ШАҢЫРАҚ

Ат, затын биік ұстар ғұмырында
Шаңырақ мәнді қазақ ұғымында.
Астында шаңырақтың дүниеге кеп,
Жар сүйіп, еркелетер қыз-ұлын да.
 
Осы атау тым кеңейтер ой-сананы,
Ұғым бар, нанымдар бар сан салалы.
Мәселен, әлдекімнің үй, отбасын
«Пәленнің шаңырағы» дей салды.
 
Ұғымды ойға салсаң азырақ бір,
Ұлтыңның ұлылығы жамырап тұр.
Қарасаң, Елтаңбаңа назар салып,
Оттай боп ортасында шаңырақ тұр.
 
Данагөй бабалардың жаны жақсы,
Адамдық нұрлы рухтың бәрін ашты.
Ұстаны дана емес деп кім айтады
Ең алғаш ойлап тапқан шаңырақты?!.
 
Жасауға шаңырақты кіріскенде,
Үйшілер сақ болады бір істерге:
Қайыңның қапталдысын, талдың сойын
Таңдайды, жоламайды шіріктерге.
 
Алғанын алдыменен жонып алар,
Өткізіп сонсоң шоттан, көзі қанар.
Бойына дым тартсын деп бір-екі апта,
Саз жерге киізге орап, көміп алар.
 
Келеді қозға салып, балқытар шақ,
Шеңбер ғып иер сонсоң қалыпқа сап.
Шеңберін шаңырақтың «тоғын» дейді,
Ал оны иеді үйші анықтап ап.
 
Жасалған бір ағаштан тоғын сирек,
Сындырып алса үйшінің, «қолы күймек».
Иілген екі ағашты біріктіріп,
Жасаған бір шеңберді – жеңілірек.
 
Ендігі үйшілердің бір жұмысы –
Көздерін шаңырақтың ою ісі.
Көзеумен күйдірілген бұл көздерге
Уықтың нық сұғынып тұрады ұшы.
 
Орнатып шаңыраққа шыбық шабақ,
Өзіне қойыпты үйші дұрыс талап.
Үш-үштен айқасатын күлдіреуіш
Түндікті дөңес етіп, тік ұстамақ.