КӨКТЕМ ХАБАРШЫСЫ

Шешесі Жарасбекті қыс бойы үйден шығармады. Сағат он екі-бірде мектептен келеді. Сосын кешке дейін үйде. «Қыршын, жаурап қаласың», «Аяғың су болады», «Үйден шықпа»... Шешесі шыр-пыр. Амал жоқ, қыс бойы үйде отыруға тура келді. Жалғыз уақыт өткізу оңай емес. Төрдегі теледидардан өшін алады. Нағыз қызық жеріне келгенде жарық сөніп қалады. Сондағы Жарасбектің көңіл-күйін көрсең... Үйге сыймайды. Ананы бір, мынаны бір ұстайды. Ана бөлмеден бір, мына бөлмеден бір шығады. Мысықты мияулатады. Не керек, білгенін істейді. Жарасбек сөйтіп жүр-ау деп, жарық та жана қоймайды.

Шешесі де әбден ығыр болады. Отырып алып, жарықшыны жерден алып, жерге салады.
Сөйтіп, ит әуремен қаһарлы қыс та өтті-ау. Көктем айы да туды. Бірақ күн әлі жылынар емес. Оқудан келген соң киініп сыртқа шықпақ болған. Шешесі ұрсып тастады.

– Не бар сыртта? Қар еріп жатыр. Айнала ми батпақ. Отыр! Үйді бүлдіресің, – деді.
Жарасбектің қайта шешінуіне тура келді. Үйде болса жарық жоқ. Теледидар істемейді. Ана бөлмеден мына бөлмеге жүріп көріп еді, шешесі тағы ұрысты.

Жарасбек үшін қыстан көктем жақсы. Көрші балалармен ойнап бір жасап қалады. Кеште үйге сүйретіліп кеп құлайды. Тамақ ішетін, теледидар көретін шама қайда?.
Шешесі ұрысқасын, терезенің алдына келіп отырды. Бұ жер – теледидарға бергісіз. Бәрі көрінеді. Әне, анау – Мараттың, одан бері – Таңатардың үйі. О да мұнымен бірге оқиды. Жылауық қыз...

Көше жиіркенішті. Лайсаң. Шатырдағы мұз сүңгілерден су тамшылайды. Тырс-тырс... Еріп жатыр.

Әне, сиыр саууға Ерекештің шешесі шықты. Қолында – шелек. Қораға қарай бара жатыр.
Әне, үйден Айсұлу шықты. Шықты да жан-жағына қарады. Тамшыға қолын тосты. Үйге қайта кіріп кетті.

Шанасын сүйретіп Таңатар шарбақтан шығып келеді. Жарасбек жымиды. Ой, мына Таңатар есінен ауысқан болар. Осы күні шана жүре ме? Көктем ғой қазір. Айтқанындай болды. Шанасын қар үстіне қойып, әрі-бері мықшыңдап көріп еді, шана міз бақпады. Шешесі ұрсып жатыр. Не дегенін аузының жыбырлағанынан-ақ аңдады. «Бар, үйге. Қазір шана жүре ме? Аяғыңды бүлдірдің, әне».

Жарасбек мәз болды. «Ә, бәлем, сол керек өзіңе...»

Терезеден мойын бұра берген. Шарбақ ішінен көгіс бірдеңе көзіне шалынды. Үңіле қараған. Көк... Көк шөп. Қар астынан қылтиып көрінеді. Сол-ақ екен, қуанышында шек болмады. Шешесінен сүйінші сұрағанша асықты.

– Апа, апа, қарашы! Көк... Көк шөп... Жер көктей бастапты.

Шешесі де қызыға терезеге үңілген.

– Қане?

– Әне... Қардың астында.

Сол-ақ екен, шешесі жымиып сала ерді.

– Жарықтық, – деді. – Көктем хабаршысы ғой бұл.

Жарық жаныпты. Әйтсе де Жарасбектің теледидар көруге зауқы соқпады. Екі көзі көктем хабаршысы – жалғыз түп көк шөпте. Ой, қандай жақсы?! Енді далаға шығып ойнайтын болды. Қыс бойы үйде қалғаны жетер.