ҚОЛДЫ БОЛҒАН КӨК ШЫБЫҚ

Еркін мен Жарас есік алдына алты шыбық отырғызды. Су алыс, шелектеп тасып құйды.
Арада он шақты күн өтті. Шыбық бүршік жарып келе жатты. Екеуі қайта-қайта барып көреді.

–   Мынау – менің ағашым, – деді Жарас.

 – Анау менікі...

Шыбықтарды әлдеқашан екеуі меншіктеп алған. Әкесі де балаларына дән риза.

– Екі жылдан кейін көлеңкесінде отырып шай ішесіңдер, – деп қояды.

Отбасын қуанышқа бөлеген соң шыбықтар бір түнде зым-зия болар деп кім ойлаған? Түбінен күрекпен қазып алып кетіпті. Сірә, есігінің алдына отырғызбақ болған ғой.

Еркін бірден кластасы Сейілғазыдан сезіктенді. Ақырындап жағалап келген. Көзіне оттай басылды. Өзінің шыбықтары. Қорасының ішінде тізіліп тұр. Қасында ит байлаулы. Сейілғазы көрінбейді.

– Адам емес екен! – деді Еркін күйіп кетіп.

Өткенде екеуінің төбелесіп қалғаны есіне түсті. Сейілғазы мұны «қалпақ» деді. Ашуы мұндай келмес. Жерге атып ұрған... Мұғалима апай келіп қалған. Әйтпесе...

– Отырғызған шыбықтарыңды жұлып тастаймын! – деген Сейілғазы ызаланып.
Айтқанын істепті. Бір жақсысы, жұлып тастамапты. Қорасының ішіне отырғызып қойыпты.
Бәрін әкесіне келіп айтқан.

–         Ерегісіп қайтесің? – деген әкесі. – Не көп, тоғайда шыбық көп. Әкел де, қайта отырғыз.
Сөйтіп, Жарас екеуі тоғайға тағы кеткен... Алтау емес, он екісін әкелді. Сейілғазыға істеген қыры. Оның терегінен екі есе көп. Іші күйсе, тұз жаласын.

Інісі екеуі тағы да он екі шыбықты күтіп-баптауға кірісті. Әрине, судың алыстығы қинап тұр. Көп-көрім жер. Шелектеп тасып құяды. Жұмыстары бұрынғыдан екі есе көбейді. Бірақ қайтсе де шыдау керек.

Он шақты күннен кейін шыбықтар көктей бастады.

– Тағы да біреу ұрлап кетсе қайтеміз? – деді інісі Жарас. Еркін ойланып қалды.

– Кезекпен күзетте түрамыз, – деді. – Бүгін мен тұрам. Ертең сен тұрасың. Екеуі осылай келіскен.

Еркін түні бойы ұйықтаған жоқ. Үйге бір кірді, бір шықты. Жұрттың бәрі ұйқыда. Жалғыз өзі ояу. Айды қызықтады. Жұлдыздарды қызықтады. Уақыт өтер емес. Әлдене тысыр етсе, жалт қарайды. Бір жағынан мұнысы да қызық. Әскерден оралған ағасы қызықты әңгімелер айтқан. Шекара күзетінде болыпты. Түні бойы көз ілмей шекараны күзетіпті. Ұйқысы келсе де, ұйықтамапты. Өйткені, жаман айтпай, жақсы жоқ, белгісіз жат пиғылды жау қастандық жасауы мүмкін. Әрине, Еркіннің қорғап отырғаны шекара емес, өзінің еңбегі, болашақ теректері... Сейілғазы сияқты жат пиғылды балалар қастандық жасауы мүмкін.
Түн тыныш өтті. Еркін парызынан құтылды. Ертеңіне інісі Жарас кезекшілікте тұрды.
Таңертең ерте сыртқа шыға берген. Дәліздің түкпірінен пыс-пыс еткен дыбыс естілді. Ұйқылы-ояу көзімен барлай қараған. Інісі – Жарас. Ескі құрақ көрпені төсеніп, киімдерімен қаннен-қаперсіз ұйқыны соғып жатыр. Әйтеуір, шыбықтар орнында екен. Інісіне қатты ренжіді.
Шай үстінде мұны әке-шешесіне айтып берген. Олар болса ұрсудың орнына ішек-сілелері қатып күліп жатыр.

– Сендерге бір ит алып бермесем, болмайды екен, – деді әкесі.
Әкесі айтқан сөзін сол күні-ақ орындады. Үлкен төбет әкелді Жарас пен Еркінге тез-ақ үйренісіп кетті. Оны шыбықтардың қасына ұзын етіп байлап қойды. Он екі шыбық – он екі ағаш. Әлі-ақ есік алды тоғайға айналады. Қандай жақсы?! Мұғалима апайдың тілімен айтса, «Ағаш – өмір көркі». Ол көмірқышқыл газын жұтады, оттегіні бөліп шығарады. Ал әкесінше айтса, «Шаршап келіп, көлеңкесінде шай ішкен қандай жақсы?!» Сергіп шыға келесің.