Құрметті оқырман!

Балаларға арналған «Тәтті алма» атты 2 томдық
көркем шығармалар жинағы үшін
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғы сөзі


Құрметті оқырман!

Жаңа заманның ұрпағы да жаңашыл келеді. Ал жас өркеннің зерделі де зерек, алғыр да арманшыл болып өсуіне біз тікелей жауаптымыз. Бұл ретте бүгінгі буынды кешегі мен келешек арасындағы дәнекер деп білген жөн.

Жас ұрпақтың танымы да, талғамы да бөлек. Алайда, қай кезеңде де өзгермейтін өмірлік қағидаттар болады. Сондай баға жетпес, киесі кетпес құндылықтар – бабаларымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан адамгершілік ұстанымдары, Мәңгілік ел болу жолындағы даналық дүниетанымы, болашаққа деген сенім қуаты. Сол асыл қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – әрқайсымыздың парызымыз. Осы орайда, тіліміз бен діліміздің қайнар көзі – балалар әдебиеті кешегі мен бүгінгінің тәлімі мен тағылымын, ақыл-ойы мен талғампаз танымын паш ететін туындылармен толығып отыруға тиіс.

Еркін елдің әдебиеті тарихты терең білуге, салт-дәстүрді сақтауға үндеп, халықтар арасындағы бірлік пен достықты дәріптеуі керек. Балаларға арналған шығармалар үлкенді сыйлау, кішіні демеу, ел мен жерге, Отанға қызмет ету, саналы да сергек ұрпақ өсіру сияқты асыл қасиеттерді насихаттап, балғындарды биік мұратқа жетелегені жөн. Қос томдық көркем шығармалар жинағы – осындай мәні мен маңызы жоғары дүние.

Жас ұрпақтың елін-жерін сүйетін ұлағатты ұл-қыз боп қалыптасуына бұл жинақтың әсері мол боларына сенімдімін.
Ендеше, жаңа кітап жас өркеннің жан азығына айналып, рухани игілігіне жарасын!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

  • 1450 рет оқылды
  • Қосылған: 22.06.15