БАЙТІЛЕУ МОМЫН

Оқушыларды егіс басына таситын машина кетіп қалыпты. Ерсін, Баубек, Қайсар, Нәдір төртеуі енді ол жаққа қайықпен жетуді ұйғарды. Қайсардың атасының қайығы дарияның қалтарыс қойнауында үнемі байлаулы тұрады. Ескектердің қайда тығулы жатқаны да белгілі.
Олар жүгірген бойы құмдауыт жағалауға келді. Асықпаса болмайды. Себепсіз кешіккесін мұғалім жиналысқа салуы да мүмкін. Оның бер жағында төртеуі бір топ болып, қыздармен жарысып жүр. Уәделерінде тұрып озбаса, мүлде ұят. Әр нәрсені сылтауратып, Қанарбек сияқты қашып жұмыс істеп жүрген жалқаулар «берекесіз белсенділер» деп күледі ғой. Ал озса, тегін жолдамамен әсем қала Алматыға саяхаттап қайтатыңдардың санатына қосылады.
Жағадағы құрақтар желмен сыбдыр қағады. Қайық балапан толқынмен болар-болмас тербетіліп тұр. Оның үстінде ұзын сапты үш қармақ жатыр екен. Бірі жұтпа, қалған екеуі сазан мен жайын ұстауға жарайды. Мұны көрісімен Баубек пен Ерсін:
– Е, егіс басына жеткенше балық аулап барамыз, – деп бірі шегіртке ұстауға, екіншісі шымды қопарыстырып, жауынқұрт іздестіруге жүгіріп кетті.
Қайсар күн көзінде жатып әбден ақжем болған ескектерді әкеп орнықтырды да, әрлі-берлі есіп көрді.
– Алғашқы кезек екеуміздікі, бар күшіңді салып ес, – деп қойды Нәдірге.
Түнсіз терең су бетіне үңіліп, қиял құшағында отырған Нәдір оған жауап та қатқан жоқ. Әлден соң барып:
– Машина жол оралма ғой. Ал Сырдария ішкі сұғынып жатыр, демек, одан үш-төрт есе төте. Әрі біз өрге қарай емес, ағыспен жүземіз. Сондықтан олардан бұрын да жетуіміз мүмкін, – деді.
– Міне, қызық! Мынау нағыз математика ғой! Машина жолмен егіс басына дейін жиырма бес шақырым емес пе? Шофер сағатына қырық шақырым жылдамдықпен жүріп отырды да, отыз екі минутта жетті делік. Сонда осы жерден Сырдария бойымен жүріп отырғанда егіс басына дейінгі ара қашықтық қанша шақырым? Жауабын дұрыс айтсаң, журналға «бес» қоямын! – деді Қайсар қуақыланып.
Есеп шығаруға келгенде Нәдір шорқақ. Төрт амалды шемішкеше шағатын Қайсардың өзін сайқымазақ етіп отырғанын білсе де, жақ аша алмады. «Алдағы оқу жылында бәріңнен озбасам, бәлем!» – деп намысқа тырысып-ақ отыр.
– Балалар, қайда бармақсыңдар?
Желке тұстан тосын естілген дауысқа екеуі де жалт қарасты. Ауылда «Байтілеу момын» атанып кеткен күрішші жігіт екен. Қолындағы жүген, арқан ұшы жерде шұбатылып жатыр. Шынында қой аузынан шөп алмастың нақ өзі болатын.
– Бізді тергейтін кімсің? Егіс басына барамыз, – деді Қайсар қиқарлығына басып.
Оқыс дауыстан ол селк етіп, «атам келіп қалған шығар» деп зәресі кеткен болуы керек, ызалана өктем сөйледі мүлде. Қайықты ұрлап мінгенін көрсе, атасы беліндегі жалпақ қайыс белбеуін шешіп алып, жон арқасын тілер еді.
– Аты құрғыр шідерін үзіп кетіпті, мені де жеткізіп салыңдаршы, – деді Байтілеу момын бес жасар бала сияқты монтиып.
– Атың табылған соң бір күн бойы мінуге берсең, кел, қайыққа отыр, – деді Қайсар тағы да құрдасына зекіп тұрғандай. Нәдір досының үлкен кісіге бұлай дөрекі тіл қатқанына ұялып, жерге кіріп кете жаздап отыр.
Байтілеу момын қайықтың тұмсығына үн-түнсіз барып жайғасты. «Келісті» дегендей Қайсар досына жымыңдап көзін қысты, ал Нәдір оған қабағын түйді. Ожар қылықтары үшін Нәдірден талай таяқ жеген Қайсар күлкісін кілт тиып, қипақтап қалды да:
– Қап мыналарды-ай жолдан қалдырып!.. Е-еһ-ей, тездетіңдер, әйтпесе тастап кетеміз. Е-еһ-ей! – деп дауыстады жалма-жан.
Қайсардың тарғылданып шыққан даусын арғы беттегі жарқабақ жаңғырықтырып жіберді. Әлгі екеуі тапқан-таянғандарын уыстаған күйі, далбақтап жүгіріп, жетіп келді. Кешіккен сазайларың деп, бұлар ескекті соларға ұстатты да, өздері балық аулауға кірісті.
Қармақтың жібі қысқа болған соң ба, әйтеуір жуық арада балық қаба қоймады. Жарты жолдан ауғасын ескек есуге Нәдір мен Қайсар отырды.
– Біз енді сендердей су бетіне телміріп отыра бермеспіз, «Ақ балық, ақ балық, қармағыма қап, балық!» деп қайықты белшесінен балыққа толтырармыз. Қарап отырыңдар, кәне!
Ерсін сөзін аяқтағанша болған жоқ, қалтқы қара тастай суға шым батып бара жатты. Жанындағыларға «Көрдің бе!?» дегендей шірене тартып қалып еді, қармаққа сала құлаш борық ілініп шықты. Ерсіннен басқасы бұны көрісімен қыран-топан күлкіге қарық болды да қалды.
Қызарақтап, асып-сасып қалған Ерсін абайсызда екінші бір қармағын суға түсіріп алды. Қармақтың сабы толқыннан толқынға асып, алыстап, ағараңдап бара жатты.
– Ей, жаның бар ма, бадырайып қарап қалғаны несі, ей?! Жүзіп барып ұстамайсың ба? Ой, сужүрек, қорқып тұр, – деп, Қайсар сақ-сақ күліп алды да, жейдесін шеше бастады. Жолдастарының «Қайыққа қайта шығуың қиын болады, әуреленбей-ақ қой» дегенін тыңдар емес. Тік атылып қарғимын деп жатқанда аяғына шалынып құлап түскен Қайсар қайықтың ернеуінен сусып бара жатты. Оны ұстап қалмақшы боп жалма-жан ұмтылған Баубек пен Ерсіннің салмағымен қайық аударыла бастады.
Балалар суға қойып-қойып кетісті де, қаннен-қаперсіз отырған Байтілеу момын төңкерілген қайық астында қалып қойды. Қарманып жүріп әзер дегенде су бетіне сытылып шықты. «Құтқарыңдар!» деген жан-дәрмен дауыс құлағына шалынды осы сәт. Құрық тастам жерден суға қақалып-шашалып, қолдарын әлсіз ербеңдетіп батып бара жатқан Қайсарды байқап қалды. Тыраңдай жүзіп, оған ұмтылған балаларды көргенде:
– Ажалдарыңнан бір күн бұрын өлгілерің келмесе, жоламаңдар Қайсарға! Қайт кейін, қайт деймін, – деп Байтілеу құлаштай жүзіп алға ұмтылды.
Балалар оның өрт сөнгендей дүлейлі жүзін көріп, кейін серпілді. Үндемес, момын атанып жүрген Байтілеуді танып болар емес. Одан ожар, одан өжет ешкім жоқ сияқты қазір. Ерсін қылқ-қылқ етіп су жұтып, бір батып, бір шығып жүрген досына қайта ұмтылды.
– Қайт деймін, сайтан! Бір-біріңді құтқарам деп жүріп, бәрің де су түбіне кетесіңдер. Одан да анау төңкеріліп ағып бара жатқан қайықты үшеуің жан-жағынан жүзіп итеріп, бері жақындатыңдар. Баланы сонда құтқара аламыз, – деп Байтілеу момын Қайсарға қарай асығыс жүзе жөнелді.
Ерсін, Баубек, Нәдір оның айтқанын амалсыз істеді. Қаумалай жүзіп қайықты жақындатқан олар Байтілеу момынның Қайсардың кекілінен ұстаған күйі шалқалап жүзіп келе жатқанын көріп таңырқады. Ал Нәдір «Қайсардан өшін алып келе жатқан шығар бұл момын» деп ойлады.
Байтілеу момын су жұта жүріп, Қайсардың былқ-сылқ еткен денесін қайықтын үстіне әзер шығарып, шалқасынан жатқызды. Өзі оның қасына отырып алып, алақандарыменен ішін қайта-қайта басты. Қайсардың аузынан су лақ-лақ төгіле бастағанда оны етпетінен жатқызып, сығымдай ұстап белінен көтерді.   
– Ол енді жұтқан суының бәрін қайта құсады. Ісіміз оңғарылды. Сендер қайықтың ернеуінен бір қолдарыңмен ұстап алып, екінші қолдарыңмен суды есе отырып, жағаға жақындай беріңдер, – деді Байтілеу момын маңдай терін сылып тастап.
Балалар Байтілеу момынның тілін алса, қор болмайтындарын енді білгендей, суды шалпылдатып, қолдарымен есе бастады. Жағалау жақын қалған еді.