ЖОҒАЛҒАН СӨМКЕ

Күрең күз. Күн желкем. Ымырт қоюланып, қараңғылық түскен. Секпіл бет сары ұл селк етті. Алда қараңдап әлдекім көрінді. Бұл көшенің балалары басқа жақтың ұлдарын жолықтырса, әлімжеттік жасап, себепсіз ұрып кетеді дегенді еститін. Сол керек өзіне! Жарық көшемен жүрмей, төтелетіп несі бар?

«Ал қамдал, батырым!..»

Қараңдаған сұлба тұра қалды.

– Балақай, түн ішінде қайда барасың? – деді жылы ұшырап.

– Тентек бала ма деп зәрем ұшқаны-ай!..

– Есімің кім?

– Жанәлі.

– Қай сыныпта оқисың?

– Үшіншіде...

– Жалғыз неге жүрсің?

– Сөмкемді іздеп...

– Қайдағы сөмке?

– Кәдімгі... күнде мектепке таситын...

– Кітап-дәптерлеріңді салып жүрген бе?

– Оны қайдан білесіз?

–  Өзің айтып тұр емессің бе?!. Сонымен...

– Сол... сөмкем жоғалып... Әлгінде, сабақ қарайын десем жоқ... Үй ішін олай ақтардым, былай ақтардым. Әкем қатал адам... Жерден шұқысаң да тап, құр қол оралсаң, таяқ жейсің деген соң іздеп шықтым...

– Енді қайда барасың?

– Бағана мектеп жанындағы стадионда футбол ойнағанбыз. Сол жерде ұмытып кеткен шығармын.

– Болжамың дұрыс... Ім-м... Қорқып келесің бе?

– Ия, ағай.

– Жүр, ертіп барайын.

– Рахмет! – деді бала.

Бейтаныс аға мен Жанәлі мектеп жаққа бет алды.

Бағана басындағы электр шамдары стадион алаңын жап-жарық етіп тұр. Екеуі әрі қарады, бері қарады. Көздеріне ештеңе түспеді. Біраздан соң бейтаныс аға:

– Айналайын, сен тағы ізде. Мен осы жерде тосам, – деді.

Жанәлі стадионды қайыра қарап шықты. Айтақыр алаңның шетіндегі шөптің арасын да қалдырмады. Сөмке түгіл, ныспы жоқ.

– Аға, – деді ол. Өзі де шаршаған сияқты. – Айып етпеңіз... Жолыңыздан калдырдым... Сөмкем табылар емес...

– Енді қандай амал бар?

– Білмеймін...

– Үйіңе қайт, қорықпайсың ба?

– Қорықпаймын...

– Қорықсаң, жеткізіп салайын.

– Өзім барам. Рахмет, аға!

Былай шыға бойын үрей биледі.

Шынымен, сөмкесі жоқ па? Кімге керек болды екен? Сөмкені қойшы, сатып әпереді ғой. Бәрінен бұрын күнделігі мен дәптерлері, мектеп кітапханасынан алған оқулық кітаптары да жоғалды-ау!

Зытып келе жатқан ұл қараң-құраң еткен затты көріп, тұра қалды. О, тоба! Әлгі біраз жүріп тоқтайды, аздан соң тағы жылжиды. Көзі бақырайып, жүрегі дүрсілдеп кетті. «Не болса да, жақындап көрейін...» Қараса, көк күшігі өзінің.

Жазғытұрым жапсарлас ауылдағы Ермек құрдасынан алты айлық күшікті сұрап әкелген көкесі:

– Жер үйде тұрған соң, ит ес болады! Кейін байлап қоярмыз. Әзірше бос жүре берсін, – деді.

Жанәлі күшікпен достасып кетті. Көк күшік қайдан келсе де, жүгіріп баланың алдынан шығады. Бала күшікті мойнынан құшақтайды. Сөйтіп екеуі біраз тұрады. Келе сала итаяғына ас құяды. Содан асыр-салып ұзақ ойнайды, екеуі. Қолындағы добын, басындағы қалпағын, болмаса ағаш-таяқты әдейі лақтырып, алып кел деп жұмсайды. Көк күшік баланың жұмсауына әбден үйренді. Елгезек. Тағы тапсырмаң бар ма дегендей көздері жәудіреп қарайтыны бар. Бәрін түсінеді, бәрін біледі.

– Күшігің үлкейді, көп еркелетпе, – деген көкесінің сөзін мойындағысы келмейді бала. Оған көк ит әлі кішкентай сияқты.

Мына қызықты қараңыз. Көк ит сүйрелеп жүрген баланың сөмкесі! Мұндай қуанбас. Есіне түсті. Бағана доп ойнап жүргенде итін көрген. Ойыннан соң достарымен сөйлесіп, сөмкесін алуды, Алыпсоқты ертуді ұмытып үйге кетіп отырған. Көк ит сөмкені көріп қалған ғой. Қараңғы түскенше баланы тосып, үйге қайтқан беті осы болды.

– Ақылдым менің! Көмекшім менің!

Жанәлі итін құшақтады. Ал иті құйрығын бұлғаңдатып, еркелей бастады.