бала дүниеге келісімен діни салт-жоралғылар жасап, мұсылман үмбетінің тағы бір адамға толыққанын қуаныш көрген. Әрі сол мұсылман үмбеті деген атқа сай тәрбие алуын қадағалаған.

Бір мұсылман ғалымы өзінің балалық шағының бір сәтін былайша әңгімелейді: «Дінге көзімді ашқан кісі атам еді. Ол кісі маған діни әңгімелерді көп айтатын. Бірде хазірет Әлидің батырлығын әңгімелегенде, былай деп сұрағаным есімде: «Ата, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күшті ме, әлде Әли күшті ме?» Сонда бес жасар баланың пәк көңілінен шыққан сұрағына атам әрі балаларды, әрі үлкендерді ойлантатындай былай деп жауап беріп еді: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойында қосымша пайғамбарлық күш бар емес пе?!» Атамның осы бір сөзін әлі күнге ұмытқан емеспін».

Бұл жерде айтпағымыз, кейбір ғалымдар балалардың барлық қабілеттерінің балалық шақта жетілетінін жеткізген. Сондықтан балалардың мінез-құлқына, кісілік тұлғасына әсер ететін нәрселерді үйрете білген жөн. Баланың бойында кісілік тұлғасының қалыптасуына себін тигізетін тәрбиенің бірі – жаратылысына сай істерге баулу. Мысалы, ұл балаларды атқа міну, садақ тарту, жүзу, күрес және жүгіру секілді спорттық ойындарға жаттықтырған дұрыс. Бұл туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әкенің бала алдындағы міндеттерін баяндағаны бар. Олар жақсы ат қою, құлағына азан шақыру, адал рызықпен тамақтандыру, жазуды үйретумен қатар садақ тарту, атқа міну, күрес және жүзуді үйрету екен.

Екі дүние сәруәрі (с.ғ.с.) сонымен қатар балаға жеті жасында намаз үйретуді өсиеттейді. Олай болса, ата-аналар жеткіншектің шынайы көңілмен, өз қалауымен намаз үйренуі үшін намазды көзтаныс, үйреншікті ету керек. Айналасындағылардың намаз оқығанын кішкентайынан көріп өскен бала саналы түрде оның қажеттігін ұғынады. Тағы бір мұсылман ғалымының пікірінше,  мешітке баланы ертіп апару оның тұла-бойына мұсылмандық өмір-салтының сіңуіне көмектеседі. Әрі әкесімен немесе анасымен бірге барғандықтан, балалық шақтың ең ыстық сәттері ретінде жадында мәңгі сақталып қалады.

Қазіргі қазақ қоғамы барлығымызға таныс. Бүлдіршіндер мен жеткіншектердің арасында исламнан гөрі интернетке, кітаптан гөрі компьютерге байланғандары басым. Осындай келеңсіз келбетімізден арылудың бірден-бір жолы – діни тәрбие. Дәстүрлі дініміздің қағидатымызбен келешегімізді дайындасақ, болашағымыздың да берекелі, жарқын болатыны сөзсіз.
 
Әділ АҒЫТАЕВ,
«С.Ғылмани» мешітінің наиб имамы

  • 4332 рет оқылды
  • Қосылған: 08.09.15